Ұлан ауданы, Бозанбай ауылының өр жағында өткен бұл жарысқа 13 бүркітші қатысты. Саптама етік, түлкі тымақ киіп, бүркіт көтерген олар Ұлан жерінде тұңғыш рет бас қосып, құс ұшырды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «30 жұлдызды күн» жобасы аясында ұйымдастырылған бүркітшілер байқауы бұдан былай Бозанбайда дәстүрлі түрде өтіп тұрмақ. Неге Бозанбайда дейміз ғой. Сөйтсек, мұнда бекзат өнерді берік ұстанған Өзбек Манапов деген бүркітші өткен екен. Ауылдастары оның аңшылығын, саятшылығын жыр қылып айтып отырады. Ол бір деп қояйық. Екіншіден, Бес көлдің іргесіндегі Бозанбай ауылына қысы-жазы ат шалдыратын туристер көп. Егер бүркітшілер байқауы өтіп тұрса, туристердің легі арта түседі. Бүгінгі жарыстың өзін сонау Ямайканың тұрғынына дейін келіп қызықтады. Төрт жылдан бері Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінде сабақ беріп жүрген ол зеңгір көкте қалықтап жүретін бүркітті жақыннан бірінші рет көріпті. Аспан тағысын қолға үйреткен қазақ ерекше халық деп таңданады.
– Қазақ халқымен жақын араласып кеттім. Салт-дәстүрлерінен де хабарым бар. Бірақ бүркітті қолға үйрету, онымен аң аулау дегенді бірінші рет көрдім. Ғажап! Таңданысымды сөзбен жеткізе алмай тұрмын, – дейді ямайкалық Жаннэт.
Қыр басындағы төбеден құс салып жүрген жетеу Үржар ауданынан келсе, қалғаны – жергілікті ұландықтар. Сайыс қорытындысы бойынша Үржар ауданынан келген Ырыздық Қасейін бас бәйгені қанжығасына байлады. Екінші орынға жас құсбегі Өмірбек Нұғман жайғасса, Айтқұрман Қайдар үшінші орынға ие болды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға аудан әкімі атынан мадақтама хаттар табысталып, жүлдегерлерге ұландық азаматтардың демеушілігімен ақшалай сыйақы берілді. Ауданда алғаш рет қолға алынған байқауға бүркітшілер де өз ризашылықтарын білдірді. Бекзат өнерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанына бәрі бек риза.
Мен қазақпын, ақжүрек аңқылдаған,
Көңілі жомарт, ниеті ақ, сарқылмаған.
Жер бетіне тарыдай шашылсам да,
Сақтап келдім даламдай
даңқымды аман,
– деп сайыс соңында белгілі бүркітші, атбегі, ақын Тәттімбет Кәпұлы бүркіт қондырған қолын ердің қасына қойып тұрып өлең оқыды.
Ұлы даламыздың Ұландай жерінде өткен шарадан ел рухтанып, арқаланып тарқасты. Иә, бұл күні күмбірлеген күй де төгілді, өлең де оқылды. Бозанбайдың көк аспанында қыранның саңқылы естілді. «Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!» деп ақсақалдар бата берісті.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы,
Бозанбай ауылы