Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2021

Елбасы жолы – өнеге

618 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасымыздың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақа­ласы халқымызға тың серпін, жаңа ұмтылыс берді. Шынымен де ата-бабаларымыз талай жылдар армандаған тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ.

Елбасы жолы – өнеге

Қазақтың ұлан-ғайыр даласы небір қиын-қыстау кезеңнің куәсі болды. Сол аласапыран замандарда тәуелсіз ел болсақ деген арман ғана аталарымызды алға жетеледі. Олардың қолы жетпеген асқақ арманға біз жеттік. Демек, ата-бабаларымыздың «ұрпағым құл болмасын» деген шынайы ниеті мен дұғасының қабыл болғаны.

Біздің міндетіміз – тәуелсіздіктің қадірін білу. Елбасы мақала­сындағы негізгі түйін де осыған саяды. Мұны Нұр­сұлтан Әбішұлының өсиеті десе де болады. Елбасы осы мақа­ласы арқылы Кеңес өкіметі құрамынан құтылып, тәуелсіз ел болуға құлшынған, жұлқынған күндерді бізге үлгі болсын деп көпшілік есіне салып отыр деп есептеймін. Елбасымызбен бірге сол бір тағдыршешті кезеңде ел үшін уайымдап, алға ұм­тыл­ған аталарымыз, ағаларымыз біз үшін үлгі тұтар тұлғалар. Олардың да ниеттері, еңбектері ескерусіз қалмақ емес.

Сабырсыздық, арандатушылық әрқашан жеміс бермейтінін тарихтан көріп, сабақ алуымыз керек. Өмірде кейде шындықты, әділетсіздікті айтып ушықтырғаннан үндемеген артық, кейін өзі де уақытымен шешілетінін көрсетті. Бұрынғылардың «Бір үндемесең бір рет өкінесің, бір рет айтсаң мың рет өкінесің» дегені еліміздің тұрақтылығын сақтау үшін керек-ақ болып тұр. Елбасымыз осы мәселені басқа елдердің қателіктерінен сабақ деп атады. 

Тәуелсіз болу бұл жалғандағы ақиқатты, жан дүниесі­нің байлығын ойлайтын адам үшін аса маңызды. Осы мәселені бодан ел кезімізде аңсап, мүмкіндік туғанда бүгіп қалмай айтқан қаншама қайран ұлтжандылар өтті. Бұл бостандықтың қаншалықты қымбат, көзіміздің қарашығындай сақтайтын қадірлі дүние екенін көрсетеді.

 

Азамат ДӘУЛЕТОВ,

Қалқаман орта мектебінің мұғалімі

 

Павлодар облысы,

Ақсу ауданы