Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Бас қала – асқақ рухтың алаңы
Алты құрлыққа Қазақ жұртының айбынын асырып, мерейін тасытқан елорда Сарыарқаның салқар төсінде қанат жайған сәттен бері ұлттық рухымыздың ұстынына айналды. Ел егемендігінің ең ұлы өлшемі де осы ел астанасының болғаны емес пе? Ата-бабасы аңсаған азаттыққа қолы жетіп, астанасы асқақтаған Алаш баласында одан асқан арман жоқ. Астанасы былай тұрсын, өз тілі, өз мәдениеті, өз әдебиеті жоқ елдер қаншама? Біз бұл қасіреттен аулақпыз. Есілдің бойына еңселі елорда тұрғызып, айрандай ұйыған татулығымызды ту етіп келеміз.
Алайда кемел келешекке ұмтылу үшін де санада сабақтастық болуы қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ, «бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек». Бір қызығы, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының аумағы болашақта ел астанасы болатынын осыдан 180 жыл бұрын тап басып айтып кеткен бір адам бар.
Ол – ақсүйек атағынан айырылып, 25 жылға Сібірге жер аударылған поляк жазушысы Адольф Янушкевич. Жазушы бір жазбасында «Ақмола – бүкіл даланың болашақ астанасы» деп тап басып жазады. Мұндай да сәуегейлік болады! Дәл осындай көрегендікті қазақтың қайсар ұлы Әлихан Бөкейхан да айтқан болатын. «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», деп арман-мұратын сабақтайды ұлт қайраткері.
Есесіне, егемен елдің астанасын айқындау бақыты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңдайына жазылды. «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», дей келе Тұңғыш Президент: «1992 жылы, Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайлағаннан кейін мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында өзен ағып жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама астана өзен жағасына салынған. Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан», деп өз ойын түйіндейді.
Міне, елорда аумағында қайнап жатқан ұлттық рухты осыдан-ақ аңғара беріңіз. Бүгінгі егемен еліміздің астанасы сол рухтан ажырап қалған жоқ. Ұлттық болмыстың ертеңгі бейнесін айқындаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Нұр-Сұлтан қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бас қаладағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі аталған бағдарламаның 6 бағытын басшылыққа алып, 17 арнайы жобаны іске асырудың жол картасы мен индикаторлары аясында ауыз толтырып айтуға болатын маңызды қадамдар, ілкімді істер жасап жатыр.
Олардың қатарында «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі», «Ауыл – ел бесігі», «Түркі әлемінің генезисі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі», «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Архив – 2025», «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет» жобалары бар. Бұл жобаларды жүйелі іске асыру мақсатында 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында елорда аумағында ұйымдастырылған шаралардың дені 400-ден асып жығылады.
Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы Дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек», деген болатын.
Елбасының бұл ұсынысы елорда аумағында ескерусіз қалған жоқ. Мәселен, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Әл-Фарабидің 1 150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтсе, күні кеше елордада көрнекті философ әрі ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби ескерткіші ашылды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында орнатылған монумент Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының жанында орналасқан. Монумент авторлары – Ә.Бүркітбаев, Д.Сарбасов, К.Бегулиев, А.Тоқбаев, Д.Үсенбаев. Гранит пен қоладан жасалған ескерткіштің биіктігі – 9,5 метр.
Бұған дейін қалада алашордашыларға, сондай-ақ Талғат Бигелдиновке, Дина Нұрпейісоваға, Қаныш Сәтбаевқа, Жұмабек Тәшеновке, Жақсылық Үшкемпіровке, Ыбырай Алтынсаринге ескерткіштер орнатылған болатын. Сондай-ақ Нұр-Сұлтанда күн сайын адамдардың өмірін құтқаратын өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлерінің құрметіне монументтер орнатылды. Бұл жұмыс жастардың рухани, патриоттық және мәдени құндылықтарын насихаттау мақсатында жүргізіліп келеді. Рухани жаңғыру дегеніміз – осы. Қалада халқымыздың қайсар рухы, тарлан тарихымыздың бедерлі бейнесі, тұғырлы тұлғалардың еңселі ескерткіштері айқын аңғарылады. Мектеп, даңғыл, көше атаулары да ұлттық рухымызбен суғарылған. Бұл жөнінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсам, нағыз рухани жаңғыруды басымыздан өткеріп жатырмыз десек артық айтқанымыз емес. Елордадағы жаңа көшелерге Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова есімдері берілсе, қаладағы бірнеше мектеп ұлт зиялыларының атымен атала бастады. Былтыр оқу орындарына Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жұмабек Тәшенов, Мәшһүр Жүсіп, Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллиндердің есімдері берілді. Биыл да осы қатарлы ұлт зиялыларының есімдері жаңа мектептерге берілуге республикалық ономастикалық комиссияның шешімін күтіп отыр. Бұл өскелең ұрпақ үшін өте қажет дүние», деген болатын.
Ұлттық рухты ұлттық тәрбие асқақтатады
Елорда төрінде ұлттық рухты жаңғырту қадамдары барынша жүйелі, жоспарлы жасалып жатқаны анық. Ұлттың айнасына айналған шаһарды көріп, жаһан жұртшылығы Қазақ елінің дидарын таниды. Алайда бас қаладағы байыпты бастамалар ескерткіштермен, көше атауларымен шектеліп қалған жоқ. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында «Беделді халықаралық зерттеу қорытындылары біздің оқушылардың оқу сауаттылығы бойынша дағдылары жеткілікті деңгейде дамымағанын көрсетіп отыр. Сондықтан оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту еліміздегі орта білім беру ісінің басым бағытына айналуға тиіс. Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет», дей отырып, кітап оқитын ұлт қалыптастыру үшін жас қазақстандықтар арасында оқу мәдениетін дамытуға және ілгерілетуге ерекше назар аударған болатын. Осыған байланысты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөніндегі Жол картасына сәйкес, биыл елімізде алғаш рет «Туған елің Қазақстаныңды жақсы білесің бе?» тақырыбындағы республикалық балалар оқулары ұйымдастырылып, елорда жастары жүлделі 3-орыннан көрінді.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты қолға алған ауқымды іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен бас-аяғы 37 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысып, таласты тартысқа түсті. Мұндағы мақсат – балалар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты қалыптастыру, өскелең ұрпақтың өз Отанына деген мақтаныш сезімін ояту, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеяларын түсіндіру еді.
Осылайша, жас ұрпақтың жігерін жанып, намысын қайрайтын, ой көкжиегін кеңейтетін байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 3 600-ден астам жалпы білім беретін мектептің 37 мыңнан астам орта буын оқушысы қатысты. Мектеп ішінен іріктеліп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған балақайлардың бірі жеңісті жолдарын жалғастырып жатса, енді бірі жеңілістің ащы дәмін татып, ыстық жасқа да ерік берді. Байқау процесі өңірлік әкімдіктердің, облыстық, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің көмегімен ұйымдастырылды.
Бір қызығы, бұған қазылық еткен комиссия құрамына да оңайға соққан жоқ. Балалар бірінен бірі асады. Әрине, оларға қойылатын сұрақтар да түрлі дереккөздерден алынған болар деп топшылаған болатынбыз. Алайда бәрі біз айтқандай болмай шықты. Бұл мақсатта арнайы «Сиқырлы жұлдызша», «Атамекен» елінің сиқырлы аңыздары», Ежелгі Қазақстан тарихының көңілді оқулығы «Сиқырлы қазғыш-таяқша», «Қазақстан еліне сиқырлы саяхат» сынды арнайы кітаптар басылып шығарылды. Міне, осы кітаптардың негізінде байқауға қатысушыларға сұрақтар әзірленіп, тапсырмалар берілді. Сонымен қатар оқушыларға осы кітаптарда бар мәліметтерден тыс рәміздер, ұлттық валюта, ұлттық тарих тұрғысынан да сауалдар қойылыпты. Алайда жас та болса бас болған балдырғандар мұндай сұрақтарға да мүдірген жоқ.
Байқаудың қорытынды республикалық кезеңінде Қазақстанның бес өңірінен үздік шыққан 25 бала, яғни 5 команда бақ сынады. Соның барысында қатысушылар туған өлкенің тарихы, мәдениеті, географиясы, астрономиясы, салт-дәстүрлері, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнаулы жобалары бойынша сұрақтарға жауап беріп, квестке қатысты. Осылайша, 10 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының кеңсесінде республикалық конкурстың жеңімпаздары марапатталды. Онда ұйымдастыру мүшелерімен қатар, жеңімпаз өңірлерден келген білім саласының қызметкерлері, ұстаздар және оқушылар бас қосты.
Байқау комиссиясының шешіміне сәйкес, 3-орынға елордалық №86 мектеп-гимназиясының оқушысы Ералы Қозы, №66 мектеп-лицейінің оқушысы Төрегелді Рахман, №70 мектеп-лицейінің оқушысы Құрманәлі Арман, №56 мектеп-лицейінің оқушысы Сапа Темірлан, №40 мектеп-лицейінің оқушысы Сабыр Ерсұлтан ие болды. Жеңімпаздар арнайы грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар осы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған 17 арнайы жобаның бірі саналатын «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласының Білім беруді жаңғырту орталығының қолдауымен Балалар мен жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығы «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары – жас ұрпаққа аманат» тақырыбында вебинар ұйымдастырды. Ал 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешені мерекеге орай «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» көрмесін, «Татулық – достықтың киелі бесігі» атты дәрісін ұсынды. Бейбітшілік және келісім сарайы Атриум залында «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлік пен келісімнің символы» тақырыптық онлайн-экскурсиясын жүргізіп, Сәкен Сейфуллин музейі «Ел тірегі – татулық» тақырыбында онлайн фото-көрме ұйымдастырды.
«Жаһандану заманындағы қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында Қаламгерлер аллеясында «Ашық аспан астындағы кітапхана» акциясының тұсаукесері өтті. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен Foliant баспаханасы кішкентай оқырмандарға өз кітаптарын ұсынды. Көрмеге қазақ әдебиеті, шетел әдебиеті, әлем әдебиетінің ертегілері мен қазақ жазушыларының романдары қойылды. Фестиваль аясында күні бойы фейсбук, инстаграм парақшаларында «Кітап оқып, рухани бай бол!» республикалық онлайн-челленджі белгілі қоғам қайраткерлері, әртістер, оқырмандардың қатысуымен өткізілді.
Ұлттық музейде күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толуына орай, «Қазақ Даласының ұлы балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов» атты тақырыптық бейнеэкскурсия ұсынды. Сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Қ.Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне іріктеу мақсатында «Нұр-Сұлтан барысы» өтіп, онда 26 балуан бақ сынады. Дүбірлі дода – «Қазақстан барысы» турниріне жолдаманы сарапқа салды. Тартысқа толы белдесулер нәтижесінде Олжас Шынкеев топ жарып, алтын белбеуді иеленді. Екінші орын Айбат Сейтенге бұйырса, үздік үштікті Нұрбек Досмұханбетов қорытындылады.
«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасының аясында Тәуелсіздік сарайында «Алтын домбыра» өнер орталығы ашылды. Өнер орталығында балалар тек домбыра тартуды үйреніп қана қоймай, сонымен қатар жас буынның қазақ халқының рухани болмысымен танысуға мүмкіндіктері бар. Қазақ оркестрінің Сейтек Оразалыұлының 160 жылдығына арналған «Заман-ай» онлайн концерті өтті. Кеш күйші, композитор, қоғам қайраткері – Сейтек Оразалыұлының өмірі мен шығармашылығын жаңғыртуға, қазақтың күй өнерінде өзіндік айқын қолтаңбасын қалдырған өнер иесінің мол мұрасын көрсетуге арналды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының қолдауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Ұлы дала дауысы» дәстүрлі музыка кеші өтті. Ал Мәдениет және спорт министрлігі Д.Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған «Динадан жеткен күй күмбір» республикалық музыкалық челленджін ұйымдастырды. «Халық әні» бөлімінің «Жаңа толқын» атты дәстүрлі музыка кеші қолға алынып, оған филармония әншілерімен бірге «Қорқыт» этноансамблі және «Шалқыма» халық би ансамблі қатысты.