– Мұхтар Есенжанұлы, есіміңізге ел қанық танымал онколог дәрігерсіз. Адамзат баласын дерттен айықтырып, науқастың жанына шипа беретін осы салаға қалай келдіңіз?
– 1983 жылы Семейдегі мемлекеттік медицина институтын аяқтап, бұдан соң хирург мамандығы бойынша интернатураны тәмамдадым. Студент жылдары Семейдегі облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімшесінде мейіргер болғаным бар. Ал дипломым қолға тиген соң бұрынғы Семей облысының Абай аудандық ауруханасында хирург-дәрігер ретінде алғаш еңбек жолымды бастадым. Кейін 4 жылға жуық уақыт Ақсуат ауданындағы перзентхана меңгерушісі, акушер-гинеколог болып қызмет еттім. Бұдан соң, әр жылдары Абай аудандық ауруханадағы, Семейдегі облыстық балалар ауруханасындағы бас дәрігердің емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары, осы аурухананың бас дәрігері лауазымдарын атқардым. Бас дәрігер бола жүріп 1993-1994 жылдары балалардың онко-гемотология бөлімшесін ашып, кішкентай науқастарды емдеу жұмысымен, емделген соң олардың денсаулығын шетелде қалпына келтіру ісімен айналыстым. Сол жылдары Германиядан 61 бала сауығып келді. Солардың арасында аққан ауруына шалдыққан 1 бала 1 жылға жуық ем қабылдады.
Осылайша, 5 жылға жуық бас дәрігер болған соң, Семей қаласындағы денсаулық сақтау басқармасының басшысы, Семей мемлекеттік медицина институтының медицина орталығы (клиникалық аурухана) директоры, аталған институттың проректоры, Денсаулық сақтау министрлігінің Емдеу-ұйымдастыру департаментінде, Стратегия және даму департаментінде директордың орынбасары қызметтерінде жұмыс істедім. 2010 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Онкология орталығы» МКК бас дәрігері лауазымын атқарып келемін. 2019 жылдан бастап осы орталықтың құрамына қалалық жұқпалы ауруханасы қосылғаннан кейін Көпсалалы медицина орталығы деген атау алдық. 2020 жылы қаңтарда орталық құрамында инсульт орталығы ашылды.
– Отандық онкология саласының осы күнгі аяқ алысы, жеткен жетістігі қандай?
– Кейінгі оншақты жылда еліміздегі онкология саласында ауыз толтырып айтуға болатын өзгерістер болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында осы салаға көңіл бөлу қажет екенін жеткізіп, тапсырма берген болатын. Сол тапсырманың, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2012-2016 жылдарға арналған онкология саласының даму бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама шеңберінде еліміздегі әр облыс орталығындағы, Семей, Жезқазған қалаларындағы онкология диспансерлерінің құрал-жабдығы жаңартылып, дәрігерлердің білімін жетілдіру мәселесі жолға қойылды. Ең алдымен, 2012 жылы осы саланы қаржыландыру мәселесі шешілді. Науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету айтарлықтай жоғары деңгейге көтерілді. Бүгінде науқастар қажет дәрі-дәрмектің барлығын мемлекет тарапынан тегін алуына болады. Соның ішінде, аса қымбат нысаналы ем саналатын 30-дан астам дәрі-дәрмек түрі тегін қолжетімді. 1 науқас жылына 30-40 млн теңгенің дәрі-дәрмегін қабылдайды. Өкінішке қарай, мұндай науқастардың басым көпшілігі ауру әбден қозған, дерт 3-ші, 4-ші сатысында анықталғандар деуге болады.
– Індетпен күрес жұмысын қалай атқарып келесіздер?
– Орталықта жұқпалы аурулар ауруханасы болғандықтан, дүние жүзін дүр сілкіндірген пандемия басталған кезде шетелден келген, соның ішінде Ухан қаласынан, Еуропадан, Оңтүстік Кореядан және тағы да басқа елдерден келген студент жастарды, отандастарымызды қарсы алып, алғашында карантиндік стационарда тексердік. Былтыр жазда індет шырқау шегіне жеткен кезде осы орталықта 1 290 төсектік орын болды. Соның ішінде 790 төсектік орын коронавирусқа шалдыққан азаматтарды емдеуге арналды. 2020 жылы орталықта аталған вирустан бас-аяғы 7 500-ге жуық науқас емделсе, биыл бұл көрсеткіш 10 мыңға жуықтап отыр. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасып жатыр.
– Қарамағыңыздағы мамандар тәжірибе алмасу, біліктілігін жетілдіру мақсатында қандай қадамдар жасап, қай мемлекеттерде шеберлігін шыңдап жүр?
– Отандық мамандардың мүмкіндігі өте көп. Соның барлығы ең алдымен тәуелсіздіктің нәтижесі. Індет белең алған 2019 жылға дейін орталықтағы мамандардың кем дегенде 50%-ы шетелдегі, еліміздегі жетекші клиникалардағы, орталықтардағы жетекші мамандармен тәжірибе алмасып келген еді. Мәселен, онкология саласында 130-ға жуық дәрігер бар дейтін болсақ, жылына соның кем дегенде 70-ке жуығында біліктілігін арттыруға мүмкіндігі бар. Бұған қоса, шетелдегі ірі орталықтардың мамандарын шақырып, шеберлік сағаттарын ұйымдастырамыз. Соның нәтижесінде, жоғары технологиялық деңгейде ота жасау, диагностикалау жолдарын күнделікті жұмысымызға енгізуге мән беріп келеміз. Есесіне, ел аумағында біздің орталықта ғана жасалатын операциялар бар.
– Қазақстанда онкологиялық аурулардың алдын алатын, емдейтін мамандар жеткілікті ме?
– Біздің орталықта онколог дәрігерлердің саны жеткілікті. Осы орталықта еңбек етіп, тәжірибе жинап, кейін өзге емдеу орындарында қызмет етіп жүрген мамандар да өте көп. Бір жетіспейтіні – анестезиолог дәрігер. Бұл жетіспеушілік біздің орталыққа ғана тән емес. Ел аумағында тапшы мамандыққа айналды. Сонымен қатар онколог мамандардың жетіспеушілігі көбіне-көп емхана деңгейінде байқалады. Емханадағы онкологтың қызметі терапия саласымен сабақтас келеді. Ондағы отбасылық, учаскелік дәрігерлерге емханаға тіркелген адам санына қарай қаражат қарастырылған. Соның ішінде ынталандыратын қаражаттар да бар. Алайда онколог дәрігер аталған санатқа жатпайтындықтан, қосымша қаражат та төленбейді. Тапшылықтың бір себебі – осындай ынталандыру механизмдерінің жоқтығынан деп ойлаймын. Бұл мәселені, яғни маман тапшылығын таяу арада шеше қою аса қиын. Осы мәселенің бір шешімі ретінде елордадағы отбасылық, учаскелік дәрігерлерді онкология бағытындағы аурулардың бастапқы белгілерін анықтауға, диагностикалауға үйретіп келеміз. Соның нәтижесінде, шаһар аумағындағы қатерлі ісіктердің 33-34%-ы 1-ші сатысында анықталып келеді. Бұл қадам науқастарға алдағы уақытта тиімді көмек көрсетуге жол ашады.
– Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары онкологиялық орталыққа қаншалықты жиі жүгінеді? Қала тұрғындарынан бөлек, елордаға өңірлерден ем іздеп келетіндер де бар шығар? Оларға да көмек көрсетесіздер ме?
– Денсаулық сақтау жүйесінің негізі емханада басталады. Бастапқы медициналық санитарлық көмек те сонда көрсетіледі. Емхана онкологы диагноз қойып, бізге жібереді. Біз өз кезегімізде науқасты толық тексерістен өткізіп, диагнозын нақтылаймыз. Бірнеше маманның қатысуымен консилиум ұйымдастырылады. Бұдан соң науқасты емдеу жұмыстары басталады. Әрине, қала тұрғындарына қызмет көрсетуімізге қандай да бір кедергі болған емес. Кез келген адамға қолұшын созуға әзірміз. Сол жұмысты істеп те келеміз. Қалалық орталық саналғанымызбен, шаһар тұрғындарымен шектеліп қалған жайымыз жоқ. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі қағдидасына сәйкес, Қазақстанның кез келген азаматы көңілі қалаған аурухананы, емдейтін дәрігерді таңдай алады. Әр жылдары орталықта ем қабылдаған науқастардың 42%-ға жуығы – Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген азаматтар саналады. Бұл үрдіс былтырғы карантиндік шектеулер кезінде ғана саябырсыды. Соның өзінде, ем іздеп келе жатқан науқасты кері қайтарған кезіміз жоқ. Ал орталықта тәулік бойы жатып ем қабылдайтын науқастардың жалпы саны жылына 10 мыңға жуықтайды. 75 мыңнан астам адам біздің емханамыз арқылы тексеріліп, ем қабылдап, дертіне шипа табады. Яғни жыл сайын 85-90 мыңға жуық адам орталықта онкология бағытында көмек алады.
– Ел аумағында осы онкологиялық аурулардың кесірінен көз жұматын отандастарымыздың саны өткен отыз жылда азайды ма, жоқ әлде көбейді ме?
– Жылдар жылжыған сайын бұл көрсеткіш сәл де болсын төмендеп келеді. Ел аумағында жылына 34-35 мың адамнан онкологиялық ауру анықталған болса, кемі 14-15 мың адам көз жұмады. Мұның барлығы дәл сол жылы ауруы анықталған адамдар емес әрине. Қайтыс болғандардың арасында бұрыннан ауырып келгендер де бар. Бүгінде ел аумағында онкологиялық ауруы анықталған 190 мыңнан астам адам есепте тұр. Соның 12 500-ге жуығы – елорда тұрғындары.
– Онкологиялық ауруларды болдырмау, оның алдын алу, емдеп үлгеру үшін оқырмандарымыз нені ескеруі керек? Ауруды ушықтырып алмау үшін қандай қадамға барған, нені білген жөн?
– Ең алдымен саламатты өмір салтын ұстану қажет. Шылым шегу, алкогольдік өнімдерді мөлшерден тыс пайдалану, артық салмақ қосу, қуырылған, қақталған тамақтарды жиі жеу – түптің түбінде адамды әртүрлі ауруға шалдықтырады. Асқазанның, өңештің, өкпенің, бауырдың, ішектің созылмалы аурулары болған жағдайда науқас ұдайы дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Жылына кем дегенде бір рет тексерістен өтіп, уақытында ем қабылдаған да аса маңызды мәселе. Ең бастысы, қандай да бір дертті окнологиялық ауруға айналдырып алмау қажет. Дұрысы уақытында тамақтанып, демалып, ем қабылдау. Қайғыға салынып, мұңға берілу де, күйзеліске ұшырау да денсаулыққа зиян. Себебі күрделі аурудың көбісі күйзелістен басталады.
Әңгімелескен
Рауан ҚАБИДОЛДА,
«Egemen Qazaqstan»