Салтанатты іс-шараға келген үлкендер «біздің заманымызда да осындай кітапхана болса ше...» деп қызығып жатты. Қызықса, қызыққандай-ақ. Кең, жарық. Кітап оқуға жайлы орын. Қолы қалт еткен студент, мұғалім әдебиет залына барып, рухани білімін толыстырып, тынығып қайтуына әбден болады. Кітапханашылардың айтуынша, зал қорында 20 мыңнан астам кітап бар. Оның ішінде проза мен поэзия, заманауи бестселлерлер, ресейлік және шетелдік классика, тарихи романның, фантастика мен детективтің танымал жанрларындағы басылымдар бар. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Шыңғыс Айтматов, Омар Хайям, Джордж Байрон, Уильям Шекспир сынды көрнекті авторлардың шығармалары жиналған.
– Біз білім алып жатқан оқу орнында осындай кітапхананың ашылып жатқанына қуандық. Кешкілік сабақтан босаған соң бір кіріп шығу әдет болып кететін сияқты. Себебі, мұнда бас көтермей кітап оқитындай атмосфера бар. Жайлы, ыңғайлы. Рас, кірсе, шыққысыз, – дейді Менеджмент факультетінің 4-курс студенті Томирис Тохтарбекова.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа кітап» жобасы бойынша кітаптар қолжетімді болса, Абай бұрышына кітап көрмесі ұйымдастырылған. Ал білім беру бағдарламаларына енгізілген жаңа оқулықтар, оқытушылар мен студенттер үшін таптырмас оқулықтар.
Айта кетерлігі, білім ғибадатханасында 3 мыңнан астам кітаптың электронды каталогы бар. Пайдаланушылар әдебиеттерді өздері алып, белгілі уақытта қайтара алады. Өз-өзіне қызмет көрсету терминалында өзін өзі сәйкестендіру пункті, көпфункциялы аймақтар, стационарлық бактерицидті шамдар, ақпараттық ресурстар орнатылған.
Шығыс Қазақстан облысы