08 Мамыр, 2010

ПАРЛАМЕНТ «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ» АРНАУЛЫ БЕТІ

639 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ

ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫН ҚАЙТА ҚАРАСТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ

Жуырда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен “Ұлы Отан соғысындағы Қазақстан: тарихы, зерттеу әдістемесі және заманауи талдау” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағында тұрып жатқан Жеңістің барша мұрагерлеріне арнап үндеу қабылдады. Қазақстан мен Ресейдің ардагерлер ұйымдары өкілдері, танымал ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері қатысқан осындай кең ауқымды іс-шара жұмысының ең шешуші тұсы осы оқиға болғаны анық. Конференция жұмысында сана мен жүректі тербейтін сәттер жетерлік болды. Ресей Феде­рациясы қорғаныс министрлігі отанын қорғау кезінде қаза тапқандар есімін мәңгілік есте қалдыру бойынша басқармасы бастығының орынбасары, полковник Андрей Тарановтың баяндамасы ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ. Ол залға жиналғандарға Өскеменге Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан, оның ішінде Шығыс Қазақстаннан әскерге шақырылған солдаттар туралы мәлімет әкелгендігін жеткізді. Ресей Ұлы Отан соғысы мұрағаттық құжатта­рының көбінің иегері болып табылады – бұл РФ қорғаныс министрлігінің орталық мұрағаты және басқа да федералдық мұрағаттар. Қазіргі уақытта құжаттар оларға Интернет арқылы еркін қол жеткізу жолымен ғылыми айналымға енгізілуде. Бұл адам шығындары туралы майдандық хабарламалар, оларға қол жеткізу бұрынғы КСРО-ның миллиондаған тұр­ғын­дары туыстарының тағдырын анықтауға мүмкіндік бермек. Осындай жұмыстың арқасында жуырда ШҚМУ доценті Светлана Царегородцева Мәскеу түбіндегі ұрыста батырлықпен қаза тапқан өзінің атасының жерленген орны туралы білді. Осы жылдар бойы Янов Василий Ефимовичтің туыстары бірнеше рет Мәскеу мұрағаттарына оның жерленген орнын анықтап беруге өтініш хат жолдаған, бірақ нәтиже шықпаған. Қазіргі уақытта батырдың 74 жастағы қызы және жиені әкелері мен аталарының зиратына гүл шоқтарын қою үшін жолға жиналуда, ол белгілі болғандай, Калинин (қазіргі Тверь) облысының Гребенкино селосында жерленген екен. Ол туыстары алғашқыда ойлағандай қаруластар зиратына емес, бөлек зиратқа жерленіпті. Соғыс жылдарында 512 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді, солардың 109-ы шығысқазақстандықтар. Батыр қазақстандықтардың есімдері жаңа мектептерге, Ресей мен Беларусьтегі селолар мен қалалардың көшелеріне берілген. 2010 жылы Мәскеуді қорғау үшін қанды ұрыстар болған және Панфилов жетекшілігіндегі 316-шы дивизия жауынгерлерінің өшпес ерлігі жасалған жерде, яғни Крюково бекетінде орналасқан №229 Мәскеу орта мектебіне Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілді. Әрбір кеңестік республика көптеген өз азаматтары­ның өмірлерін қия отырып, Жеңіске орасан зор әлеует қосты. ҚР БҒМ Тарих және этнология институтының директоры, профессор Саттар Мәжитов қазақстандық ғалымдардың ұстанымын барынша жан-жақты ашып берді деп ойлаймын. Ол өз баяндамасында достарсыз, ағайын-қарындассыз өмір сүру мүмкін емес екендігін атап көрсетті, ал Ұлы Отан соғысының тақырыбы – бұл баршамызды біріктіретін, ортақ Жеңіске қатысқан халықтар арасында үнқатысуға көмектесетін тақырып. Орыстар мен қазақтар, украиндар мен белорустар, әзірбайжандар мен татарлар ұлттарға бөлінбей, бір халық болып соғысты. Соғыс тәжірибесі бізді ортақ мақсат үшін келісімді іздеуге, бірлік пен қоғамның тұтас­тығына жетуге бағыттайды. Бүгінде біз қазақстан­дық қоғамда үстемдік құрған бейбітшілікті, достықты, осы жер Отандарына айналған барлық этностар ара­сындағы келісімді ұлы жетістік ретінде қарастырамыз. Біздің қасиетті борышымыз – балаларымызға осы сұрапыл соғыс туралы ойдан шығарылған емес, шынайы тарихты қалдыру. Оның куәгерлері күн санап азая түсуде, ал біздің ортақ тарихымызды қайта жазғысы келетіндер көбейіп барады. Соғыстың басты қорытындыларын қайта қарастыруға болмайды. ТМД елдеріндегі мемлекеттік органдарға, ғылыми-педагоги­калық және шығармашылық еңбеккерлер қауымдас­тығына арналған үндеуді қабылдаған халықаралық конференцияға қатысушылардың арман-тілегі осыдан өрбиді. Конференцияға қатысушылардың пікірлері бойынша, тарихты бұрмалау­шылардың жастар санасындағы соғыс сабақтарын қабылдауды өзгертуге күш салуы, әсіресе, алаңдаушылық туғызады. Міне, осы мәселеге, біздің ойы­мызша, басты назар аудару қажет. Осыған орай орта мектеп бағдарламаларында Ұлы Отан соғысы тарихын оқыту сағаттарының санын ұлғайту туралы мәселені қарастыру керек, ал академиялық ғылыми мекемелер құрылымдарында аталған тақырып бойынша зерттеу жұмыстарын үйлестіру жөніндегі орталық құру керек. Мұндай іс-шаралар мен жұмыс түрлері жас ұрпақ бойында азаматтық, отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыруға септігін тигізбек. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры, профес­сор Бейбіт Мамраев өз сөзінде маңызды аспектіге көңіл аудартты: Ұлы Отан соғысы тарихының әр күні дерлік қайта қалпына келтірілсе де, тарихи деректерді талдауға жаңа тәсілдер және оларды зерттеудің ба­рынша адекватты әдістемесі қажет. Осыған байла­нысты соғысқа бүгінде егемен мемлекеттерде тұрып жатқан бұрынғы КСРО-ның әр түрлі халықтарының қатысу ерекшеліктерін саралап, талдау өте маңызды. Әрбір кеңестік республика көптеген өз азаматтарының өмірін қия отырып, Жеңіске өз үлесін қосты. Алайда, соғыстың фашистер толық оккупациялаған Беларусьқа немесе депортацияланған және эвакуацияланған тұрғындарға толы Қазақстанға ықпалы әр түрлі болды. Осы барлық деректерді тарихи ақиқатты қалпына келтіру үшін барынша ескерген жөн. Соңғы уақыттары соғыстың қарсаңында және кезеңінде өткізілген депортация мәселесі бойынша бірқатар сүбелі еңбек жарық көрді. Біз үшін бұл мәселе аса өзекті. Өйткені, Қазақстан үшін және қазақтар үшін депортация салдарлары туралы еңбектер аз. Депортацияның саяси, экономикалық салдарлары қандай болды, ол ұлтаралық қатынастарға қалай әсер етті, арнайы көшірілгендердің күштеп жер аударылуы қазақтардың этностық көңіл-күйіне қалай әсер етті? Соғыс уақытындағы депортация үдерістері егемен Қазақстанның қалыптасу үрдісіне қалай әсер етті? Соғыс тарихында осындай соңына дейін зерттелмеген беттер әлі көп. Солардан нақты картина шығуы тиіс. Бүгінде айтылған мәселені зерттеудің жаңа әдістерімен бөліскен өте маңызды. Біздің халықтар ортақ Жеңіс үшін ең құнды дүниелерін – жандарын қиды. Мұны ешкім де жоққа шығара алмайды. Конференция аясында өткізілген дөңгелек үстел басындағы кездесу кезінде ғалымдар барынша ашық сөйлесті. Олар ең қиын деректерді саралайтын уақыт жеткенін айтты. Неліктен жүздеген мың бұрынғы кеңестік жауынгерлер Власов әскеріне барды, неге орыстардың эсэстік дивизиясы, Түркістан легионы болды және тағы басқалар. Соңғы уақыттары Батыста пай­да бола бастаған Германия мен КСРО екінші дү­ние­жүзілік соғысты шығаруға бірдей кінәлі деген те­зистерге лайықты жауап қайтаратын уақыт жетті. Қо­рытындысында тарихты бұрмалауға қарсы бағыт­талған арнайы бағдарлама әзірлеу ұсынысы пайда болды. Бауыржан Момышұлы өзінің “Соғыс психоло­гиясы: кітап-шежіре” еңбегінде “соғыс көптеген жандарға бақытты шығармашылық өмір жолына шығуға кедергі келтірді, жастық шақтағы армандарға нүкте қойды...” деп жазған-ды. Қазіргі ұрпаққа армандауға, ойлағандарын іске асыруға кедергі жоқ. Бірақ, осы мүмкіндік үшін әкелеріміз бен аталары­мыздың жандарын қиып, қандарын төккенін ұмытуға болмайды, әлемдегі бейбітшілікті сақтау үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек. Светлана ФЕРХО, Мәжіліс депутаты.

ЕЛІНЕ СЫЙЛЫ, ХАЛҚЫНА ҚАДІРЛІ

азаматтың ортамызда жүргенінің өзі береке

Мемлекет және қоғам қайрат­кері Салық Зиманов 1921 жылы ақ­пан­ның 19-ында туған. Соғысқа дейін мұғалім болып еңбек етті. 1940 жылы Салық Зиманұлы әскер қатарына шақырылды. Ал Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол Бас Кавказ жотасында жаудың жо­лын бөгеуге қатысты. Бұдан кейін жауды қуған Кеңес Одағы әскері­нің құрамында Кубань, Воронеж, Харьков, Кировоград, Кременчук қалаларын азат етуге, Данциг, Ке­нигс­берг қалаларын алуға атсалыс­ты. Сөйтіп, Берлинге жетіп, жеңіс туын қадауға үлес қосты. Полк штабының бастығы болған гвардия майоры С.Зиманов елге жеңіспен оралды. Оның май­дандағы ерлік жолы І және ІІ дәрежелі Отан со­ғысы, “Қызыл Жұлдыз” ордендері­мен және көпте­ген медальдармен, соның ішінде “Кавказ қорғанысы үшін” медалі­мен бағаланған. Де­мек, 65 жылдығы үлкен ауқымда аталып өтіп жатқан Ұлы Жеңіске қос­қан үлесі де айтарлықтай деп ба­ғалаймыз және бұл айтулы мере­кеге оның да тікелей қатысы бар деп білеміз. Соғыстан кейін Бүкілодақтық заң институтының Қазан филиа­лын және КСРО Ғылым акаде­миясының Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын ойдағыдай тәмамдады. С.Зиманов – заң ғылымдарының докторы, про­фессор. Қазақстан Ұлттық ғы­лым академиясының академигі. Ол – көрнекті заңгер-теори­тиктердің бірі, танымал мемлекет зерттеушісі, Қазақстандағы қоғам­дық-саяси ой тарихының шежіре­шісі, қазақтың әдет-ғұрып құқығы­ның білгірі, әрі республикадағы философия мен құқық ғылымын, сондай-ақ оқу-ағарту ісін ұйым­дастырушы. Салық Зиманұлы Қазақстан мем­лекеті мен құқығының тари­хын, республикадағы және Орта­лық Азия аймағындағы ұлттық мемлекет және ұлттық-мемлекеттік құрылыс теориясы мәселелерін зерттеуде жаңа ғылыми бағыт қалыптастырды. Оның құқық және заң шығару ісінің аса маңызды теориялық және методологиялық мәселелерін зерттеуге арналған еңбектері де айрықша құнды. Тәуелсіз Қазақстанның Консти­туциясын әзірлеуге белсене атса­лысқан дарынды заңгер. Ата Заңымыздың әрбір бабы мен тар­мағы демократиялық ұстанымдарға сәйкес болуына баса назар аударды. С.Зиманов Халықтар достығы, Парасат ордендерімен марапаттал­ды. Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылымының де­путаты, Қазақстанның еңбек сіңір­ген ғылым қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Президенттің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері, Атырау облы­сының құрметті аза­маты. Көптеген ғылыми еңбектер­дің авторы. Со­ның ішінде “Конс­титуция және Қа­­зақстан Респуб­ликасының Пар­ламенті” атты кітабын ерекше айтуға болады. Осындай елге сыйлы, халқына қадірлі азаматтың ортамызда жүр­генінің өзі береке. Оның өмір жолы – өскелең жастарға үлгі. Келер жылы Салық Зиманұлы 90 жасқа толады. Қазір он айдай уақыт қал­ды. Осы орайда оның туған күніне байланысты мәдени шаралар, ғылыми конференциялар өткізу мәселесі алдын ала Мәдениет, Әділет, сондай-ақ Білім және ғылым министрліктерінің жылдық жоспарларына енгізілгені жөн деп ойлаймын. Осы мәселеге Үкімет ықпал етсе құба-құп. Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты.

“ҰРЫС ҚИМЫЛДАРЫ ӘЛІ КӨЗ АЛДЫМДА”

Астана қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Те­мірбек Нәбин 1924 жылы Степногор маңындағы Ақсу ауылында туған. 1942 жылы әскерге шақырылған. Үшінші Украина майданында шай­қасқа түскен старшина-пулеметші Т.Нәбин алғашқылардың бірі болып Днепрді алудағы ерлігі үшін ІІІ дә­режелі Даңқ орденін иеленген. І дә­режелі Ұлы Отан соғысы, “Құрмет Белгісі” ордендерімен марапаттал­ған. Қадірлі қарияның кеудесінде 20-дан астам медаль бар. Соғыстан кейін комсомолда, Қазақстан Компартиясы Орталық Комите­тінде, Жоғарғы Кеңесте қызмет атқарған. Үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, қазір немере-шөберелері бар. Жуырда Ұлы Жеңістің 65 жыл­дығы аясында Парламент Мәжілісі мен “Нұр Отан” партиясының пар­ламенттік фракциясы ел қорғаған қаһармандарға құрмет көрсетті. Отан қорғауда от кешкен ардагер­лерді Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджа­нов бастаған депутаттар қарсы алды. Арнайы шақырылған ардагерлердің ішінде Темірбек Нәбин де болды. Ол сұрапыл соғыс туралы ойларымен бөлісті, жастарға ізгі тілегін жеткізді. – Біздің қатарымыз жыл сайын сиреп барады. Биыл Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасы бойынша соғыс ардагер­леріне шынайы қамқорлық жасалу­да. Елдің алға басып келе жатқа-нына, әлем алдындағы беделі өске-ніне мәртебеміз биіктеп отырады. Соғыс басталған жылдары “Кім болмаса, ол болады. Ал кім болса, ол ешқашан да ұмытпайды” деген мақал болды. Кім ойлап тапқанын білмейміз. Содан бері көп жылдар сырғып өтті. Міне, Ұлы Жеңіске 65 жыл толуда. Ал соғыстың бастал­ғанына да 69 жылға тақап қалды. Соғыс кезіндегі қаһарлы күндер әлі күнге көз алдымда. Көзіңді жұм­саң, кеше болған оқиғадай есіңе түседі. Түнде ұйқыға жатқанда немесе кейде оянып кетсең, барлық оқиға көз алдыңа келеді. Шамасы, жастық шақтағы көргенің есте жақсы сақталатын да шығар. Небір қанды оқиғаларды, соғыс сойқан­да­­рының барлығын да менің за­мандастарым көрді, бастан кешірді. Дегенмен, әлі тірімін, өз аяғым­мен жүремін. Соғыста жарақат алдым, Ұлы Отан соғысының мүге­дегімін. Бір қызықты айтайын. Рентгенге түскен кезімде дәрігер: “Қалтаңызда не бар?” деп сұрайды. “Қалай қалтаңда не бар? Мен кеудеме дейін жалаңаш тұрған жоқпын ба?!” деймін. Рентген адам ағзасында болмайтын, денеден тыс бір-екі қара ноқатты көрсетеді екен. Мен соғыста пулеметші бол­дым. Қай уақытта да жау әуелі пу­леметшінің көзін құртуды ойлайды ғой. Сондықтан пулеметшіні бірін­ші нысанаға алады. Мина жарылды ма, әлде гранатаның жарықшағы тиді ме, білмеймін. Мен есімнен танып құладым. Кейін қарулас­тарым оқтың астынан алып шы­ғып, санитарлық бөлімге, одан әрі госпитальға жіберген екен. – Сіздің денеңізде әлі күнге дейін снарядтың жарықшақтары болғаны ғой? – Әрине, әлі денемде тұр. Олар қайда кетсін? Өзіме кедергі келтір­мейді. Мен үйреніп кеттім. Тек рентген ғана тауып алады. Соған қарағанда, етпен ет болып бітіп кеткен болуы керек. – Бүгінгі ұрпаққа қандай тілек тілер едіңіз? – Мен өскелең ұрпақ өкілдері­мен жиі кездесіп тұрамын. Әр­дайым қайталап айтатын кеңесім біреу-ақ. Мен жастарға әрқашанда алда болу керек деп айтамын. Еңбек етсең де, тәжірибеден өтсең де, тіпті бір жерде тазалық жұмы­сын жасасаң да алда болуға тиіс­тісің. Ортада жүргеннің қажеті жоқ. Оқушы не студент болсаң, екінің бірі болып оқып жүре бермеуің керек. Менің ұстанымым да, жастарға айтар тілегім де – осы. Өйткені, мен жастайымнан еңбекке араластым. Әкемді, ағамды “халық жауы” деп алып кеткенде, отбасымызда екі әжем мен жеңгем ғана бар еді. Олар маған қарап қалды. Мен 7 сыныпта оқып жүр едім, амал жоқ, мектепті тастап, шахтада слесарь болып жұмыс жасадым. Сондықтан жұмыстың қандай ауыр болатынын, отбасын асырау дегеннің не екенін жақсы білемін. Еліміздің тыныштығы мәңгі сақталсын, халқымыз аман болсын. Міне, қадірлі қария осылай дейді. Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.

АЛМАТЫ СЕЛ ӨТІНДЕ ТҰР

Алматы қаласының төбесінде Мәншүк Мәметова мұздығында жиналып, қалаға сел қаупін туғы­зып отырған №6 балшықты кө­лінің бүгінгі жағдайы алаңдатар­лықтай. Тауда 3600 метр биіктікте пайда болған №6 көлдің бал­шықты, мұз кесекті, биіктігі 15 метрлік жиынтығы апатты ахуал туындатып отыр. Ол жолындағы құрылыстар мен кедергілерді бұзып өтіп, қаланы басып қалуы ықтимал. Көпшілікке мәлім, Алматы қаласын Іле Алатауы тау жотасы айнала орналасқандықтан, сел қаупі қалада әрқашан өзекті. Осындай қатерлі сел қала тари-хында екі рет кездесті. 1921 жылы балшықты сел қала көшелерін басып қалса, 1973 жылы қалаға төнген қатерді Медеу шатқалын­дағы биіктігі 150 метрлік бөгет тоқтатты. Ол кезде құлаған көл біз сөз етіп отырған №6 көлдің маңында орналасқан №2 көл болатын. Бүгінде мамандар Медеу шатқалындағы селден қорғау бөгеттері №6 көл төмен сыр­ғып кетсе, төтеп бере алатын­дығы туралы нақты болжам жасаудан бас тартады. Мәселені одан әрі зерттей түсіп, “Қазгидромет” мекемесінің мамандарымен хабарласқаны-мызда, мынадай мәліметтерге қа­нықтық. №6 көл қаланың төбе­сінде 1950 жылдардан жинала бас­таған. Соңғы жылдары көл көле-мінің қарқындап өсуі байқалуда. 1997 жылы көлдің көлемі 190 мың текше метрді құраса, тереңдігі 18 метр, қазіргі күні 23 метрге жетеді. Ал жиналған балшықты, мұзды селдің көлемі 285 мың текше метр болып отыр. Бұл сел қатері төніп, көлді босату жұмыстары жүргізіл­ген 1997 жылдағыдан 100 мың текше метрге көп. Өзінің шегіне жеткен №6 көлдің төмен құлауы 10 млн. текше метр ағындының пайда болуына алып келеді (мұн­дай сел Медеу шатқалындағы селден қорғау кедергілерін толты­рып, Алматы қаласының шығыс бөлігін қиратуға қауқарлы). Ға­лым­­дардың есептеуінше, ол уа­қыт­­қа дейін көлдің құлауы орын алмаса, 2020 жылға қарай көл кө­лемі 700 мың текше метрге жетпек. Бүгінгі таңда “Қазселденқор­ғау” мемлекеттік мекемесінің №6 көлге қатысты қолданып отырған шаралары мардымсыз. Мамандар көлді босату жұмыстары қолға алынбаса, оның төмендегі қалаға құлап кету қаупін жоққа шығар­майды. Мамандардың есептеуін­ше, №6 көлді босатуға жұмсала­тын күш пен қаржы, оның ық­тимал құлау салдарынан туындай­тын шығындардан 200 есеге дейін аз. Оның үстіне, күні кешегі Қызылағаш оқиғасы қатердің ал­дын алып, табиғаттың төтен мі­незінен сақтанып отырудың қан­ша­лықты бағалы екендігін дәлел­деп берді. Біз оны естен шығар­мауымыз керек. “Қазгидромет” мамандары көлді босатып, оның деңгейін қауіп­сіз көлемге дейін түсірудің, сөйтіп, қатер­­ді сейілтудің бірнеше ғылы­ми негізделген технологиясын ұсынуға дайын екендерін айтады. Осы орайда, №6 көлдің апатты жағ­дайы туралы жедел шешім қабылдап, оны босатуға байла­ныс­ты шара­ларды қолға алу қа­жеттігі кезек күттірмейтін мәселе деп білеміз. Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты.

БІРТЕ-БІРТЕ БӘРІНЕН ДЕ АЙРЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ...

Мәжілістің соңғы отырысында қаралған заң жоба­ларының бірі Байқоңыр қаласы және оның жа­нындағы Төретам мен Ақай кенттерінің тұрғын­дарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасындағы келісімді ратификациялауға арналған заң жобасы болды. Тұрғындардың арасында ғарыш айлағында қызмет істейтін персоналдар да осы келісімнің шеңберінде медициналық қызметпен қамтамасыз етілмек. Ал олар негізінен Ресей Федерациясының азаматтары екені белгілі. Демек, Байқоңыр мен оның төңірегіндегі кент тұрғындарының бізге қарағанда медициналық көмек алу жағы жақсырақ Ресей азаматтарымен теңесіп тұрғаны құба-құп. Бірақ алақайламай тұра тұрайық... Ең қызығы сол, заң жобасы туралы баяндама жа­са­ған Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқа­лиевтің айтуына қарағанда, тұрғындардың бәріне де медициналық көмек ресейлік мамандардың қолымен жүргізіледі екен де, Қазақстан азаматтарын қарағаны үшін біздің Үкіметіміз олардың денсаулық сақтау ұйымдарына қаражат аударып тұрады екен. Бұл туралы келісімге екі елдің құзіретті органдарының өкілдері 2009 жылдың 17 қарашасында қол қойыпты. Баяндама аяқталған соң үш-төрт депутат өзде­рінің сұрақтарын қойды. Соның ішінде В.Нехо­рошев: Қазақстан азаматтарына медициналық көмек Ресей заңнамасы негізінде көрсетіледі екен, ал оның ақысы Қазақстан заңнамасы негізінде төленеді. Сонда, жасалған қандай да бір отаға Ресей жағының заңы бойынша біздегіге қарағанда, көп қаражат талап етіліп (ал оларда бізге қарағанда бәрі де қымбат екені белгілі – Ж.С.), біздің адамдардың өздерінің қалталарынан қосымша ақы төлеуіне соқпай ма? Екіншіден, Ресей мамандарының медициналық қызмет көрсету сапасын біздің тарап тексере ала ма? Жалпы, Байқоңырдағы жағдай халықтың орынды алаңдаушылығын тудыруда. Айлақтың экологиялық ахуалын да біз тексермейміз, жалға алушының өзі сараптама жасатқан болады. Ал олар жағдайдың дұрыс екенін айтып береді. Бірақ, халықтың орташа өмір сүру жасы – 55, жас балалардың өлімі республикалық орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екендігі көп нәрседен хабар беріп тұр емес пе? Ал келісімде сіздер аймақтың санитарлық-эпиде­миологиялық жағдайын бақылау Ресей жағының құзыретті органдарына жүктеледі депсіздер. Ал біз өз тарапымыздан осы жағдайды тексере аламыз ба, мүмкін тәуелсіз сарапшылар шақыруға хақымыз бар шығар, сайып келгенде, ол жерде тұрғындардың түгелге жуығы біздің адамдар емес пе?! деп өзін толғандырған сауалдарын лекітете қойды. Бұл сұрақтарға толымды жауап естідік деп айту қиын. Бірақ министрдің сөзін толық келтірмеуге хақымыз жоқ. Рас, деді ол, медициналық көмек Ресей Федерациясы заңнамасы негізінде көрсетіледі. Медициналық көмектің кепілдендірілген ақысыз көлемі Ресейде де бар. Ал ақылы көмекке келетін болсақ, ресейлік тарифтердің біздікінен өзгеше екені рас. Біз сырқатқа жасалған көмекке 100 пайыз ақыны сол адам толық қанағаттанса ғана төлейміз. Егер науқас ем қабылдау барысында қайтыс болса немесе мүгедектікке ұшыраса, онда Қазақстан жағы жіті медициналық сарап жасайтын болады. Медициналық қызметкерлердің қателігі анықталса... қызмет ақысы төленбейді. Ал қателік анықталмаса, ақысы төленеді. Қазақстан жағынан осындай бақылау жасалады. Экологиялық жағдайға байланысты айтатын болсам, жалға алушы өзі жалға алған жердің тазалығына өзі жауап береді. Тек жалға алған аумақтан тыс жерлердегі санитарлық-эпидемиологиялық нормалар бұзылса ғана Қазақстан жағы сарап жасауға құқылы. Осы арада қызылордалық депутат Ыдырысов та сұрақ беріп, ресейлік дәрігерлер ақысын төлемесеңдер ем жасамаймыз деп отырып алатынын айтты. Сонда ақы алдын ала төленетін болып тұр ғой. Демек, министрдің науқас “толық қанағаттанса ғана төленеді” дегені қағаз жүзінде ғана сияқты... Депутат биыл осы аймақтың медициналық шығы­нына бюджеттерден (республикалық және облыстық) 277 млн. теңге қарастырылғанын айтты. Бұл дегеніңіз былтырғыдан 4,9 есе көп екен. Ол-ол ма, жергілікті басшылық бұл шығындарды тоқсан сайын анықтауға тура келетінін, өйткені, ресейлік тарифтер де тоқсан сайын шарықтай беретіндігін айтыпты. ...Сонымен, мектеп бір болсын деп оны ресейлік­терге беріп қойдық. Қазір Байқоңырда орысша түгіл, қазақша оқитын қазақ балалары “менің Отаным – Ресей Федерациясы, Президентім – Медведев...” деп оқиды. Бұл туралы “Егеменге” С.Пірназар, Ж.Сүлей­менов, А.Тұрапбайұлы, т.б. жазды. Не өзгерді? Ештеңе де өзгерген жоқ. Баяғыда министр Әйтімова қол қойып, ол заң ратификацияланып кеткен... Енді медицинаны да соларға беріп жатыр екенбіз. Қазақтың білікті медициналық маманы Ресейдің туы желбіреп тұрған мекемеде ем жасайды, есіктен төрге дейін ресейлік тәртіптер, ресейлік заң-заңнамалар... Бүгін медицинаның билігін берсек, ертең тағы бірдеңемізді береміз, сөйтіп, Байқоңырдан толығымен айырыламыз ба, ойланайық ағайын. Жақсыбай САМРАТ.

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Кеше Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде “Қа­зақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкі­меті арасындағы Ресей Федера­циясының “Байқоңыр” кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұр­ғын­дарына медициналық қызмет көр­сету тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасы талқыланды. Заң жобасының мақсаты “Бай­қоңыр” ғарыш айлағының пер­со­на­лына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық кө­мек көрсету тәртібін жетілдіруді көз­дейтін осы келісімді ратифи­ка­циялау болып табылады. Атап айтқанда, ғарыш айла­ғы­ның персоналына және Байқоңыр қаласының тұрғындарына меди­ци­налық көмек көрсетуді Ресейдің ден­саулық сақтау ұйымдары, ал Төретам және Ақай кенттерінің тұр­ғындарына Қазақстанның  ден­саулық сақтау ұйымдары жү­зеге асыратын болады. Заң жобасы палатаның қарауына ұсынылатын болды, деп ха­барлады Парламент Сена­тының баспасөз қызметі.
Соңғы жаңалықтар