Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру және экономиканы жаңаша құру жағдайында ел басқару ісіне қабілетті мемлекеттік аппаратқа өте мұқтаж болды. Осы ретте Мемлекет басшысының отандық менеджерлер элитасын қалыптастыру және жоғары кәсіби кадрларды даярлау идеясы елдің тәуелсіздігін нығайту бағытында стратегиялық сипат алды.
Еліміздің 30 жылдық даму кезеңінің маңызды жетістіктерінің бірі – іргесі 1994 жылы қаланған ҰЖМБМ қалыптастыру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысына (1994 жылғы 29 тамыздағы №1845) сәйкес мемлекеттік қызметкерлерді даярлау жүйесінің құрылуы. Саяси кадрларды даярлаудың бірінші ұлттық моделі болған менеджерлердің жаңа ортасын қалыптастыру үшін ҰЖМБМ бірегей жобасының қажеттілігі және іске қосылуы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу таңында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаевтың инновациялық ойлауы мен көрегенділігінің жарқын айғағы болды.
ҰЖМБМ оқу ордасы болған уақытта 1994-1998 жылдары кезеңінде мемлекеттік басқару ісінің жаңа формациядағы 83 менеджері даярланды. Бірінші тыңдаушыларды қабылдау 1995 жылы жүзеге асырылды. Мемлекеттік және жергілікті басқару саласында отандық мамандардың бірінші түлектерін оқытып шығарғанына биыл 25 жыл болыпты. Бүгінгі таңда мектептің түлектері биліктің орталық және жергілікті мемлекеттік органдарында, ұлттық компанияларда, халықаралық орталықтарда және кәсіпкерлік құрылымдарда еңбек етіп жатыр.
Мектептің бірінші директоры болып 1994 жылы Н.Дәненов тағайындалды. Бастапқы кезеңде мектеп басшылығының алдына қысқа мерзімде кадр саясатын қалыптастыру және материалдық-техникалық базасын құру бойынша мәселелер қойылды. Мектепті бұрынғы Алматы жоғарғы партия мектебінің, бүгінгі Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының ғимаратына орналастырды. Бірте-бірте оқытушылық қызмет атқаратын ұжымы қалыптаса бастады, мектептің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер әзірленді.
Оқу-әдістемелік базасын құру, алғашқы тыңдаушыларды қабылдауға әзірлік жасау алдын ала дайындық жұмыстарын қажет етті. Бұл көлемді жұмыстарды Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы сәуірдегі өкімі бойынша директор болып тағайындалған Хайыржан Тақуов жалғастырды.
Мектептің құрылымы мен қызметі халықаралық тәжірибені ескере отырып қалыптастырылды. ҰЖМБМ құру үшін үлгі ретінде қазіргі уақытта нәтижелі қызметін атқарып жатқан және Франция үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де басқарушы элитаны даярлайтын Шарль де Голле атындағы Француз Ұлттық әкімшілік мектебінің моделі таңдап алынды. Тиесілі ұйымдастыру-әдістемелік және кадрлық көмек көрсету үшін Франциядан кеңесшілер шақырылды. 1995 жылдан 1997 жылдарға дейінгі кезеңде Кристиан Виссанти атқарған мектептің басқарушы директоры лауазымы енгізілді.
ҰЖМБМ оқу орны болған кезеңде, «Абай», «Жамбыл» және «Әуезов» курстарына 3 жиналымға ұйымдастырылған тыңдаушыларды қабылдау жүзеге асырылды. Мектептің ерекше мәртебесі ең алдымен Президент Әкімшілігі тарапынан тікелей үйлестірілуі, ерекшеленуі және оқу бағдарламаларының жаңашыл болуы, оқытушыларды да, тыңдаушыларды да таңдаған кезде алдыңғы қатарлы халықаралық әдістемелердің қолданылуы арқылы шартталған болды. Тыңдаушылар контингенті мемлекеттік органдардың ұсынымдары және қабылдау емтихандарын тапсыру нәтижелері ескеріле отырып конкурстық негізде таңдап алынды. ҰЖМБМ түлектерінің – «Абай» мектеп бітірушілерінің бірінші дипломдары С.Қапаровқа, Ж.Әбділдинаға, Қ.Келімбетовке, А.Перуашевқа, Ф.Қуанғановқа, Ә.Көмекбаевқа, М.Мұсатаевқа, А.Наурызбаевқа, Б.Нұрмұхамедовке, А.Салғаринге, Б.Баспақовқа, Б.Исаевқа, Е.Сәрсекеевке, И.Стенниковаға және басқаларға тапсырылды.
Екінші «Жамбыл» мектеп бітіруші түлектері болып 1997 жылы Т.Батпенов, А.Асатова, А.Мұхамедиұлы, Б.Дембаев, Д.Қалетаев, Қ.Әйтекенов, Б.Қанешев, М.Мұханов, Б.Есекина, М.Әбсаттаров, М.Құсайынов, М.Махмұтова, О.Нұрбаев, Б.Аманбаев, Е.Өмірбаев, Г.Баенова, Қ.Жүсіпов, А.Туқаев, М.Шлымов, Н.Галихин, Т.Шатохина және басқалар оқу бітірді.
Үшінші «Әуезов» мектеп бітіруші түлектері болып 1998 жылы К.Ахметова, Ә.Исекешев, М.Қажыкен, Ш.Қазыбаева, Ә.Жұмаев, Т.Ысқақов, Г.Исакова, Е.Құнанбаев, Қ.Сүгір және басқалар оқу бітірді.
1997 жылы «Қазақстан – 2030» ұзақмерзімді стратегиясының негізгі бағыттарының бірі кәсіби Үкімет қалыптастыру болды. Мемлекеттік қызметті реформалау мақсатында біліктілікті арттыруды да, қайта даярлауды да қосып ескеретін мемлекеттік қызметшілерді оқытудың біртұтас жүйесін құру бойынша мәселе қойылды. Осыған байланысты Президенттің 1998 жылғы 18 қыркүйектегі №4075 Жарлығымен Президент жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі Үкімет жанындағы Мемлекеттік қызметкерлердің қайта даярлау және біліктілікті арттыру институтымен біріктіру жолымен Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясына түрлендірілді. Қазір бұл оқу орны Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы деп аталады.
Осылайша ҰЖМБМ оқу ордасы тәуелсіз Қазақстанның тарихына менеджерлік элитаны даярлаудың бірінші мектебі болып енді және мемлекеттік басқару жүйесі үшін кадрлар даярлау ісінде ұлттық жүйенің негізін салды. Қазіргі уақытта ҰЖМБМ-нің көптеген түлегі биліктің орталық және жергілікті органдарының, ұлттық компаниялардың, ғылым саласы және білім беру мекемелерінің, бизнес-құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың басқарушылары мен жауапты қызметкерлері болып жұмыс істейді.
Бүгін осы мектептің алғашқы түлектерінің мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жатқанына да ширек ғасыр өтіпті. Бүгінде олардың ресми түрде тіркелген «Президент жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін бітірушілер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі бар. Қоғамдық негізде жұмыс атқаратын бұл ассоциацияның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы белгілеп берген басым бағыттарды жүзеге асыруда өз ісіне берілген және халық игілігіне қорған болуға қабілетті мемлекеттік қызметшілердің тиімді және заманауи өкілдерінің өсіп жетілуіне ықпал жасау; мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеруге қатысты ұсыныстар беру; мемлекеттік қызмет үдерістерінде кәсіби білімнің және ғылыми зерттеулердің беделін күшейту.
Бұл қоғамдық бірлестік осы уақытқа дейін ҰЖМБМ тарихының мерейлі кезеңдерінде Мемлекеттік басқару академиясымен, Nur Otan партиясымен, Франция елшілігімен, Мемлекеттік қызметтің өңірлік хабымен, елорда әкімдігімен бірлесіп, сондай-ақ басқа да мемлекеттік қызметкерлердің және Академия тыңдаушыларының қатысуымен кеңейтілген халықаралық және республикалық деңгейдегі форумдар мен конференцияларды, басқа да кездесулерді жиі өткізіп тұрады. Онда талқыланған тақырыптар мен мәселелердің қорытындылары бойынша әр саладағы мемлекеттік органдарға өздерінің ұсыныстарын жіберіп, даму-жетілдіру жөніндегі ұстанымдарымен, тәжірибелерімен, ой-пікірлерімен бөлісуді жүзеге асырады. Бұдан басқа мектеп тыңдаушыларының өзара бірлесіп мәдени, спорттық, отбасылық шараларда бейресми кездесулер өткізулері де олардың бір білім ұясынан түлеп ұшып ынтымағы жарасқан достық қарым-қатынастарының көрінісі деп айтуға болады.
Мектеп директоры Х.Тақуов тыңдаушылардың әрқайсысына бірегей тұлға, ел басқарудың болашақ білікті маманы ретінде қарайтын. Оқу бағдарламалары бойынша тыңдаушылардың кәсіби талғамына қарай, төл мамандығы мен төрде отырып жұмыс атқаратын саласының ерекшеліктеріне қарай және болашақта еңбек ететін ықтимал жұмыс орынына қарай олармен жеке білім беру жоспарын құруға ұмтылатын. Тыңдаушылардың білім меңгеру деңгейін бағалайтын жобалық зерттеулері мен дипломдық жұмыстарының тақырыбы мен мазмұнын әркімнің еңбек етіп жүрген өз саласындағы проблемаларды шешу жолдарына бағыттайтын. Осылайша мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметімен біте қайнасқан мектептің оқу бағдарламалары өз жемісін берді. Әсіресе, мектеп түлектері «Қазақстан – 2030» Стратегиясының жобасын дайындап, қолданысқа енгізуде де, одан кейін оның негізгі бағыттары мен басымдықтарын жүзеге асыруда да үлкен белсенділік пен біліктілік танытты.
Мектеп қабырғасында білім берген ұстаздарымыз Халифа Алтай, Нағашыбай Шәйкенов, Оралбай Әбдікәрімов, Марат Тәжин, Виталий Шопин, Игорь Рогов, Жолымбет Баишев, Мирболат Жақыпов, Болат Жәмішев, Жақсыбек Құлекеев, Алтай Тілеубердин, Нүрилә Шаханова, Әмірет Қонысбаев және басқа да шетелден арнайы шақырылған оқытушы мамандар бұл мектепті бітірушілердің өзін тұтас жаңа элита деп қарайтын.
Сонымен қатар мектептің оқу процестері шеңберінде Үкімет отырысының, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың алқалы отырыстарының модельдерін жобалайтын (қайталайтын), олардың жұмыстарына қатысушы лауазымды адамдардың рөлдері алдын ала өзара үлестірілген баяндамашылары мен сөз сөйлеушілерін іскерлік ойын түрінде оқушылардың өздері сомдайтын, қоғам мен мемлекеттік басқарудың әр алуан проблемалы тақырыптарына арналған халықаралық немесе республикалық деңгейдегі кішігірім форумдар мен конференциялар өткізілетін. Тақырыптар мен проблемаларды талқылаудың нәтижесінде тұжырымдар мен қорытындылар жасалып, өткізілетін іс-шараның немесе алқалы орган кеңесінің атынан ұсыныстардың, ұсынымдардың, қарарлардың жобалары дайындалатын.
Биыл да қараша айында ҰЖМБМ түлектерінің ассоциациясы Мемлекеттік басқару академиясымен және Мемлекеттік қызмет саласының Астана хабымен бірлесіп Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметін кәсібилендіру: саясат, практика және сын-қатерлер» халықаралық конференциясын өткізді. Тағы да тың идеялар айтылып, ұсыныстар қабылданды.
Тәуелсіз еліміздің тұғыры бүгінде нығайды, енді орнықты дамудың ізімен еңсесі биік елдердің қатарына қосылуға қауқарлы екенімізді дәлелдейтін кезең өтіп жатыр. Бұл жауапты кезеңде де елге қызмет етіп жүрген ҰЖМБМ тәмамдаған кәсіби мамандардың иығына түсетін салмақ еселене түсетіні анық.
Мүталап ӘБСАТТАРОВ,
ҰЖМБМ «Жамбыл» жылының түлегі, Президент Әкімшілігінің Орындалуды бақылау секторының меңгерушісі