Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2021

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев: Тәртіпті ел табысты болады

524 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесінде еліміздің ішкі тәртібі нығайып, тұрақтылық пен түсіністік салтанат құруына ішкі істер органдары да аз еңбек сіңірген жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс» деген сөзі халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктейді. Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаевпен сұхбаттасу барысында біз ішкі істер органдарының өткені мен бүгіні туралы әңгіме өрбіткен едік.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев: Тәртіпті ел табысты болады

– Ерлан Заманбекұлы, бабалар аңса­­ған азаттықтың қадірін түсініп, елге қалт­қысыз қызмет еткен буын­ның өкілі ретін­де кешегі мен бүгін­гінің айыр­ма­шы­л­ығын салыстыра қара­ғанда, ең алды­­мен қандай жетістігімізді сөз етер едіңіз?

– Иә, тәуелсіздік жылдары еліміздің ішкі істер органдарының жүйесі де айтар­лық­тай құрылымдық өзгерістерге ұшыра­ды. Бірден айту керек, бұл өзгерістер Ел­­ба­­сы­­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­та­ма­­сы­­мен қолға алынған еді. Ең алдымен, 90-жыл­дардың аяғында ІІМ-нің өрт қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз ету, қылмыстық-құқық­­тық статистиканы қалыптастыру, кри­­ми­­на­листикалық сараптамаларды жүр­гізу, эко­но­микалық қылмыстарға қар­сы күрес, қылмыстық-атқару жүйесі, ха­лық­ты құ­жат­тандыру және тіркеу сияқ­ты мін­деттері бас­қа мемлекеттік ор­ган­дар­дың қара­ма­ғы­на берілді. Бұл сол кез­дегі ең дұрыс ше­шім болды. Өйткені тә­уел­сіз­дікке енді қол жеткізген жас мем­ле­кетте қоғамдық тәр­тіп­ті күшейту, қыл­мыс­пен, ұйымдасқан транс­ше­каралық қыл­мыс­пен күрес басты орынға шықты. Қанатын кеңге жайып үл­гер­ген қылмыс әлемінің түбіріне балта шабу оңайға соқпады. Полицияның ең бас­ты міндеті – ел ішіндегі тәртіпті ны­ғайту бо­лып айқындалды. Біз осы мін­детті абырой­мен орындадық. Елдегі беті­мен кеткен қыл­мыс жүгенделгеннен кейін, қоғамдық тәр­тіп нығайып, бейбіт өмірдің берекесі кіре бастады. Халық кәсіпкерлікпен, сауда-сат­тық­пен, басқа да шаруашылық түр­лері­мен емін-еркін айналысты. Даңқты батыры­мыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіп­сіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл бол­май­ды» деген сөзі бар емес пе. Біз ішкі тәр­тіп­ті нығайту арқылы ел болдық, тәртіп бізге тұрақ­тылықты сыйлады. Ал тұрақ­ты­лық табысымыз бен берекемізді еселеді.

Әрине, бастапқыдағы бар өзгеріс осы­мен шектеліп қалған жоқ. Ішкі істер ор­­ган­­­дары бұдан соң көлік құралдарын мем­­­ле­­кет­тік техникалық байқаудан өт­кізу және оны бақылау, күзет қызметі (аса маңызды стра­­тегиялық объекті­лер­ді кү­­зетуді қос­па­­ған­да) сияқты өзіне тән емес функ­ция­­лар­дан босатыл­ды. Соны­мен бірге ден­сау­лық сақтау орган­дары­ның қара­мағына меди­ци­­налық айықтыр­ғыштар, ал білім беру жүйесіне – кә­мелетке тол­мағандарды уақытша оқ­шаулау, бейім­деу және оңалту ор­та­лық­тары берілді. Бұл өзге­рістер де уақыты­мен әрі дер кезінде жасалғандықтан, өз жемісін көрсетті.

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында ерекше көбейіп кеткен неше түрлі қыл­­мыстар біртіндеп ауыздықталғаннан ке­йін, келесі кезекте заңнамалық тұрғыдан же­тіл­­діру жұмыстары қолға алынды. Қыл­мыс­тық процесті оңайлатуды, тергеуге де­йін­гі тексеруді қысқартуды көздейтін қыл­мыс­тық сот ісін жүргізудің жаңа моделі ен­гізілді. Егер бұрын қылмыстар өті­ніш бо­йын­ша тергеуге дейінгі тексеру­ден кейін ғана және қылмыстық іс қозғал­ған­нан ке­йін ғана ресми тіркелсе, қазір арыз­дар мен хабарламалар СДТБТ-ға қыл­мыс ретінде тіркеледі, ал тіркеудің өзі сотқ­а дейінгі тергеудің басталуы болып табылады.

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық және қылмыстық іс жүр­гізу кодекстері мен Әкімшілік құқық бұзу­шы­л­ық туралы кодекс күшіне енді. Бұл заң­дарды әзірлеуге ІІМ белсенді қатысты. Жалпы, ІІМ жаңа құқықтық кеңістікті қалыптастыру бойынша ауқымды заң жобасын жасау жұмыстарының бел ортасында болғанын атап өткен жөн. Осы жылдар ішінде құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмысқа қарсы күрес, көші-қон, Ұлттық ұлан, азаматтық қорғау және т.б. мәселелері бойынша 20-дан астам заң әзірленген екен. Біз құқық, заңнама сала­сында әлемдегі өркениетті елдермен те­ңесе бастадық. Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дық белесіне көз салғанда, кешегі жа­байы қылмыспен кү­рестен бүгінгі озық құ­қық­тық сана дең­гейі аралығындағы жетіс­тік­теріміз ойға ора­лады. Біздің басымыздан өткен күрделі кезеңдер мықты мамандар, табанды да, ерік-жігері мол қыз­меткерлер даярлауға мүм­кіндік берді. Осы жылдар ішінде қазақ­стандық полицияның өзіндік бірегей мек­тебі қалыптасты деп мақтанышпен айта аламыз. Жалпы, заңнамалық жұмыстар туралы айтқанда, «ҚР Ішкі істер органдары туралы» Заңның негізін қалаған генерал-полковник Қ. Сүлейменов, милиция генерал-майоры М. Қалматаев, Б. Мұхаметжанов, В. Шумовты атап өтпеуге болмайды. Осындай тұлғалардың зор жауапкершілігі, табандылығы мен төзімділігі, биік шығармашылық өресі елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің нығаюына жол салды.

– Ішкі істер саласын соңғы технологиялармен қамтамасыз етуге қалай көңіл бөлінді? Бұл бағытта біраз қиындық туындаған шығар?

– Жаңа технологияларсыз қай сала да алға баспайтыны белгілі. Сондықтан тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарынан бұ­ған жете көңіл бөлінді. Заман талабына сай бейнебақылау жүйесін қолдану кең өріс алды. Әсіресе, қоғамдық тәртіпті сақ­тау және қоғамдық қауіпсіздікті қамта­­ма­сыз ету саласында бейнебақылау жүйесі бел­­сенді түрде енгізілді. Бұл бағыт­та­ғы жұ­мыс­тар әлі де жалғасып келеді. Бей­неба­қылау жүйесін енгізу алғаш­қы уа­қыт­­­тан жергілікті атқарушы органдар­дың қол­­­дауы­мен жүзеге асырыла бас­тады. Қала көшелерінде тәулік бойы қызмет атқаратын полицияның кешен­ді күштерін басқару үшін барлық облыс ор­та­лықтарында жедел басқару орталық­тары (ЖБО) құрылды. ІІМ криминогендік жағдайы қиын бірнеше моноқалада және 8 шағын қалада ЖБО салу мәселелерін пысықтап, соның нәтижесінде Жаңаөзен, Рудный, Щучинск, Семей және Хром­тауда, Құлсарыда Жедел басқару орталық­тары іске қосылды.

Өңірлерде «Қауіпсіз аула» жобасы табыс­ты іске асырылды. Осы жоба аясында тәуелсіздіктің бастапқы онжылдық­тарын­да тұрғын үй аулаларын қамтитын 20 мыңға жуық бейнебақылау камерасы пай­даланылған еді. Қазіргі уақытта рес­пуб­лика аумағында 625 мың бейнекаме­ра жұмыс істейді. Жедел басқару орталығына 100 мыңға жуық бейнекамера қосылған.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйек­тегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қазақстандық полицияның алдында тұрған кешенді міндеттерді айқындап берді. Осы бағытта да көлемді жұмыстар қолға алынды. Бү­гін­де құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және ел азаматтарының заңды мүдделерін құр­меттеу үшін Қазақстан аумағын UCI-ге шығатын бейнебақылау камераларымен барынша кең көлемде қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл үшін 100 тұрғынға 15 бейнебақылау камерасынан келетін халықаралық тәжірибе (АҚШ, Қытай) зерттеліп, негізге алынды.

Ішкі істер министрлігі жергілікті ат­қару­шы органдармен бірлесіп, әлемдік тәжі­рибе негізінде бейнебақылау камера­лары желісін кеңейту бойынша жүйелі жұ­мыс­тар жүргізуде. Облыстардың, рес­публи­калық маңызы бар қалалардың және астана­ның әкімдіктерімен бейнеба­қы­лау жүйелерін кеңейту және біріктіру бойынша Жол карталары бекітілді.

Жол-патрульдік полиция қызметкер­лерін де бейнетіркеуіштермен қамтамасыз ету жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асы­рылып келеді. Бүгінде патрульдік по­ли­цияның саптық бөліністерінде 10,5 мың бірлік бейнетіркегіш бар. Осы бей­не­­тірке­гіштердің көмегімен 378 мың әкім­ші­лік және 2,1 мың қылмыстық құқық бұзу­­­шы­лық тіркеліп, бейнежазбалар күдік­тілер­дің кінәлілігін дәлелдеу базасы ретінде пай­да­ланылған. Қоғамдық тәртіп­ті сақтау сала­сын­дағы дәл қазіргі уақыт­тағы жоспар­ла­нып отырған жаңа техноло­гия­лардың бірі, бұл – ішкі істер бөлімінде есепте тұрған адамдарды бақылау мақ­сатында электронды білезіктерді енгізу. Білезік жекелеген санаттағы адамдарға  қатысты қолданылатын болады.

Бұрын полицейлер сотталғандарды бақылау үшін тұрғылықты жері бойынша тұрақ­ты түрде аралап шығатын еді. Енді бұл мониторинг жүйесімен қолданыстағы компьютерлерінде жүзеге асырылатын болады. Бұл бір полиция қызметкеріне кез келген уақытта бірнеше сотталғанды бір уақытта тексеруге мүмкіндік береді. Жалпы, саладағы соңғы жаңа технологияларды айта берсек, ішкі істер саласы­ның барлық бағыты бойынша көп мысал келтіруге болады. Мен тек қана қоғам­дық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы техноло­гияларға ғана тоқталдым.

– Заң алдындағы жауапкершілікті қатаңдатпай-ақ, қоғамдық сананы көтеру арқылы заң бұзушылықты азайтуға бола ма, ол үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?

– Заң деген сөздің өзі жалпақ тілмен айтқанда адамды ізгілікке шақыратын тәртіптің екінші атауы. Сіз айтып отырған қоғамдық сананы көтеру үшін заң, тәртіп, тәрбие керек. Сонда ғана қоғамдық сана көтеріледі. Есіңізде болса, бұдан он шақты жыл бұрын «Ұсақ құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділік» деген қағида енгізілді. Бұл қағида алғаш рет «Қазақстан-2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауда ай­тылды. Бастапқыда осы қағиданы сы­нап-мінегендер көп болды. Қоғамдық орын­да қоқыс тастағандар, кез келген жерде темекі шеккендер айыппұл тө­леп жазаға тартылғанда мұны шамадан тыс қаталдық деп қоғамдық пікірді өршіту­ге де тырысқандар табылды. Қазір қа­ра­­саңыз, осы қағида, заңның нәти­же­сін­де халық ұсақ бұзақылыққа немқұ­рай­лы қарамауды үйренді. Кешкі оннан кейін біреу жұрттың тыныштығын бұзып жатса, дереу полицияға хабарлайды. Біреу қоғамдық орынға, көшеге қоқыс тастап кетсе де, көрген адам әлгі тәртіп бұзушыны бірден жөнге шақы­рады. Соның нәтижесінде мұндай ұсақ бұзақылық жасайтындардың саны азайды. Бұрын біз мұны тіпті тәртіп бұзушылық, бұзақылық санағанымыз жоқ қой. Ал қазір, жағдай мүлдем басқаша. Халық көшеде қоқыс тастамайтын болды, қоғам­дық орындарды дауыс көтеріп, былапыт сөздер айтпайды. Темекіні арнайы белгі­лен­ген орындарда шегеді, кез келген жер­ге қоқыс тастамайды. Халық бұлай жасау­ға өздері ұялатын дәрежеге жетті. Заң, тәртіп, талап деген адамды жазалайтын, ар-намысын, абыройын төмендететін нәрсе емес, керісінше адамның адамдық бол­мысын көтеретін, қадір-қасиетін арт­ты­ратын, парасат-пайымын өсіретін дүние­лер. Бізді адам қылған ең алдымен отба­сындағы тәртіп пен тыйым, отбасы­лық құндылықтар мен қағидалар емес пе. Сондықтан заң да, тәртіп те, талап та, қоғамд­ық сананы көтеруге қызмет ететін тәрбие құралы деп санаған дұрыс. Заң бар жерде жақсы өмір бар, тәртіп бар, тыныштық пен тұрақтылық бар деп ұғуымыз керек.

– Ішкі істер саласына жаңадан келіп жатқан қызметкерлердің тәрбиесі мен тәжірибесін қалыптастыру мақсатында неге мән беріп, неден қашуымыз керек?

– Біз құқық қорғау мамандарын пат­риоттық рухта тәрбиелеу мәселесіне қа­шанда баса назар аударамыз. Бұл бағытта тәжірибелі қызметкерлер, ардагерлер, өзінің озық ғылыми педагогикалық тұр­ғы­­дан осы саланы өркендетуге ұмтыл­ған аза­маттардан құрылған арнайы тәлім­­герлік инс­титут қызметінің негізі қалан­ды. Бұл бас­тама ішкі істер органдары қыз­­меткерлерін кәсі­би біліктілік пен адам­гер­­шіл­ікке баулып қана қоймай олар­дың мем­ле­кетшілдік, патриоттық сезім­дерін қа­лып­тас­тыруға да үлес қосады деген сенім мол. Кадр даярлау ісі мұ­қият­ты­лық­­ты қажет етеді. Кез келген қызмет­кер­ді жұ­­мыс­қа аларда оның шыққан жері­­не, отба­­сы­­лық жағдайына және өз орта­сын­дағы тәр­биесіне аса мән берген жөн. Ел ты­­ныш­­­тығын сақтауда алдыңғы шепте тұр­ған полиция қызметкерлері үшін ең қа­жет­ті қасиет – тәртіп пен патриоттық тәр­­бие. Себебі күнделікті заңды белден бас­­­қан­­дармен, тіпті нағыз қаныпезер қыл­­мыс­­кер­­лермен де бетпе-бет кездесіп, жөнге са­ла­тын полиция қызметкерінің дүние­­та­нымы мен рухани байлығы үстем болуы қажет.

Жас қызметкерлерді отансүйгіштікке тәрбиелеуде Ардагерлер кеңесінің алар орны ерекше екенін айта кеткен жөн. Ішкі істер органдары ардагерлерінің бас­ты міндеттері аға буынның жастарды тәр­бие­леуде және қалыптастыруда сабақ­тас­тығы, өз өмірін қылмыспен күресуге арнаған жас қызметкерлерді құқық­тық тәртіпті бекітуге, патриоттыққа, интер­на­ционалистікке, адамгершілікке және кәсіби шеберлікке тәрбиелеудің маңы­зы зор. Өткен өмір ізсіз жойылып кетп­ейді, ол тарихи маңызы терең мыңда­ған материалдық-рухани мәдениет ескерт­кіш­теріне айналып, болашақтан бола­шаққа жалғасып жатады. Әрине, бұл құн­ды­лықтар мұражайда сақталып, насихатта­лады. Бүгінгі таңда Ішкі істер министр­лігіне қарасты мекемелерде 45 мұражай мен 32 жауынгерлік даңқ бөлмесі қызмет етеді. Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысы қызмет­тік міндеттерін атқару кезінде ерекше көзге түсіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде батылдық пен қайсарлық көрсеткендері үшін бірқатар полиция қызметкеріне мемлекеттік наградаларды тапсырды. Өкінішке қарай, айбыны асқақтап, ерліктері еленген жігіт­тердің кейбірі арамызда жоқ. Еліміз тәуел­сіздікке қол жеткізген уақыттан бері қызметтік міндетін атқаруда 800-ден астам полиция қызметкері қаза тапты, 3 мыңы жарақаттанды. Ерлікпен қаза болған осы қызметкерлердің құрметіне орай мемориалдық тақта, ескерткіш ашып, есім­дерін көшелерге беру үдерістері еш­қашан қалтарыста қалған емес. Себебі қылмыскерлердің қолдарынан қаза тапқан бұл қызметкерлердің есімдерін әріптестері мәңгілік есте сақтайды.

Бізге мәлім Шығыс даналығы «Тәр­биесіз берілген білім – ақымаққа қанжар ұс­тат­қанмен тең» демеуші ме еді?! Бұл мақал­ды бүгінгі нақты жағдаймен са­лыс­­тыра отырып айтар болсақ, құқық қор­ғаушыға шен беріп, қару ұстатар­дан бұрын оның ішкі жан дүниесін тәрбие­леп алудан бастаған ләзім. Құқық қорғаушы­ның жүрегіне биік сана, озық парасат, таза ниет ұялатпайынша, оған кәсіби білімнің де қажеті шамалы. Бұл кезде керісінше құқық қорғаушыдан азаматтарды қорғауға тура келетін фактілерге ұшырасамыз. Алдымен құқық қорғау саласын таңдаған жас мамандық иелерінің көзқарастарын түбірлі зерделеп алмайын­ша, олардың бойына патриоттық сезімін сіңіріп, елін, жерін сыйлауға тәр­бие­­ле­мейін­ше, сапалы маман туралы әңгі­ме қоз­ғаудың өзі артық. Сондықтан да «қазіргі құқық сақ­шысының рухани бей­несі қандай болуы керек?» деген мәселе күн тәртібінен түскен емес. Қай маман­дық болсын, өз ісіңнің ас­қан шебері болуға тырысқан дұрыс. Ал білі­мі бар, патриоттық сезімі жетерлік, іскер, мақ­сат­шыл, ерік-жігері мығым болу – бұл ішкі істер органдары қызметкерлеріне қойы­ла­тын басты талап. Біз осыған баса мән беруіміз керек.

– Қазір уақыт талабына сәйкес ішкі істер саласындағы реформаның жаңа кезеңі жүріп жатыр. Жалпы, бұл реформадан қандай нәтиже күтуге болады?

– Елбасымыз Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасы­ның мән-маңызына тоқталғанда «Бізге жаңа формацияның полицейлері қажет. Ол үшін кадрларды даярлау, іріктеу және ілгері­лету жүйесі қайтадан қарасты­рыла­тын болады. Ведомстволық білім беру ісі айтарлықтай өзгереді. Мамандарды даярлау сапасы әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи полиция академияларын қалыптастырған жөн» деп атап көрсетті. Сондықтан Жол картасында кадрларды даярлау, іріктеу, ведомстволық білім саласын жаңғырту мәселесі басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді.

Реформалар басталғалы біз штат санын оңтайландыру нәтижесінде бюджет қаржысын 16 млрд теңгеге дейін үнем­­деуге қол жеткіздік. Осы қаржы тү­гелге дерлік қызметкерлердің еңбек­ақы­сын көтеру­ге, әлеуметтік қолдау жұмыс­тары­на бағытталып отыр. Нақты сан­дар­­ға тоқтала кетсем, патрульдік полиция қыз­меткерлерінің еңбекақысы 65 пайыз­ғ­а, жедел тергеу қызметі бөліністері 55, учас­­ке­лік инспекторлар (кәмелетке толма­ған­дар ісі жөніндегі инспекторлар) мен оқыту­шылардың еңбекақысы 25 пайызға көтерілді. Қылмыстық атқару жүйесі мен полицияның өзге қызмет­терінің жалақысы 20 пайызға артты. Мәселен, патрульдік полиция қызметіне енді кіріскендер 146 мың тең­ге еңбекақы алатын болады. Бұрын олардың жалақысы 103 мың теңгеден аспайтын.

Полицейлердің тұрғын үй мәселесін шешуге баса назар аударылып жатыр. Осы ретте тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы алатын қызметкерлердің тізімі кеңейтілді. Бүгінге дейін мұндай құқықты жедел-тергеу бөліністерінің 6 452 қызметкері иеленген еді. Енді бұл тізімге кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспек­торлар, патрульдік полиция қыз­мет­керлері мен олардың жетекшілері енгі­зіледі. Бұған қосымша 8 млрд теңге­ден астам қаржы қажет. Үкіметтің тиіс­ті қаулысы шыққаннан кейін бұл мәсе­ле де шешімін табады. Полиция қызмет­кер­леріне қарастырылатын осындай әлеумет­тік қолдау және еңбекақысын көтеру – айналып келгенде полицияның қоғам­дағы беделін нығайтуға, құрметті мамандыққа айналуына септігін тигізері сөзсіз.

Қазіргі уақытта ішкі істер саласын ре­фор­малаудың келесі кезеңі полиция жұ­мысы­на сервистік тәсілдерді енгізу арқылы қоғам­дық қауіпсіздікті қамта­масыз етудің тиім­ді тетігін құру бойын­ша жұмыс жүргізілу­де. Басты рөлді учас­келік инспекторлар ат­қарады. Құқық бұзу­шылықтар жасауға, сондай-ақ Әкім­шілік құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдай­лар­ды жою туралы ұсыныстар енгізу бо­­йынша оның өкілеттіктерін кеңейту жолы­­мен учаскелік полиция қызметкері­нің мәртебесін арттыруға бағытталған заңна­малық түзетулер қабылданды. Бұдан басқа, учаскелік полиция инспекторының көмек­шісі мәртебесі заңнамалық түрде бекі­тілді, бұл полицияның сервистік жұмы­сы қағи­датын іске асыруда учаскелік инспек­тор­лар қызметінің толыққанды институтын құруға мүмкіндік берді.

Биыл лауазымдарды ішкі қайта бөлу есебі­нен қосымша 277 бірлік учаскелік по­ли­­ция инспекторлары және 130 бірлік олар­дың көмекшілері енгізілді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы учас­келік инспекторлардың халықпен өзара іс-қимылының жаңа нысандары мен әдістері кеңінен қолданылады. Бес мыңнан астам УПИ, ПИК (МИБ) үй иелері (тұрғындар) чаттарында және өзге де әлеуметтік желілер топтарында тіркелген. Халықпен «кері байланыс» орнату мақсатында тұрақты есеп беру кездесулері жүзеге асырылуда. Бұл өз ке­зегінде полицияның ашықтығы мен ай­қын­дылығын қамтамасыз етеді.

Жалпы, реформадан күтер оң нәтижелері­міз көп. Қазіргі қолға алынған жұмыстардың жемісі алдағы жылдарда толық көрінетініне сенім мол. Қазақстандық полиция халық­тың қорғаушысы, қорғаны деген атқа лайық болуы үшін аянбай тер төге беретін боламыз.

 

Әңгімелескен

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»