Тәуелсіздік • 15 Желтоқсан, 2021

Желтоқсан – ұлтымыздың ар-намысы

499 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

1986 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетінің екінші курсында оқып жүрдім. Желтоқсан айының 17-сі күні, түске жақын сабақтан шыққан соң К.Маркс (қазіргі Д.А.Қонаев) және Совет (қазіргі Қазыбек би) көшесінің қиылысында орналасқан №2 жатақхана маңында жиналып тұрғанбыз. Сонда жігіттер 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумы болып, онда Д.А.Қонаевтың орынына Г.В.Колбиннің ҚКОК бірінші хатшысы болып сайланғаны туралы және қазақ жастарының наразылық шеруіне шыққандары туралы айтты. Осы кезде Совет көшесіндегі институттың бас ғимараты жағынан «бізге қосылыңдар!» - деген дауыстар естілді. Олар шеруші жастар екен, біз соларға қосылдық. Шеруші жастардың қолдарында «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «Әр республикаға өз елінің басшысы!» - деген т.б. көптеген ұрандар бар екен. Шеруші жастар жайбарақат, көңілді, ешқандай бұзақылық іс-әрекетсіз, алаңға жеткенше «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, көтеріңкі көңіл күйде алаңға беттедік. Жол бойы біраз адам қосылып, шеруші жастардың саны әжептәуір көбейе түсті.

Желтоқсан – ұлтымыздың ар-намысы

Суретте: Сүгірәлиев Дәуіт Тоғайұлы, 1986 жылы, желтоқсанның 17-сі күні Брежнев алаңында

Сағат түскі екі шамасында Мира (қазіргі Желтоқсан) көшесі жағы­нан алаңға жақындадық. Алаңға қарай милиционерлер тосқауыл жасап, шеру­шілерді өткізбей тұр екен. Алаңда шамамен мыңнан аса жастар жүр екен, солардың көмегімен милиционерлердің тосқауылынан өтіп, алаңға келіп, шеру­ші жастарға қосылдық. Алаңдағы жас­тар ұсыныс-талаптарын айтып, ұрандай бастады. Олар Д.А.Қонаевты ортаға шақырып, жағдайды түсіндіруін өтінді. Қазақстанға қазақ ұлтынан не­ме­­се Қазақстанда туған басқа ұлт өкілдерін неге сайламайды деген ұсы­­ныс талаптар айтылды. Мінберге шығып сөйлеген басшылардың бірде бірі көңілге қонымды, мардымды сөз айтпады. Егер сол күні өкімет басшылары дұрыс шешім қабылдап, жастардың ұсыныс талаптарын қанағаттандыра алғанда, ешқандай қантөгіссіз бейбіт түрде мәселені шешуге болатын еді. Әттеген-ай!...

Кейіннен белгілі болғандай КОКП-ның Бас хатшысы М.С.Горбачев істі бейбіт жолмен шешуді жөн көрмей, күш көрсетіп, басып, жаныштауды дұрыс көрген екен. Тағы да сол, «кіші ұлттарды» менсінбеушілік. Ол бұл жауап­ты істі сенімді ұлт өкілдеріне жүктепті. Бұл туралы: «Генерал-полковник Б.К.Елисеев қаладағы тәртіпті қалпына келтіру жө­ніндегі бүкіл жұмысқа бақы­лау жа­­сай­тын штаб құруды қолға ал­ды. Республика басшылығынан бұл штаб­қа Г.Колбин, ОК-нің екінші хатшысы О.Мирошхин, Ішкі істер министрі Г.Князев, МҚК төрағасы В.Мирошник енгізілді. Мұның құрамына ұлты қазақ бірде-бір басшы тартылмады. Және оны қажет деп санаған ешкім де болған жоқ», деген деректерден белгілі болды. (Желтоқсан-86. 5-кітап. Елдікті сақтаған ерлік. 25 бет.).

Кешке қарай, шамамен сағат 18.00 шамасында мінберге ҚазКСР прокуроры Ғ.Б.Елемесов шығып, «...сендер заңды бұздыңдар, күш қолданылады, тараңдар!» – деді. Бұл кезеңде алаңда ине шаншар жер қалмай, жастарға толған еді. Сол күні алаңда 20 000-ға жуық шеруші жастар болған. Содан соң Үкімет үйі жағынан Қазақ КСР ішкі істер министрі Г.Н.Князевтің бұйрығымен қолдарындағы резеңке таяқтары мен қалқандарын сартылдатып, қап-қара киім киген арнайы әскери жасақтар басқыштан түсіп келе жатты. Біз бұрын-соңды бұндайды көрмеген, аң-таң болып қалдық. Кеңес өкіметі өз халқына күш қолда­нады дегенге онша сеніңкіремей­­­тін едік, бі­р­ақ сені­міміз ақ­тал­мады. Арнайы әс­кери жасақтар шеруші жастар­дың алдыңғы шебіне жеткен бойда жас­тарды ұрып-соға бастады. Таяқ жеп, есеңгірегендерін сүйрелеп өздерімен бірге алып кете бастады. Шеруші жастар да естерін жиып, арнайы әскери жасақтармен текетірес басталды. Артқы жақтан жеткен тастармен қаруланған жастар тас жаудырып, арнайы әскери жасақтарды Үкімет үйіне дейін қуып барады, олар қайта сап түзеп, жастарды ұрып-соғып Үкімет үйінің жанынан төменге, алаңға дейін тықсырып тастады. Осылай екі жақ, екі-үш сағаттай алысты. Қатты жараланғандарды жедел жәрдем машинасы әкетіп жатты. Бұл әрекеттерінен түк шықпаған соң алаңға өрт сөндіргіш машиналарды шығарды. Олар, қыстың күні қырауда жастарға су шашып, нағыз аяусыздықтың шегін көрсетті. Бұл туралы: «22.00 сағатта Ішкі істер министрлігі өрт сөндіру басқармасының бастығы, полковник Абдулманов алаңнан халықты қуып шығу үшін «өрт сөндіргіш машина пайдаланылсын!» деген бұйрық алды. 20 машина лафетті ұңғыдан су шашып, жұртшылыққа қарай лап қойды» – деп жазған. (1986 – Желтоқсан: Дақпырт және шындық. 26-бет). Қыстың күні үсті-басымыз малмандай су болып, алаңнан төмен қарай түстік. Су киіммен әрі қарай жүру мүмкін болмаған соң, қасымдағы бір-екі жігітпен жатақханаға қайттық. Көшеде жүру қауіпті, сондықтан үйлердің арасымен жүріп отырып жатақханаға жеттік.

18 желтоқсан күнгі мәліметтерден алаңдағы қарусыз жастарға қаншалықты қарулы күш қолданғаны айғақ болды. «Алматыдағы тәртіпсіздікті басу үшін кешке қарай Фрунзе, Ташкент, Свердловск, Новосибирск қалаларынан ішкі әскер бөлімдерінің алғашқы топтары келіп үлгерді. Әскерлерге тікелей басшылықты КСРО Ішкі істер әскері қол­бас­­шысының бірінші орынбасары, генерал-лейтенант В.С.Дубиняк жүр­гізді». Бұған дейін-ақ штабқа үш ірі құрама отряд пен 2 928 таңдаулы жігіті бар арнаулы жедел топ жан-тәнімен қызмет көрсетуде еді. Оған қоса Ал­­маты гар­низонының 5 700 адамдық бөлімдері түгел алаңға әкелінді. Бұларға ішкі әскерлердің жоғарыда айтылған қалалардан шақырылған «суға салсаң  батпайтын, отқа салсаң жанбайтын жанкешті, қиындыққа әбден шыныққан 2 169 жендеті қосылған... /Желтоқсан-86. 5-кітап. Елдікті сақтаған ерлік. 30-бет/.

Генерал-лейтенант В.С.Дубняк бұй­рығымен «Құйын» операциясы басталған, резеңке таяқтар, сапер күрек­тер, қалқандармен қаруланған, ит жетектеген әскерилер және темір келтек, кабель кесінділерімен қаруланған жасақшылар алаңдағы қарусыз жігіттер мен қыздарға лап қойған. Жастарды аяу­сыз резеңке таяқтар, темір келтектер, сапер күректермен ұрып-соғып, кескілеп қан-жоса қылып, естерінен тандырып, аяқтарынан сүйреп апарып автобустарға тиеп, қала сыртына алып кеткен. Барған соң киімдерін шешкізіп, естерінен тандыра соғып, қардың үстіне тастап кеткен.

Славян ұлтынан құралған жасақшы­лар отрядын құрып, қаруландыруға Г.В.Колбин нұсқау берген. Кейінірек, парла­мент­­тік комиссия қоры­тын­дысы көрсет­кендей, барлығы 16 мыңнан астам халық жасақшысы мұздай қарулан­дырылып, орталық көшелерді бақылауға жіберілгені белгілі болды. Сонымен қатар арнайы бөлінген автобус­тарда жасырынған солдаттар күндіз көзге түспестен, оларды сырттай қорғап жүрді. Биліктің ең үлкен зымияндық саясаты осы болды. /Желтоқсан-86. 5-кітап. Елдікті сақтаған ерлік. 24-бет/.

Бір уақытта Фурманов көшесі жағы­нан бронетранспортер бастаған әскери машиналардың колоннасы келе жатты. Бронетранспортер жанымыздан мінбер жаққа қарай өте бергенде шетте тұрған біреулер жүгіріп шығып, бронетранс­портерге тас, таяқ лақтыра бастады. Кейіннен белгілі болды, бұлар әдейі да­йындалып келген арандатушылар екен. Өйткені біз шеруші жастар өзімізбен бірге ешқандай таяқ, тас т.б. алып келген жоқ едік. Сол-ақ екен бронетранспортер кілт тоқтай қалды, командир бұй­рық бер­ген болар, колонна да тоқтай қалды, машиналардан секіріп арнайы жасақтың әскерлері түсіп жатты. Алдымызда тос­қауылда тұрған ішкі істер әскерлері мен жасақшылар бізге лап қойды. Сыр­тымыздан арнайы жасақтың әскер­лері қыспаққа алды, бұның бәрі алдын ала ойластырылған қақпан болып шықты, біз қоршауда қалыппыз. Мен бронетранспортерге тас, таяқ лақтырғандарға қарай жүгі­ріп кеткенмін, «жігіттер бұла­рың не, тоқтаңдар, бұлай жасауға болмайды!» – деп, оларды тоқтатуға барымды салып жүргенде, тосқауылда тұрған әскерлер мен жасақшылар маған жақындап қалыпты, шеруші жастардың ең соңында қалыппын. Қашып келемін, әскерлер резеңке таяқпен мені соғып келеді, соққылары басыма, иығыма, арқама тиіп жатыр, әйтеуір құламауға тырыстым. Басым айналып не болғаны түсініксіз, «Мұхит» ғимаратының жанындағы қоршаудың жанына келгенде тұйыққа тірелдік, қашып кетуге басқа жол жоқ. Биіктігі шамамен 3 метрдей қоршаудың арғы бетінде темірбетон плиткалар жиылған екен, соның үстіне шығып алған жігіттер бар күштерімен төмендегілерді тартып алып жатты, мені де жоғарыға лезде тартып, шығарып алды. Тұйыққа келіп тірелген шеруші жастарды ішкі істер әскерлері қуып жетіп аяусыз ұрып-соғып, қардың үстіне етбеттерінен жатқызып қойды, бастарын көтерсе – ұрады. Біз не істерімізді білмей, жанұшыра қарап тұрдық, қолдан келер шара жоқ, бір уақытта көзім Қазақ ауыл шаруашылығы институтының №6 жатақханасы жаққа түсті. Жатақхананы арнайы жасақтың әскерлері қоршап алыпты. Бастарында темір каска, қол­да­рында пластик қалқандары мен резеңке таяқтарын бұлғап, бізге «Келің­дер!» – деп сес көрсетті. Содан соң жатақхананың ішіне кіріп кетті. Бір кезде не болғаны белгісіз, жатақхана терезесінен құлап түскен студенттер қимылсыз қар үстінде жатты.

Сол болған оқиғаны Жеңіс Бекеев, №6 жатақхана тұрғыны, бірінші курс студенті: «Студенттерді жаппай соға жөнелген әскерилерді көріп, үшінші қабатқа қашып шықтым. Соңымнан төрт солдаттың қуалап келе жатқанын, қасыма тағы бір баланың ілескенін байқадым. Ұзын дәліздің бойындағы есіктер тарс жабық. Іштен кілттеулі. Жанұшыра далбасалап, әлгі сары бала екеуміз ең соңғы қолжуғыш бөлмеге қойып кеттік. Төрт жаналғыш соңымыздан қоса кіріп, тепкінің астына алды. Басыма, өкпе-бауырыма, арқаға қанша соққы тигенін білмеймін, көзімді ашсам, үшінші қабаттың терезесінен төмен ұшып келе жатырмын! «Біттім-ау деп ойладым. Ағаш бұтақтары болмағанда, расында да жерге аман түспейді екенмін. Одан ар­ғы­сы есімде жоқ...» – деп жазады. /Жел­­тоқсан-86. 5-кітап. Елдікті сақтаған ер­лік. 40-бет/.

Қоршауда қалмас үшін біз азғантай топ көшеге қарай шеруші жас­­тар тобына қосылуға кеттік. Бұдан кейін де көп уақытқа дейін көшеде топ болып жүруге мүмкіндік бермеді. МҚК адамдары жоғарғы оқу орындарына келіп, алаңға қатысқан студенттерді іздестіре бастады. МҚК адамдары біздің көркемсурет-графика факультетіне де келді. Деканаттың, оқытушылардың жасыруымен іздес­тірілуден аман қал­дық. Сол кезде көптеген студенттер оқудан шығарылып, жауапқа тартылды. Шеруші жастардың талайы қамауға алынды, сотталды, партиядан, комсомолдан шығарылды.

ҚазКСР Жоғарғы Советі Президиу­мының комиссиясы ұсталған­дар са­нының 8 500-ге жуық адам еке­нін анық­тады. Ал Прокуратура 5 324 адамнан, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті 850 адамнан жауап алған. 99 адам сотталып, екеуі ату жазасына ке­сілген. 243 адам бас пен мойыннан жараланған. Бұл күрекпен, шоқ­пармен сабалаудың нәтижесі екені ай­дан анық. Көптеген адамдар қолда­ры­­нан жарақаттанған. Олар басын сақтап, қолдарын қалқан қылған сәтте жазалау­шылардың қаруы жілікті не сындырып, не жарып жіберген. /Қозыбаев Манаш Қабашұлы,1986 – Желтоқсан: Дақпырт және шындық. 29-бет/.

Осыдан біраз жыл бұрын Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстық телеарнаға мені сұхбат беруге шақырған болатын. Сұхбат барысында Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі туралы деректі фильм көрсетілді. Мен телеарна қызметкерлерінен сол деректі фильмнің көшірмесін беруді өтіндім. Олар маған көшірмесін жазып берді. Үйге келген соң деректі фильмді көре отырып шеруші студенттердің арасынан өзімнің курстасым Ешов Жанболатты көріп қалдым. Жанболаттың бір ерекшелігі көзілдірік тағатын, көзілдірігі жарқырап анық түсіпті. Содан соң деректі фильмді қажетті кезде тоқтатып қарап отырып өзімді тауып алдым. Жанболатқа жақын жерден, сонымен қатар басқа да курстас достарымды Берік  Бөке­шовті, Айжамал  Қожаназарованы көрдім. Өйткені біз алдыңғы қатарда мінберге жақын тұрғанбыз. Сол кезде мінбер жақтан көптеген адамдар фотоаппаратқа, бейнекамераға түсіріп тұрды. 90-жылдардың басында Көкшетау педагогикалық инсти­ту­тында оқытушы болып жұ­мыс істеп жүргенмін. Бір күні курстас досым Сайлау Сиязбаев қуана күлімдеп «Дәуіт, мынаған қа­ра сенің су­ретің» – деп бір газетті ұсын­ды. Газеттегі фотосуретке қарасам мен бірге оқыған курстас достарым­­ның арасында тұрмын. Аң-таң болып суретке қараймын бұған қашан түстім деп, есіме түсіре бастадым. Сөйтсем ол 1986 жылы желтоқсанның 17 күні мінберден түсірген сурет екен. Ол суретті бір мақаланың жанына қойыпты. Бұл мақала сол кездерде батыл еркін ой­лар айтылып жүрген қоғамдық-саяси «Азат» газетінде басылып шыққан болатын.

Біз әрдайым тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары атанған желтоқсандық жастардың ерліктерін, еліне деген сүйіс­пеншіліктерін айтып, құрбан бол­­ған боздақтарды еске алу, олардың тәуел­­сіздік жолындағы ерліктерін ұмыт­­пау, өскелең ұрпаққа өнеге ету парызымыз.

 

Дәуіт СҮГІРӘЛИЕВ,

Ш. Уәлиханов атындағы

Көкшетау университеті

Шығармашылық және спорт кафедрасының лекторы,

Желтоқсан көтерілісіне

қатысушы