Тәуелсіздік • 14 Желтоқсан, 2021

Желтоқсан оқиғасы: Құнды құжаттар жаңа жинаққа топтастырылды

650 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жүрегі жұртым деп соққан талай марғасқаның жан әлеміне мұз бүркіген Желтоқсан оқиғасына да биыл 35 жыл толды. Осы аралықта тәу етер азаттықтың тамыршысы болған оқиға жайлы сан түрлі әңгімелер жүз құбылған деректермен түрлі жинақтардың беттерін толтырып жатты. Енді міне, тәуелсіздіктің 30 жылдық торқалы тойы аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғалидің бастамасымен архив құжаттарына негізделген жаңа жинақ оқырманға жол тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Желтоқсан оқиғасы: Құнды құжаттар жаңа жинаққа топтастырылды

Жаңа кітаптың таныстырылымына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

«Айналайын азаттыққа қол жеткен шақта біздің буын жігіт жасына келген болатын. Ал Желтоқсан жаңғырығы естілген шақта бар болғаны бозбала едік. Намысы алмас қылыштың жүзіндей өткір азаматтардың қайсарлығы біздің жігерімізді жаныды. Олардың мінезі, қайсарлығы қай кезде де бізге үлгі. Азаттық жолында құрбан болған азаматтарға деген тағзым мен құрмет толастамауы тиіс.

1356549

Тәуелсіздік жолында жанын қиюға әзір болған азаматтарға біз бағасын лайықты бере алмай отырмыз. Тәуелсіздік дәуірінде ең бірінші құрмет сол азаматтарға көрсетілсе дейміз. Терең зерделеуді қажет ететін бұл тақырыптың әзірге түбіне жетпеді. Мамандар зерттеп талайлы тағдыр иелерінің ерліктерін дәлелдей түссе деген тілек көкейде атой салып тұр», дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Архив құжаттары негізінде құралған, жылнамалық тарихтың көзіндей болған жинақтың жарық көруіне «Алтын қыран» қоғамдық қоры демеушілік көрсеткен. 1000 данамен шыққан кітап ел тарапынан қызығушылық тудырып жатса, тиражы арта түспек.

Кітаптың таныстырылымы барысында жиналған мәртебелі меймандар құнды кітаптың тарихты танытуда зор маңызға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ олар Желтоқсан оқиғасына уақытында Алматыдан өзге қалаларды қоса есептегенде 100 мыңға жетеқабыл адам үн қатқанын, солардың басым көпшілігінің ерлігі ұмыт қалғанын тілдеріне тиек етті. Мерейлі дата кезінде Қайрат Рысқұлбековтен өзге Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджановалардың да есімі ерекше аталуы керектігін еске салды.

Іс-шара барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Бақытбек Смағұл бастаған өзге де мәртебелі меймандар ізгі тілектерін жаудырды.

«Аллажар фильмі осыдан жиырма жыл бұрын шыққанда бірінші болып барып көрген едік. Кейін ол киноның үзіліп-қиылып көрсетілгенін байқадық. Мына жинақтағы QR-код арқылы көруге мүмкіндік туатыны қуантып отыр», деді Жанарбек Әшімжан өз сөзінде.

Күллі маңызды құжаттар топтастырылған жаңа жинақ – оқырман олжасы.