Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2021

Шымкенттегі 10 елдімекенге сапалы ауыз су жетті

573 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасы аясында Шымкентте жүйелі жұмыстар атқарылуда, деп жазады Egemen.kz.

Шымкенттегі 10 елдімекенге сапалы ауыз су жетті

Атап айтқанда осы жылы 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оның үшеуі жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайтын магистралды су құбыры және 11 елдімекенде ішкі орам жүйелері.

Нәтижесінде 10 елдімекен сапалы ауыз сумен қамтылды. Тұрғындарға су беру жұмысы (абоненттеу) кезең-кезеңімен атқарылуда.

Жалпы қалада 81 елдімекеннің 69-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Тасымалдап ішетін 7 елдімекеннің барлығында ауыз су мәселесі шешілді. Олар: Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан және Ақтас-2 елдімекендері.

Оған қоса, кесте бойынша тұтынып келген Жаңаталап және Сәуле (276 орам) тұрғындары да мемлекеттік сапалы ауыз суға қол жеткізді. Қаланың жаңақұрылыс аумағында орналасқан Нұртас елдімекеніндегі ауыз су жүйесі құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Жыл соңына дейін  үшінші мегаполистің сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан - 98%-ға жетпек.

Құрылысы ағымдағы жылы басталған Құрсай елдімекені келер жылы сапалы ауыз сумен қамтылады.

Сайрам, Қайнарбұлақ елдімекендерінде ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстары 2022 жылы жүргізіледі.

2023 жылға дейін қала тұрғындарын 100% сапалы ауыз сумен қамту жоспарланған.