06 Наурыз, 2014

Заман жақсы-ау, ал жас қандай?..

259 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жақында дастарқан басында «Нұр Астана» мешітінің имамы Қайрат ініміз отырған елге уағыз айтты. Баршамыз ұйып тыңдадық. Тіпті, кейбір меймандар көңілдері босап, көздеріне жас та алды. Әңгіме арқауы – ата-ананы сыйлау, өмір берген осынау жандардың алдындағы өсіп келе жатқан ұрпақтың парызы мен қарызы жайында өрбіді. Дін өкілі Құран Кәрімнен мысалдар келтіре ойларын әр сәт сайын түйіндеп, жетелі жанның санасына жетердей көп жайларды сөз етті... Ақша мен байлық қана мұрат бола бастаған бүгінгі заманның ең бір көкейкесті мәселесі – Тургенев жазған әке мен бала, ана мен ұрпақ проблемасы екені даусыз. Оның ақиқаттығына қарттар үйіндегі көздері жәудіреп отырған қазақ қарияларын көргенде көз жеткізесің...Осыдан оншақты жыл бұрын елді дүр сілкінтіп, мұңайта қалған «Қара кемпір», «Қара шал» әндері, неге екені белгісіз, мүлдем айтылмайтын болды. Әсілі, бұл әндердің ата-ананың алдындағы қарыз бен парыз жайында ойлантатын, кейбір жаны қатыгез балаларға ескерту жасайтын құдіретті күші бар еді... Менің күйеу балам Нұрболым мен оның туған ағасы Нұрланның әкелері Тұрсынбай құдамыз 75-тен асып, сырқаттанып, төсек тартып жатқанда кереметтей күткені бар. Осы екі ұлының әкесін жас баладай әлпештеп, нәрестедей баққанын көріп, көзіме талай жас келген. Шіркін, бала болсаң, осы екі азаматтай бол дегенмін тебіреніп. Нұрлан мен Нұрболдың әкелерін қажымай-талмай, ешбір қабақ шытпай баға білген сол бір азаматтықтары мен жоғары адамгершіліктері тағы бір жайларды қаперіме оралтқан... Әйгілі ақын Қайрат Жұмағалиевтің анасын қалай пір тұтқанын, қалай баққанын білуші едім. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген жыр жолдары сол абзал шайырдікі еді-ау... Аға ұрпақтың арасында ата-анасын тәңіріндей сыйлаған мұндай мысалдар жетеді... Мәселе, бүгінгі жастар жайында. Баршасын кінәлау жөн болмас, десек те, қарттар үйінде осы заманда қаракөз қариялардың көбейіп кеткені солардың кінәсі демей көріңіз. Бүгінгі толқын неге қатыгез! Мүмкін мектепте, оқу орындарында ата-ананы сыйлау, құрметтеу жайында аз айтылатын болар. Жаңағы Қайрат имам секілді жиналған жерде әкені құрметтеу, ананы сыйлау жайында уағыздар көп баяндала бермейтін шығар. Жеткізіп айта алмай жүрген жай да бар болар. Теледидардан ата-анасына қол салған, тіпті, өмірлерін қиып жіберген тасжүректер жайында да айтылып, көрсетіліп қалады. Жамандықты жариялаудың екі жағы бар. Бірі аяныш, өкініш сезімдерін тудырса, екіншісі «мұндай да болады» дегенге саятын насихат іспетті. Кеңес дәуірінде қоғамдағы мұндай келеңсіздіктер жария түрде айтылмайтын. Мүмкін, санасыз жандарға теріс ұғымдар беретін осындай мысалдарды қалың елге айтудың қажеті болмас та. Таяуда, республикалық газеттердің бірі «жерден жеті қоян тапқандай», туған қызын бір жыл бойына зорлап келген қазақ жайында жазды. Ұлтымыздың рухын түсіретін, жанын жүдететін мұндай оқиғаны қалың елге айтпаса да болар еді... Қазақтың қанында жоқ надандықты, надандық емес-ау, айуандықты несіне жаңалық етті екен, ол басылым... Ұрпақтың аза бастағанын, мейірім мен адамшылықтың тоза бастағанын хабарлағысы келді ме екен... Ақылым – алтау, ойым – жетеу болды... Парламенттегі ұлттың ертеңін ойлайтын Алдан Смайыл секілді депутаттар, елі­міз­ге белгілі журналис­тер өсіп келе жатқан ұрпаққа Интер­нет­тің, теледидардың жас тол­қынның санасын улар теріс ық­пал­дарын айтып, зарлағалы қа­шан. Қатыгездік, қара жүректік, на­дандық пен айуандық секілді адам бойынан орын ала бастаған кеселдердің түп-тамырлары осы­ларда да жатқаны ақиқат. Со­сынғы бір жай, жастардың кі­тап, газет оқымайтындары да себеп секілді. Бүгінгі қазақ кино­ларының «Келін» секілді ұлты­мызға жала жауып, теріс жағынан көрсететін туындылары да бұған «өз үлесін қосатын» тәрізді. Ата-анасын сыйламайтын, өзінің Конституцияда бекітілген осы реттегі борыштарын орындамайтын ұл-қыздарға билік пен заң тарапынан жаза болуы қажет. Өйтпеген жағдайда, қоғам азады, тіршілік тозады. Бүгінгі жас та ертең қартаяды. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді». Құран Кәрім ата-анасын сыйламағандар мен құрметтей алмағандарға кешірім болмасын ескертеді. Осы орайда, мені қазақ секілді перизат ұлттың қазіргі жас толқын перзенттерінің ата-ананың, үлкеннің алдындағы борыштарын қасиеттей алмауы ойлантады, жанымды жүдетеді. Мүмкін, Парламентімізге ата-ананы сыйлау, бағу жайында заң қабылдау керек шығар. Сіз не ойлайсыз, құрметті оқырман! Смағұл РАХЫМБЕК, жазушы. АСТАНА.