Үкімет • 14 Желтоқсан, 2021

Мәулен Әшімбаев Сенаторлар кеңесінің отырысын өткізді

283 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Сенаторлар кеңесінің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев Сенаторлар кеңесінің отырысын өткізді

Іс-шараға Кеңес мүшелері, оның ішінде Палатаның әр кезеңдегі Төрағасы қызметін атқарған – Өмірбек Байгелді, Оралбай Әбдікәрімов, көрнекті мемлекет қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Зинаида Федотова, «Халық Қаһарманы» Мұхтар Алтынбаев және басқалар қатысты.

Отырыстың ашылуында Мәулен Әшімбаев Кеңес мүшелеріне ел Тәуелсіздігін нығайтуға және қазақстандық парламентаризмді дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Палата Төрағасы қазақстандық жаңа мемлекеттілікті қалыптастырудағы Елбасының тарихи рөліне тоқталып, кәсіби Парламент еліміздің Тұңғыш Президентінің бастамаларына әрдайым қолдау көрсеткенін қоса айтты.

«Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан 30 жылда ордалы елге айналды. Мемлекеттік институттарды қалыптастырып, олардың үздіксіз әрі құзыретті жұмысын қамтамасыз еттік. Осы ретте қос палаталы кәсіби Парламенттің орны ерекше болғанын айта кеткен жөн. Заң шығарушы орган ел дамуына негіз болатын заңнамалық база жасақтай алды», деді Мәулен Әшімбаев өз сөзінде.

Мәулен Әшімбаев Қазақстанда биліктің сабақтастығы сақтала отырып, зор жетістіктерді арттыруға мүмкіндік алғанын атап өтті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша барлық саладағы жүйелі өзгерістер мысал бола алады.

«Маңызды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар жүзеге асуда. Елдің саяси жүйесі жаңғыртылуда, саяси партиялар даму үстінде. Партияларды тіркеу және бейбіт жиналыстарды өткізу рәсімдері жеңілдетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде мемлекеттік басқару жүйесі дәйекті түрде реформаланып келеді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту және жергілікті деңгейдегі әкімдерді сайлауға маңызды қадамдар жасалды», деп атап өтті Палата Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев Кеңес мүшелеріне Мемлекет басшысының жаңғырту жөніндегі бағдарын заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталған Сенаттың ағымдағы жұмысы туралы айтып берді. Ол сондай-ақ Палатаның қосымша басымдықтары – өңірлерді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды ілгерілету мәселелеріне тоқталды.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде сенаторлар заң шығару бастамасы құқығын белсенді пайдаланатынын және бұл мәселеде тәжірибелі экс-сенаторларды қолдау өте маңызды екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда біз Сенат депутаттары дайындаған 18 заң жобасы бойынша жұмыс жүргізудеміз. Оның ішінде заңнамаға жайылымдық жерлерді пайдалану және органикалық өнімдер бойынша түзету енгізу туралы заң жобалары бар. Сенаторлар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған заң жобасын, ғылым және басқа да бағыттар бойынша маңызды заңдарға түзетулер әзірлеу үстінде. Біз осы заң жобаларын дайындау және талқылау аясында сындарлы ұсыныстар мен идеялар үшін әрқашан ашықпыз. Сенаторлар кеңесімен белсенді бірлескен жұмысқа да дайынбыз», деп қосты Палата Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев бұрынғы сенаторларды қос палаталы Парламенттің құрылуының 25 жылдығымен құттықтады.

Кездесу барысында Кеңес мүшелері Сенат жанындағы Сенаторлар кеңесінің жұмысын ұйымдастыру туралы ұсыныстары мен тілектерін білдірді. Мәулен Әшімбаев еліміз Президенті атынан мемлекеттіліктің қалыптасуына, Тәуелсіздіктің нығаюына және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Сенаторлар кеңесінің мүшелерін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен, сондай-ақ Сенат Төрағасының Алғыс хатымен марапаттады.