10 бағытта жұмыс жолға қойылды
Жерді қашықтан бақылайтын ғарыш жүйесі 2 аппараттан тұрады. Мәселен, жоғары шешімді KazEOSat-1 спутнигі қалалық аумақтағы өзгерістерді анықтауға, сондай-ақ қорғаныс мақсатындағы нысандарға дәлме-дәл түсірілім жүргізуге қауқарлы. Орта шешімдегі KazEOSat-2 спутнигі ауыл шаруашылығы алқаптары, табиғи ресурстар мен ұлттық парк секілді кең аумақты жерлерге мониторинг жасап, жағдайын бағалауға арналған. Сондай-ақ қазақстандық мамандар құрастырып шығарған технологиялық мақсаттағы KazSTSat ғарыш жүйесінің жұмысы жолға қойылды.
«Мемлекеттік органдар ғарыштық мониторингке байланысты техникалық тапсырмаларды Аэроғарыш комитеті арқылы ұлттық оператор – «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ға жібереді. Бірінші кезеңде түсірілім отандық және шетелдік аппараттардың көмегімен жүргізіледі.
Екінші кезеңде далалық зерттеулерді қоса отыра суреттер салаларға байланысты өңдеуден өтеді. Бұдан кейін «Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі», «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» секілді ведомстволық ақпараттық деректер базасымен біріктіріледі. Нәтижесінде, сараптамалық дерекпен қамтылған түрлі сала бойынша цифрлы карталарды аламыз. Үшінші кезеңде барлық мәлімет геопорталға орналастырылып, мемлекеттік органдар бұл ақпаратты интернет арқылы алады», деді Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов.
Бүгінде елімізде ғарыш мониторингінің 10 бағыты жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, Экология министрлігінің сұранысына сәйкес заңсыз қоқыс полигондарын, орман және су ресурстарын, сондай-ақ көлеңкелі пайдалы қазба орындарын анықтау қарастырылған. Ауыл шаруашылығы министрлігінен егістіктер, жайылымдық жерлер сынды ауылшаруашылық мақсатына арналған жерлерді бақылауға байланысты тапсырыстар түссе, Бас прокуратураның сұранысы бойынша заңсыз жерді басып алу және Төтенше жағдайлар министрлігінен дала өрті, су басу қаупі секілді жағдайларды анықтауға қатысты тапсырыстар келеді.
«Қалдықты бақылау заңсыз қоқыс тастайтын орындар мен рұқсат етілген полигондардың шекарасын анықтау мақсатында 35 қаланың маңында іске асырылады. Түсірілім жасалғаннан кейін кадастрлық деректердің нәтижесі салыстырылып, Экологиялық реттеу комитеті мен жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Осыдан соң жергілікті инспекторлар аталған орынға барып, заң бұзушылықты фотоға түсіріп тіркейді. Барлық ақпарат геопорталға жіберіліп, бейберекет қоқыс орны тазартылған соң, жергілікті атқарушы органдар фотомәліметтерді тағы да геопортал арқылы жолдайды. Осылайша, геосервис жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік ведомстволар арасында жедел ақпарат алмасуда тиімді құралға айналды. Бүгінде заңсыз қоқыс полигондарының азаюы мен оны жоюға байланысты оң динамика тіркеліп отыр. Айталық, биыл 7,5 мың заңсыз полигонның 6,5 мыңын жергілікті атқарушы органдар жойып үлгерді», деді Аэроғарыш комитетінің төрағасы.
2,5 мыңға жуық заңсыз кен өндірісі анықталды
Жауапты ведомствоның дерегіне сүйенсек, осы жылдан бастап кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз игеруге қатысты мониторинг жүргізіліп келеді. Жерді қашықтан зондтау мәліметтеріне сәйкес лицензиялық және келісімшарт негізіндегі шекаралардан тыс аумақтарда өндіру фактілері тіркелген. Заңсыз кен өндірісі туралы мәліметтер 4 санатқа бөлінеді. Мысалы, осы жылда 2 339 заңсыз кен орны анықталып, тиісті деректер әкімдіктерге және салалық ведомствоға жіберілді.
«Тағы бір бағытымыз – орман ресурстарын бақылау. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бірлесіп, барлық орман орналастыру карталары өңірлер бойынша цифрландырылды. Жылда мемлекеттік орман қоры шегіндегі және оған кірмейтін барлық орман алқабының шекаралары жаңартылады. Мәліметтерге сәйкес қазір Қазақстандағы 18,6 млн гектар жерді орман өсімдіктері алып жатыр. Өрт ошақтарына мониторинг жасалып, жанып кеткен учаскелер картаға түсіріледі. Ағаш кесу билеттерін ескеріп, оталған жерлерде талдау жұмыстары іске асырылады. Егер де билет жоқ болып, заңсыз ағаш кесу жағдайлары орын алса, онда бұл мәліметтер де геопорталға тіркеліп, құзырлы органдарға жолданады. Ұзын саны 2 641 ағаш кесу орындары анықталып, оның 136-сында тиісті норманың сақталмағаны және ағашты заңсыз бұтаудың 50 дерегі әшкереленді. Анықталған өрт ошақтарының саны – 260 мың. Мемлекеттік орман қоры шеңберінде өртенген аумақ – 115 мың гектар. Орман қоры аумағында 6 547 құрылыс нысаны табылды», деді Б.Оралмағамбетов.
700 мыңдай гектар жер мақсатсыз пайдаланылған
Ғарыш мониторингінің тағы бір артықшылығы ауыл шаруашылығы саласында анық байқалып келеді. Әсіресе аграрлық бағыттағы жерлердің тиімсіз әрі мақсатсыз пайдаланылып жатқан фактілерді анықтауда тың технологияның игілігі орасан. Мәселен, егістікке арналған 22 млн гектар жер зерттеліп, оның 685 мың гектары мақсатсыз немесе жайылым ретінде пайдаланылғаны белгілі болды.
«3 жыл ішінде еліміздегі 61 ауданның жайылымдық жерлері түгенделіп, цифрлы карталары әзірленді. Оның аумағы 127,7 млн гектарды немесе еліміздегі барлық жайылымдық жердің 68%-ын құрайды. Бұл талдау жайылымға арналған жаңа аумақтарды жоспарлауда тиімді тетік саналады. Осы бағытта өзекті мәселелер жоқ емес. Нақты айтсақ, биыл 45 ауданда Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркелмеген 39,9 млн гектар жайылымдық жер анықталды. Бұл ақпараттық жүйедегі олқылықтарға немесе деректерді кешіктіріп енгізуге байланысты.
2020 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануға қатысты мониторинг жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта барлық жер теліміне қатысты 4 жыл ішіндегі мұрағат жиналып, Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі, Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру және Жер балансының деректерімен интеграция жүргізілді. Аталған мониторинг әр жер учаскесі бойынша орындалды. Мәселен, егістіктерге байланысты 22 млн гектар жер зерттеліп, оның ішінде 685 мың гектардың мақсатсыз пайдаланылғаны, мысалы жартылай жайылым ретінде қолданыста болғанын анықтадық. 1 млн гектардан артық учаске бос жатыр. Жайылым бойынша жер балансында 76 млн гектар тұр. Оның 46 млн гектарына зерттеу жасалып, 12,5 млн гектардай жердің жүктемесі жоғары болса, 7,4 млн гектардікі төмен», деді комитет басшысы.
Жерді заңсыз басып алу тыйылмай тұр
2016 жылдан бастап комитет Бас прокуратурамен бірлесіп, жер ресурстарын заңсыз иеленуге қатысты бақылау жұмыстарын қолға алғанын айта кету керек. Мониторинг облыстық және республикалық маңыздағы 20 қалада, шамамен 50 шақырымдай жерді қамтитын буферлік аймақта жасалып, жүздеген елді мекенде олқылықтар анықталды.
«Бақылау жұмыстарымен 531 елді мекен қамтылып, 391 мың жер учаскесі Мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректер базасында тіркелмеген болып шықты. Мұны қалай анықтадық? Біз базада кадастрлық деректермен танысып, оны жоғары шешімді және дәлме-дәл жоғары ғарыш суреттеріне қарап салыстырамыз. Егер де құрылыс жұмыстары жүріп, нысандар салына бастаған жағдайда оның кадастрлық деректер базасында бар-жоғын тексереміз. Бұл мәліметтердің кешігіп енгізілуіне байланысты немесе тиісті нормалардың сақталмауына қатысты болуы мүмкін. Сонда да бұл деректерді Бас прокуратураға жібереміз», деді Б.Оралмағамбетов.
Байқоңырдың болашағы бар ма?
Биыл Аэроғарыш комитеті Байқоңырдың 10 жылдық келешегіне байланысты зерттеу қызметіне тендер өткізіп, оған 100 млн теңгеден аса қаражат бөлінгені мәлім болған еді. Қоғамда ғарыш айлағының перспективасын 10 жылға бағалау тым қысқа уақыт екені айтылып, жауапты ведомствоның бұл әрекетіне күмәнмен қарайтындар көбейгені рас. Алайда комитеттегілер бұл пікірге қатысты өз уәждерін жеткізді.
«Расымен де, мұндай талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер де Байқоңыр кешені мен ғарыш айлағы туралы айтсақ, қазір ондағы жүктеменің төмендегені байқалады. Ұшыру алаңдарының саны азайып, бүгінде зымыран тасығыштардың екі түрі – «Протон» және «Союз-2» қалғанын көріп отырмыз. Болашақта «Бәйтерек» бірлескен жобасы арқылы Байқоңыр ғарыш айлағын дамыту жоспарлары бар. Бұл бірінші кезекте «Союз-5» зымыран тасығышына арналған «Зенит М» кешені мен №1 «Гагарин стартын» жаңғыртуға қатысты. Бірақ инвестиция тарту үшін аталған кешенді тұтастай дамытудың жолдарын қарастырған әлдеқайда маңызды», деп түйіндеді сөзін Аэроғарыш комитетінің төрағасы.
Зерттеу жұмыстарына шетелдік консалтингтік компаниялар тартылып, оның нәтижесінде ғарыш айлағын дамыту жөніндегі жол картасы әзірленеді деп көзделіп отыр. Осы арқылы зымырандарды ұшыру қызметі жанданып, қосымша қызмет ретінде ғарыш туризмін жолға қою жоспарланған.