Туризм • 16 Желтоқсан, 2021

«Керуен сарай» – тарихтың кілті

683 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адам бәрібір бабалар тарихын аңсап тұрады. Сол заманға бір оралғысы келеді. Тым құрыса бірер мезетке. Ежелгі баһадүрлермен қауышу, олар жасаған нығметтерді көзбен көру, олардың рухы мен құдіретін сезіну – бойыңа айрықша күш сыйлайтынын айтқызбай түсінесің. Міне, осындай ғажайыпты киелі Түркістанда, соның ішінде «Керуен сарайға» барып көруге болады.

«Керуен сарай» – тарихтың кілті

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Орталық Азиядағы ең ірі туристік кешен саналатын «Керуен сарайдың» жалпы аумағы 20,5 гектар жерді алып жатыр. Мұнда адам жанына керектің бәрі бар. Заманауи дүкендер мен ойын-сауық орталықтары, орта ғасыр стиліндегі сарайлар мен «ұшатын театр» көздің жауын алады. Кешеннің маркетологы Беласар Есенбектің айтуынша, «Керуен сарай» кәдуілгі кілт пішінінде соғылған. Төбесінен қарасаңыз тап солай. Кілттің ұшы (кешеннен шығып кететін тұсы) Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне барып тіреледі. Яғни турист сараймен толық танысып болған кезде тарихымыз туралы білім жиып, Ясауи бабамыздың кім болғанынан жеткілікті мағлұмат алады. Сөйтіп әрі қарай мавзолейді аралауға рухани тұрғыдан дайын болады.

«Кешеннің кіреберісінде және шыға берісінде бесжұлдызды қонақүй ор­на­ласқан. Жалпы, кешеннің тұжырым­да­масы мынадай: адам қыдырып келіп, қонақүйге орналасады, одан кейін су үстіндегі шоуды көреді, ол жерде «Қыз Жібек – Төлеген» субұрқақ шоуы қо­й­ылады. Одан шығып аттар шоуын көру үшін амфитеатрға барады. Одан бөлек түрлі концерттер бар. Сауда жасаймын дегендерге де ерекше жағдай жасалған. «Ұшатын театр» да адамға бұрын-соңды сезінбеген әсер сыйлайды. Бәрін аяқтаған соң мейрамханаға немесе фуд-кортқа барып тамақтана алады. «Керуен сарай» кешенінің ерекшелігі – ескі тарихымызды жаңа заманауи технологиялармен үйлестіре отырып халыққа жаңа форматта көрсетеді», дейді ол.

Altyn Samuryk «ұшатын театрының» ғажабын сөзбен сипаттап жеткізу тіпті қиын. Кешен ұйымдастырушылары бұл жобаны 8D соңғы технологиясымен жарақталған Орталық Азиядағы бірегей театр деп бағалайды. Арнайы креслоға отырған соң-ақ алтын самұрық сізді көне тарих тереңіне тартып әкетеді. Байырғы тарихи шаһарларды аралатып, одан заманауи Нұр-Сұлтан шаһарының төбесімен ұшырып, соңында түркі дүниесінің темір­қазығына айналған Түркістан қаласына қайтып алып келеді.

Кешендегі шоуларды ұйымдастыру және дамыту бойынша жетекші Алексей Храменковтың айтуынша, аттар шоуы қойылатын «Арена» сарайы 1 500 орынға лайықталып салынған. Қазақстандағы ең үлкен LED экран да осы жерде қо­йылған. Аттар жаттығуды осы кешен ішінде жасайды. Барлығы да шетелден алдырылған жануарлар. Атқорадағы ат саны – 18. Аттар қойылымының жобасын франциялық каскадер және бапкер Марио Люраши жасап берген. Қазір Nomad кас­кадерлер тобы айналысады. Көз тартар кешен құрылысына Қазақстан даму банкі қолдау көрсеткен. Жоба құны – 87 млрд теңге. «Соның ішінде инвес­торлардың жеке қаражат 47 млрд теңгені құрайды. Қазақстан даму банкі 40 млрд теңге көлемінде қаражат құйды. Жоба 115 бөлмелі екі қонақүй, ойын-сауық орта­лығын салуды қамтыды. Қазіргі уа­қытта жоба сәтті жұмыс істеуде» дейді Қа­зақстан даму банкі клиенттермен жұ­мыс жөніндегі дирекцияның аға банкирі Серік Ахметов.

Туристерге қолайлы болу үшін кешен аумағында бірнеше электрокар жұмыс істейді. Әзірге «Керуен сарай» кешенін толыққанды коммерциялық жоба деп атау қиын. Десе де Алексей Храменков жобаның тартымдылығын арттыруға қатысты жоспарымыз көп дейді. Өйткені Түркістандағы әулие-әмбиелердің басына тәу ету үшін келетін адам саны біршама. Енді соларды туристік нысандар мен жо­баларға сәтті тарта білу қажет. Қазір қыс маусымы болғандықтан келушілердің қатары қалың емес. Ал биыл жаз кезінде судағы шоуды көрудің өзіне сағатына 13 мың адам жиналған.

«Статистика бойынша негізінен бізге Қызылорда, Шымкент, Алматы қала­ларынан және Түркістан облысының өзі­нен адамдар көп келеді. Шетелдік турис­тер – негізінен Түркия, Франция және басқа да Еуропа елдерінен келушілер. Қазақтың салт-дәстүріне қызығушылық танытқан қытайлық туристер де көп болды. Шетелдік туристер үшін біз үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) еркін сөйлей алатын гидтерді де дайындадық. Түрік тілінде еркін сөйлесетін қызметкерлеріміз бар. Маусымның қызған кезінде күніне 20 мыңға дейін адам келді» дейді Беласар Есенбек.

Кешен туристер үшін тынығып, демалып, көңіл көтеретін мекен болса, кәсіпкерлер үшін – табыстың көзі. Әсіресе жаз маусымы кезінде бұл жерде күніне мың доллардан асырып сауда жасауға болады. Беласар Есенбектің айтуынша, кешен ішінде ашық және жабық базарлар ұйымдастырылған. Ол жерде әр апта сайын әр ауданның кәсіпкерлері келіп, өз өнімдері мен тауарларын сатылымға шығара алады. Әрі бұл үшін олардан ақы алынбайды.

Туристік орталық аумағын аралай жүріп әлемдік брендтердің сауда желі­леріне бас сұғып, ұлттық тағамдар әзір­ленетін мейрамханалардан ас ішуге де болады. Наурыз айынан бастап естен кетпес әсерлі шоулар қайта басталмақ. Ойын-сауық жобаларының барлығы дерлік келушілердің ежелгі тарихпен, баба­лар жолымен, қазақтың қасиетті салт-дәс­түрімен таныстыру мақсатында жасалған.