Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2021

Аргентинада Абай атындағы көше мен «Қазақстан Республикасы» алаңы ашылды

311 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі және Аргентинада қоса атқарушы Болат Нүсіпов қазақ ақыны, ойшылы және ұлттық әдебиеттің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы атындағы көшенің, сондай-ақ Аргентинаның Росарио қаласындағы «Қазақстан Республикасы» алаңының ресми ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аргентинада Абай атындағы көше мен «Қазақстан Республикасы» алаңы ашылды

Өз сөзінде елші Болат Нүсіпов ел басшылығының ұлттық сана-сезімді, өзіндік мәдени кодты сақтау және мәдени жетістіктерді, оның ішінде шетелде ілгерілету жөніндегі бастамаларын іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» мақалалары аясында Абайдың қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі мен оның мұрасының қазіргі қоғам үшін маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Өз кезегінде, Қазақстанның Росариодағы Құрметті консулы Густаво Гутиерес Қазақстан халқының Абай тұлғасына беретін зор маңызын атап өтіп, Абайдың әлемдік мәдениет үшін Шекспир, Гёте, Пушкин немесе Мольер сияқты құндылығы бар екенін атап өтті. Осыған байланысты Г.Гутиерес Абай көшесінің ашылуы аргентиналықтарға қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлерімен танысуға қосымша мүмкіндік беретінін атап өтті.

Іс-шаралар 2019 жылғы қарашада қол қойылған меморандуммен белгіленген Алматы мен Росарио қалалары арасындағы бауырластық қатынастар шеңберінде өтті.