07 Наурыз, 2014

Кәсіпкерлік кемелденер кез

396 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мораторийге бизнесмендер көзқарасы осындай

Елбасының кәсіпкерлерді қолдау туралы Жарлығы бірінші кезекте автомобиль кластерін дамытып жатқан біздер үшін маңызды бастама болды. Өскемен қаласындағы автомобиль кластері бойынша автокөліктің барлық тетіктерін, қосалқы бөлшектерін шығаратын технопарк ұйымдастырылуда. Міне, нақ осы технопаркте біз еліміздегі ең ірі машина жасау орталығына қызмет көрсететін шағын және орта кәсіпкерлік өндірісін дамытпақпыз. 2

Машина жасаудың өрісін кеңейтеді

Шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қол­дау көрсету мақсатындағы Мем­лекет басшысының Жарлығы ел экономикасының жаңа бір қырының қарқынды дамуына жағдай жасайды. Елбасының тұрақты қамқорлығының нәти­жесінде Қазақстанда бизнес жүр­гізу мәселесі жылдан-жылға жеңіл­деп келеді. Бүкіләлемдік банктің Doing Business рейтингі бойынша, Қазақстан ТМД елдерінің ішінде үшінші орынға шықты. Оның ішінде бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша біздің еліміз Испания, Италия сияқты еуропалық дамыған елдердің өзін басып озды. Мемлекет басшысы өзінің мә­­лімдемесінде «Мен Үкіметке жер те­­­лімдерін беру және оларды пай­­далану мақсатын өзгерту ре­­­­­­сім­­­дерін, сонымен қатар, құры­лыс­қа рұқ­сат беру және инже­нер­­лік жүйелерге қосу ресім­де­­рін 50 пайызға азайту туралы тап­­сыр­ма бердім», деп атап көр­сет­кен. Бұл біз үшін өте маңыз­ды мәселе. Біздің автомобиль жасау өндірісінің негізгі ке­шені 523 гектар ашық алаңда бой кө­тере­тін болады. Міне, осы жер телі­мін ресімдеу үшін біз бірне­ше жыл уақыт шығындадық. Жер телі­мін ресімдеу мәселесі әлі күн­ге толық аяқталған жоқ. Оны­мен қоса, болашақ автомобиль клас­тері кешенінің құрылысы салы­натын аймаққа инженерлік ин­фра­­­құрылым тарту және оны қа­ла­ның ин­женерлік желілеріне қосу міндеті тұр. Сондықтан Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіп­керлікті қолдау туралы мәлім­демесі біздің жұмысымызды ба­­рынша жеңілдететін нақты мем­­­­­­лекеттік қамқорлық болып табылады. 2012 жылғы 9 қыркүйекте қазақстандық «Азия Авто» және ресейлік «АвтоВАЗ» компания­лары арасында стратегиялық әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум екі ел президенттерінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылмақ. Толық циклді автомобиль өндірісін құру жөніндегі Қазақстан-Ресей жобасы еліміздің ҮИИД мемлекеттік бағдарламасына енгі­зілген. Осы бағдарламаға сәйкес жылына 60 мың дана автокөлік шығару міндеті 2015 жылы іс жүзіне асырылмақ. Автомобиль кластерінің кешені толық іске қосылған кезде біз жылына 120 мың автокөліктерді құрастыратын  барлық бөлшектерді өзімізде шығаратын боламыз. Жаңа өндіріс кешенінің өнді­рістік желілерінен шығарылатын алғашқы модельдер француз – жа­пон – ресейлік альянстың жаңа өнім­дері – Lada Granta және Lada Kalina автомобильдерінің жаңа түрлері болады. 2020 жылға дейін Nissan, Renault, Datsun және Lada бренділерінің 30 моделін шығару жоспарлануда. Өскемендегі автомобиль кластері толық қуатында жұмыс істей бастағанда, сыртқы рынокқа 80 миллиард теңгенің өнім­дері шығарылатын болады. Өт­кен жылы «Азия Авто» қа­зақ­стан­дық машина жасау өн­дірісі өні­­мінің 12 пайызын қам­тамасыз етті. Өндіріс өнімі­нің көлемі бойын­­ша зауыт Қазақ­станның маши­­на жасау саласындағы ең ірі ком­пания­­­лары үштігінің құрамына кірді.  Ержан МАНДИЕВ, «Азия Авто Қазақстан» АҚ  бас директоры. 

Ісіміз ілгері жылжитын болды

Қандай да бір кәсіпті бастағанда оған қолдау қажет екені айтпаса да түсінікті. Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылдың 2 сәуірінен 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге мораторий жариялауы оларды қолдаудың ең үлкені деп білемін. Жалпы, шағын және орта кәсіпкерліктің елімізде сан түрі болса, менің де жасап жатқан жұмыстарым соның бірі болып табылады. Мамандығым тіс дә­рігері болғандықтан, кәсібімді осы салада таңдап, бүгінде елордада «АдиСтом» стоматологиясын ашып, жемісті еңбек етіп келемін. Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында несиелер беріліп, көптеген жағдайлар жасалуда. Бұрындары өзім жеке стоматология ашпай тұрғанда, өзге тіс емханаларында жалданып жұмыс жасадым. Рас, онда көп нәрсеге бас ауыртпайтынмын. Тек пациенттерімнің алғысын алсам, сол маған жетіп-артылатын. Жалақым да тұрақты түрде қолыма тиетін. Сөйтсем, мұның бар­лығы да сол іскер кәсіпкерлердің арқасында екен ғой. Олардың күн демей, түн демей, жұмысымен қатар қағазбасты болып жүретініне және келген түрлі тексерулермен әуре болатынына қатты назар аудара қоймаппын. Енді міне, өзім де сол азаматтардай кәсібімді ашқаннан кейін олардың басындағы жайларды біле бастағандаймын. Елбасының шағын және орта кәсіп­­­­­­кер­лікті қолдау үшін жариялаған мораторийі кәсіпкерлерге жұмысының ілгері жылжуына үлкен әсер етеді деп ойлаймын. Елімізде кәсіпкерлік дамыса, ел экономикасының да қоры молая түспек. Өйткені, жұмысы жанданған кәсіпкер ел қоржынына салықты да молырақ төлейді емес пе? Оған қоса, қаншама адам жұмыспен қамтылып, қаншама отбасының материалдық жағдайы жақсармақ. Бұл тұрғыда бала туу көрсеткіші де молая түсетініне сенімім кәміл. Яғни Мемлекет басшысының біздерге жасаған бұл қамқорлығы келешек ұрпақтың да игі­­лігі үшін жасалған шара екенінде дау жоқ. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін жасаған Елбасы мораторийі арқасында жұмысымызды жандандыруға молырақ мүмкіндік алып отырмын. Ендігі таңда осы қамқорлықты сезіне отырып, сергек серпінмен жұмыс жасай бермекпін. Әбдіуахид ҚОСПАНОВ, «АдиСтом» стоматологиясының меңгерушісі. АСТАНА.

Басты қазынам – қанағат

Қазір «жұмыс жоқ» деп қол ай­­қас­тырып, бос отырған жастарды түсін­беймін. Өз басым, жасым 80-ге таяса да еңбекпен тапқан асты ғана орынды деп білемін. Кезінде ауыл шаруашылығында еңбек еттік. Табысымыз мол болмаса да, тапқанымызды қанағат етіп ғұмыр кештік. Кеңестік жүйе қанша еңбекқор болғаныңмен жұрттан айрықша ерекшеленіп кетуге жол бермейтін. Ал, қазір жақсы емес пе? Қанша еңбек етсең табысың сонша өседі. Ауқатты тұрғаныңа мемлекет қуанбаса, қысым жасамайды. Тапқан табысыңды қалай жұмсаймын десең, ерік тағы өзіңде. Тіпті, шағын шаруаның өрісі кеңісін деген Елбасы, бей-берекет тексеру қызметтеріне жыл бойына тыйым салды. Оны естіп, көріп отырмыз. Осы сәттілікті тиімді пайдаланып, игілігін көруге тиіспіз. Мәселен, мен тәуелсіздіктің ар­қа­сында, жүйелі саясаттың жемі­сін көріп отырған ақсақалмын. Жеке кәсібімнің өрге басқанының нәти­же­сінде, мұсылмандықтың басты парызы қажылыққа барып, қасиетті Мединада – 8, Меккеде 19 күн болып, Аллаға құлшылығымды жасап келдім. Кеңес дәуірінде өмір сүрдік дегенмен, қажының немересі болғандықтан бұл қасиетті борыш та көңілдің төрінде жүрген ой еді. Сондағы әлі күнге істеп келе жатқан кәсібім не дейсіз ғой? Ол кәдімгі бабалардың бәсірелі қымыз өндірісі. Мама биені мен бағамын, кенже келінім сауады, екеуміз баптаймыз да саудаға шығарамыз. Ілгері үйірлеп бие сауғанмен, қазір азайтқанбыз. Барға қанағат дегенмен, жемшөптің бағасы жыл санап өсіп келеді. Соның салдарынан жастар мал шаруашылығынан қол үзіп, қалаға жөңкіліп жатыр. Бірақ қалада да жақсы кәсіп тауып, мол табысқа кенеліп жатқандары тым сирек. Сондықтан, ата кәсіптен келер нәсіпке қанағат қылып, нәпақаны мал шаруашылығынан айырып, туған ауылдың көркеюіне қолғабыс жасаған жөн деп білемін. Өйткені, атамыздың атасы да осы кәсіп­тің арқасында ел ықыласына бөленіп, жұртына жөн сілтеп, өнеге көрсеткен. Атамыз Бозғыл қажы жанға дәру, тәнге шипа қымызға қазы туратып пістіреді екен. Сондай-ақ, жаңа шыққан қара мал қаймағын да қымызға қосып, дәрілік сусын жасайтын көрінеді. Бозғыл қажы осындай дәрілік қымыздармен талай аурудың бетін қайырған деп еске алатын көненің көздері. Сол кезде қалыптасқан үрдіс бойынша, былай­ғы қымызқұмарлармен қатар, қасиетті сусыннан ем іздегендер де біз­дің шаңыраққа келіп тұрады. Шүкір етер­лігі, қымызымыздың дәмін татып, мейі­рін қандырған жан қайта айналып соғады. Бұрынырақта, ауыл кішкене кезінде келінім сұраныс салатын қала меке­­­мелеріне алып барып жүретін. Аста­­­на­ның іргесі болғандықтан ба, ауылымыз жылдан-жылға өсіп, үлкейіп келе жатыр. Қазір өндірген қымызымыз, ауыл азаматтарынан-ақ артылмай қалып жатады. Бағасын қымбаттау өткізгісі келген келінім қала жаққа барғысы келеді. Қой деймін, барға қанағат етелік, қанағат – басты қазынамыз болсын деймін. Алланың берген 7 перзентін тәрбие­леп, өсіріп-өндірдік. Бәрі де ата­кәсіп – мал шаруашылығына қырым­ның болғанынан деп білемін. Қазір тыныш жатпай кәсіп қылған адамға барлық жағдай жасалып, тіпті, Үкімет тарапынан көмек те болып тұр емес пе? Біздің осы жеке кәсібімізден түскен нәпақадан қалада жүрген немерелеріме де үлес жетіп жатады. Сондықтан, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», дегенді еске салып, жастарға бар кәсіпті игеріп, адал еңбек қылсаң асың сіңімді, ұйқың тыныш болады дегім келеді. Серікбай ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ.  Ақмола облысы, Целиноград ауданы.

Тексерулер шынымен де шаршатады

Біздің компанияның рынокта пайда болып, қызмет көрсетіп келе жатқанына 10 жылға таяды. Осы уақыт аралығында біз өз орнымызды тауып, клиенттер қолдауына ие болдық. Мен осы ретте Мемлекет басшысының кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін жағдайды жақсартудың түбегейлі шаралары туралы Жарлығының дер сәтінде қабылданып отырғандығын айтпақпын. Бұл құжаттағы көрсетілген шаралар өз тиімділіктерін міндетті түрде беретіндігі айқын. Біз тамақ өндірісіне қатысы бар кон­дитерлік өнімдер шығару саласында жұмыс істеп келе жатырмыз. Осы сала бойынша едәуір тәжірибе жинақтадық. Сондықтан Елбасы Жарлығының біздің қызметімізге тигізер пайдасын осы тә­жі­рибе тұрғысынан сараламақпын.  Ал, бұл мәселенің өзіндік ерекшеліктері де бар. Атап айтар болсам, біз қызмет ететін рынокта жаңа компаниялардың пайда бола кетуі оншама қиын дүние емес. Бірақ, өкінішке орай, олардың кондитер бұйымдарын шығару жөнінде тиісті сертификаты, демек осыған сәйкес дұрыс жағдайлары да болмауы мүмкін. Сондықтан бұл салада рынокты сапасыз өнімдер жаулап алмас үшін санэпидемстанса органдары жоқ дегенде айына бір рет өнімдер мен оларды жасауға пайдаланылатын шикізаттың сапасын, олардың сақталу жағдайын тексеріп отырғандығы орынды деп есептеймін. Бірақ та, өкінішке орай, осындай жағдайларға байланысты бізде жүргізілетін төтенше жағдайлар департаменті тексерулерінің қайталаушылық сипаты бар. Мәселен, санэпидемстанса қызметкерлері тексерген кезде  олар барлығын қадағалайды десем артық айтқандық емес. Атап айтқанда, еңбек орнындағы ауаны, еңбекті қорғау жағдайларын, құрал-жабдықтардың қаншалықты дұрыс орналасқандықтарын, тіпті, электр аспаптарына дейін тексерістен өткізеді. Ал төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тексеруге келген кезде олар да дәл осыны қайталайды. Демек, біздің салада тексерулерді бір-бірінен айнымай ұқсап жатқандығы және бірін-бірі қайталай беретіндігі – жұмысымызға кедергі келтіретін ең өзекті мәселелердің бірі. Тексерулерге балама ретінде алынған үшінші тұлға алдындағы ерікті сақтандыруды заң тұрғысынан бекіту туралы шара – дұрыс қадам. Өйткені, кәсіпорында  бір жағдайлар болып қалса, біз осы бизнестің иегері әрі жұмыс беруші ретінде толық жауапкершілік арқалаймыз. Бұл жерде табан астындағы кілемшенің жоқтығынан сіздің қызметкеріңізді бір кездері ток соғуы мүмкін деген уәж оншама дұрыс емес. Өйткені, қауіпсіздік техникасы мәселесін біз тиянақты түрде зерттеп, барынша сақтауға тырысамыз. Себебі, бүкіл өндірістік үдерістің өзі осы мәселеге байланысты болып келеді. Бизнесті дамытуды едәуір жеңілдететін тағы бір шара – бұл құрылыс үшін рұқсат алу үдерістерін шектеу. Бұл мә­­селедегі шырғалаң – барлық бизнесмендер үшін  нағыз бас ауруына айналып кеткен. Оларды шектемесе болмайды. Бизнесті ұйымдастыру бағытында біздің алдымызда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Мәселен, жарамдылық мерзімі шектеулі болып табылатын өнімдерді шығаратын біздің компания үшін оларды өткізу мен сақтау жағдайы өте маңызды болып келеді. Демек, бұл сәттердің бәрін біздің ассоциациямыздың ішінде сауда әріптестерімізбен бірлесе отырып, ретке келтіруіміз қажет.  Осындай проблемаларға қарамастан, біздің еліміздегі бизнес ахуалы жылдан-жылға жақсара түсуде.  Ал кәсіпкерлікке қамқорлық көрсету бағытындағы Елбасының жоғарыдағы аталған Жарлығы біздің алдымыздағы кедергілерді азайтып, дамуымызға екпін беретіндігі анық. Василий КРЯКОВ, «Артус» ЖШС директоры.