«Көшбасшылық. Тұрақтылық. Прогресс» атты конференцияда тәуелсіз Қазақстандағы мемлекеттік құрылыс тәжірибесі мен республиканың осы уақыт аралығындағы жетістіктері талқыланды. Тәуелсіздіктің отыз жылы тұрақты экономикалық прогресс дәуіріне айналды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының «Электронды үкімет» бойынша соңғы сауалдамасында Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша 29-шы, ал онлайн қызметтердің сапасы бойынша 11-орынға тұрақтады. Зерттеу екі жыл сайын жүргізіледі. Онда БҰҰ-ға мүше 193 мемлекетке сараптама жүргізіледі. Бұл ақпараттық технология дамуының негізгі көрсеткіші.
Бүгінде Қазақстан цифрландыру бағдарламасының жаңа кезеңін бастан өткеріп жатыр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік қызмет көрсетудің көп платформалы моделін құруды мақсат еткен. Онда адамдар әртүрлі цифрлы платформалар мен қосымшалар арқылы мемлекетпен байланыса алады.
Қазір Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы цифрлы түрде қолжетімді, оны 11 миллионға жуық адам пайдаланады. Дегенмен бұдан арғы табыс жоғары сапалы IT кадрларының жеткілікті болуына байланысты.
Назарбаев Университетте жасанды интеллект пен роботтехника бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жас ғалымдар қосымшалар мен алгоритмдер жазады, роботтарды оқытады және виртуалды шындықты зерттейді.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 325 миллиард еуро тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл Қазақстан экономикасына Орталық Азиядағы және посткеңестік кеңістіктегі ең серпінді экономикалардың бірі болып қалуға мүмкіндік берді.