Қазақстан • 16 Желтоқсан, 2021

Құбыламызбен қауыштырған азаттық: Егемендікке дейін елімізде 68 мешіт болса, бүгінде олардың саны 2600-ге жетті

520 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдары «Біздің тегіміз – түрік, дініміз – ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін қасиетті кітап – Құран Кәрімді насихаттауымыз керек» деп халқымыздың ерте заманнан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі діні жайлы жүрекжарды сөзін айтқан болатын. Өйткені патшалық Ресей және кеңестік отар­лау жылдары ұлтымыз жоғалтқан рухани құндылықтарының бірі – мұсылманшылық дәстүрі болатын.

Құбыламызбен қауыштырған азаттық: Егемендікке дейін елімізде 68 мешіт болса, бүгінде олардың саны 2600-ге жетті

Суретте: Елбасы елордада жаңа мешіттің қазығын қаққан сәт. 2019 жыл, наурыз айы.

Сөз басында атап өткеніміздей асыл дініміз, әсіресе, кеңестік большевиктер тұсында қатты қысымға ұшырады. Мәселен, 1920 жылы Орта Азияда қызмет еткен 30 мың мешіттен 1940 жылы 1 мыңы қалса, барлық мед­ресе толық жабылды. Қуғын-сүргін жылдары 47 мың дін қызметкерінің 2 мыңға жуығы ғана тірі қалды. Мәшһүр Жүсіп атамыз «Сарыарқа кімдікі?» атты жырында: «Құранды қор, молданы боздай қылып, Кі­ріс­ті сөндіруге ислам нұрын» де­ге­ніндей, мұсылманшылықты тұн­шықтырудың салдарынан ға­­сырлар бойы қазақ қоғамын тұ­тас­­тырып тұрған, адамгершілік, ағайынгершілік сияқты берік ұстындар бүлініп, имансыздық орын алды. Мысалы, 1920-жылдар аяғында Кеңес Одағында «Құдайсыздар ұйымы» дейтін дінге қарсы құрылым пайда болды. Осы ұйымға мүше болу мәртебе саналды...

Ал еліміз тәуелсіздік алған тұс­та, халқымыздың кеңес кезін­де қожырап кеткен имани тү­сі­ні­гін тірілтіп, ата-баба дәс­тү­рі­мен ұштасқан исламның озық әдеп-үлгісін қалпына келтіру қа­жет­тігі туындады. Бұл мәселеде Нұрсұлтан Әбішұлы оңтайлы шешім қабылдап, мемлекетті бас­қаруда ұлт бірлігі мен дін тұтас­ты­ғын бірінші орынға қойып, дос­тық пен келісімнің үздік үлгісін қа­лып­тастыра алды. Аллаға шүкір, осынау сарабдал саясаттың арқасында елімізде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрды. Осынау тарихи іске бастамашы болып, еліміздегі 100-ден астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына топтастыра білген Елбасының ерен еңбегі тарихта мəңгі қала бермек.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбіш­ұлы тəуелсіздік жылдарында діни сенімі мен ұстанымы бір ар­на­ға тоғыса бермейтін əлемдік дəс­түрлі дін көшбасшыларының басын елордаға қосып, дін қай­рат­керлерін ортақ мақсатқа үнде­ді. Осы орайда Нұр-Сұлтан қала­сында əр үш жыл сайын өте­тін Əлемдік жəне дəстүрлі дін лидер­ле­рінің съезі жер жүзіндегі діні мен тілі, ұлты мен ұлысы бөлек күллі адамзат баласын бірлік пен бей­бітшілікке, ымыра мен ын­ты­мақ­қа ұйыстырған келелі басқосу болды.

* * *

Қазіргі таңда еліміз бойынша 3 464 ғибадат орны тіркелсе, оның ішінде 2 600 мешіт, 294 пра­вославие және 109 католик шіркеуі, 495 протестант храмы мен ғибадатханасы, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 «Кришна санасы қоғамы» және бахаи қауымының құлшылық үйінен басқа, 18 конфессия, 3 514 діни бірлестік бар екен. Бұлар 2011 жылы 11 қазанда қа­был­­данған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң шең­бе­рінде өздерінің іс-әрекетін үй­лес­тіруде. Сондай-ақ еліміз тұр­­ғындарының 9,1 пайызы православие ұстанымына жүгінсе, 72,2 пайызы мұсылман жамағаты екен.

Осы орайда республика тұр­ғын­­дарының елеулі бөлігін құрап отырған мұсылман қауы­мы­ның ұлық мейрамы – Құрбан айт Ел­ба­сы шешімімен демалыс күні болып жарияланды. Сондай-ақ республика бойынша ислам ілімін дамыту мақсатында Тұңғыш Пре­зи­дентіміздің қамқорлығымен Нұр-Мүбарак университеті ашылды. Бұл оқу орнын қазірге дейін 2 359 студент бітірсе, оның 254-і ғылым магистрі, 39-ы ғылым докторы. Бүгінде университетде 1 627 студент білім алуда. Ол үшін мемлекет тарапынан арнайы гранттар бөлінуде. Сонымен қатар 9 медресеге колледж мәртебесі берілген. Бұл колледждерде 2 769 шәкірт білім алып жатыр.

Тәуелсіздік жылдарында елі­міз­дің дін саласы Түркия, Мы­сыр, Сауд Арабиясы, Малай­зия, Индонезия секілді елдермен шариғи білім, қажылық, халал стандарттау ісі бойынша екіжақты меморандум қабылдады. Сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және тағы басқа көрші мемлеттермен дін жөнінде ортақ келісімдер жасалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шетелдердің еліміздегі бірқатар елшілігімен ынтымақтастықты нығайтып, бауырлас елдер арасындағы рухани байланысты бекіте түсуге мән бе­ріп келеді.

Қазіргі таңда елімізде ресми түрде 6 қарилар дайындау орталығы жұмыс істейді. Діни басқарма ұйымдастыратын дәс­түрлі республикалық Құран бай­қаулары қарилардың Құран жаттауына үлкен жігер сыйлау­да. Соның дәлелі жыл сайын Түр­кістан қаласында Құранды жатқа және мәнерлеп оқудан рес­пуб­ли­ка­лық байқау өтеді.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қар­саңында күллі мұсылман жа­ма­ғаты үшін өте үлкен сый – ел­орда төрінде сәулетіне көз той­майтын «Əзірет Сұлтан» м­ешіті салынып, екі жыл бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңсесі бас қалада бой көтерсе, соңғы жылдары діни басқарма жанынан заман талабына сай бас­па, ақпарат, аударма, қоғаммен байланыс саласы жанданып, бірнеше жаңа бөлім: «Зекет және қайырымдылық» қоры, «Уақып» қоры, «Муфтият» бас­па­сы, «Халал даму», «Қамқор-Шарапат» мекемесі қатарлы ұйым­дар абыройлы қызмет ат­қа­­ру­да. Соның ішінде «Зекет пен қайырымдылық» қорының бас­тамасымен баспанаға аса мұқ­таж 500-ден астам отбасыға пә­тер кілті табысталды. Бұл ша­ра Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан үлкен алғысқа бөленді.

Осы орайда тәуелсіздігімізбен қатар келген тағы бір қасиетті құл­шы­лық қажылық жолға қойылды. Егемендігіміздің алғашқы жылында елімізден 74 адам қажылық парызын өтеген болса, қазіргі таңда жыл сайын қасиетті сапарға ба­ратын жандардың саны 4 мың­ға жетті. Егемендіктің 30 жы­лын­­да 60 мыңнан астам адам қажылық парызын өтеді. Қажылық парызын өтеймін деген азаматтар үшін тікелей әуе рейстері ашылып, қолайлы жағ­­дай жасалуда.

Дәл қазір Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша қамқор­лы­ғымен елордада зәулім мешіт бой көтеріп келеді. Бұл Орта Азия­дағы ең үлкен мешіт болады деп күтілуде. Ғибадатхана аумағы 57 мың шаршы метр болса, мұнараларының биіктігі – 130 метрді құрауда. Сондай-ақ бас күмбезінің биіктігі – 88,2 метр. Намаз оқитын орынның сы­йымдылығы 15 мың адамды қам­тыса, әйелдер бөлмесі 3 мың орын­ға шақталған екен. Бұйырса, елор­дамыздың сол жағалауынан орын тепкен бұл мешіт мұсылман әле­мінің маңызды нысанына ай­налмақ.