Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2021

«Желтоқсан» ескерткішінің іргетасы қаланды

426 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Алматы қаласындағы «Желтоқсан» саябағында болашақ ескерткіштің іргетасы қаланды. Түрксіб ауданында талайларды тебіренткен оқиғаға Желтоқсан бірлестіктерінің өкілдері, қоғам қайраткерлері және зиялы қауым қатысты.

«Желтоқсан» ескерткішінің іргетасы қаланды

Осы бастаманың ортасынан табыл­ған Алматы қаласы әкімінің орынбаса­ры Ержан Бабақұмаров болашақ мону­менттің іргетасының қалануы «Жел­­тоқ­­сан» саябағы ашылған­нан бір жыл өт­кен соң және Желтоқсан оқиғасы­ның 35 жыл­дығына орайластырылғанын атап өтті.

 «Бір жыл бұрын біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындыққа кірістік. «Желтоқсан» саябағының орны мен атауы Желтоқсан бірлестіктерінің өкілдерімен бірге анықталды. Алматы әкімі Б.Сағынтаев монументті орнату туралы тиісті шешім қабылдады. Бұл күн біздің қаламыздың тарихындағы маңызды оқиға болатынына сенімдімін», деді қала әкімінің орынбасары.

«Саябақтың ашылуы, болашақта ескерткіш орнату – бұл Желтоқсан батырларына құрмет қана емес, олардың ерліктерін мәңгі есте сақтау, болашақ ұрпаққа жеткізу. «Желтоқсан» саябағы үлкен әрі оған келетіндер де көп болады – оны абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Бұрын бұл қараусыз қалған сквер болатын, ал енді қала тұрғындары жаңа қоғамдық кеңістікті аралай отырып, біздің халқымыздың тарихымен танысады»,  деп атап өткен Е. Бабақұмаров жиналғандарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Қазіргі уақытта «Желтоқсан» ескерт­кішінің эскизін әзірлеуге конкурс жария­ланды.

Бұл күні «Желтоқсан» саябағында ашық аспан астындағы мұражай да ашылды. Экспозицияларда Желтоқсан оқиғасының кейіпкерлері, тарихи құжаттар, сондай-ақ 1986 жылғы көтері­ліске қатысушылар туралы баяндайтын фотоматериалдар ұсынылған.

Іргетасын қалау рәсіміне қатысқан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет өткен жылы осы жерде «Желтоқсан» саябағының ашылғанын еске алды.

«Іргетастың қалануы Алматы әкім­ді­гінің Желтоқсан көтерілісін мәңгі есте қалдыру жөніндегі жұмысының қисынды жалғасы болды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – кеңестік режімді құлатқан тарихи оқиға. Өкінішке қарай тоталитарлық жүйе алаңға шыққан жас жігіттер мен қыздардың тағдырын бұзды. Желтоқсан көтерілісі Қазақстан тарихында ерлік және сонымен бірге қайғылы оқиға болып қала береді. Сондықтан бүгінгі тастың қалануы және болашақта ескерткіштің ашылуы өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін ерекше маңызға ие және желтоқсаншылардың ерлігіне құрмет болады», деді Ұлықбек Есдәулет.

Рәсімге қатысушылар «Желтоқсан» саябағының аумағына ағаш отырғызды. Болашақта бұл аумақты көгалдандыра түсу жоспарланып отыр.

Іс-шара соңында шақырылған Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың құрметіне өнерпаздар патриоттық әндерден концерт қойды.

 

АЛМАТЫ