Әдебиет • 14 Желтоқсан, 2021

Елбасы кітапханасында «Низами Гәнжауи» арт-альбомы таныстырылды

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Гәнжауи лақап атымен танылған әзербайжан халқының ұлы ақын-философы Ілияс ибн Жүсіп Низамидің 880 жылдығына арналған «Низами Гәнжауи» арт-альбомының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елбасы кітапханасында «Низами Гәнжауи» арт-альбомы таныстырылды

Тұсауы кесілген арт-альбомның құрамына Низами шығармаларының негізінде жарық көрген танымал суретшілердің 100-ден астам жұмысы енген.

Іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ашты.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор» деп атап көрсеткен болатын. Елбасы кітапханасы ТҮРКСОЙ ұйымының түркі әлемінің ұлы ойшылы Низами Гянджавидің көркем альбомын таныстыру жөніндегі бастамасын қолдады. Бұл еңбектің түркі халықтарының ғана емес, әлем өркениетінің тарихына, ғылымы мен мәдени мұрасына елеулі үлес қосатынына сенімдімін», деді ол өз сөзінде.

Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ағалар Атамоғланов Низами Гәнжауи мұраларының құндылығына тоқтала кетті.

«Сабыр түбін сары алтын санаған Низами Гәнжауи өмір сынағына тап болғандарға тағылым болатынын білген. Төзімділік – шатасқан түйінді шешетін қасиет... Еңбек еткенді қара жер де құр қалдырмайтынын жеткізуге тырысқан Низамидің қазақ тарихы мен мәдениетімен байланысы тығыз. Ұлы ойшылдың шығармашылығы қазақ әдебиетінде жыл сайын көбейіп келетіні бізді қуантады», деді ол.

2

Айта кетсек, «Низами Гәнжауи» арт-альбомын құру идеясының авторы – ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.

«Альбомға енген әр суреттің өзіндік тарихы бар. Басылымның оқырманы мүмкіндігінше көп болсын деп, альбомды ағылшын тілінде жарыққа шығардық. Мұндай маңызды кітаптарды біз сериямен басуды ұйғардық. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлы, Олжас Сүлейменов, Шыңғыс Айтматов сынды ұлы тұлғаларға арналған еңбектер бар. Бүгінде Әлішер Науаи, Мақтымқұлы Дәулетмәмедұлына арналған альбомдар әзірлену үстінде. ТҮРКСОЙ түркі әлеміндегі көрнекті тұлғалардың мұрасын жаңғыртуды көздейді», деді Дүйсен Қасейінов.

Ісшараға ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломаттар мен ғалымдар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

2