Медицина • 20 Желтоқсан, 2021

АИТВ-ахуалды науқастар туберкулезді тез жұқтырады

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір Алматыда АИТВ жұқ­тырған адамдардан туберкулезді анықтаудың жаңа әдісі енгізі­ліп жатқанын баяндамас бұрын, алдағы 29 желтоқсаннан бастап Ресейге 90 күннен артық сапарлаған қазақстандықтар есірткіге тәуелді емес екендігі мен түрлі жұқпалы аурулардан, оның ішінде АИТВ-дан ада екенін айғақтайтын анықтама қағазын алуы тиіс.

АИТВ-ахуалды науқастар туберкулезді тез жұқтырады

Ал Қазақстанда алғаш рет қанат­қақты режімде АИТВ-мен өмір сүретін адам­дарда ту­беркулезді ерте диаг­нос­тика­лаудың жаңа әдісін енгізу бас­талды.

Алматы қаласының ЖИТС алдын алу және оған қарсы кү­рес орталығында АИТВ інде­тін бақылау жөніндегі Алматы моделі жобасының қолдауымен арнаулы ЛАМ ТБ тестісін пайдалана отырып, Адам иммунтапшылығы вирусымен өмір сүретін адамдардан туберкулезді ерте диагностикалау іске асып отыр. Бұл әдісті ДДҰ байқалмайтын клиникалық көрінісі бар пациенттерде өкпе және өкпеден тыс туберкулезді ерте диагностикалаудың қосым­ша әдісі ретінде ұсынады.

«Туберкулезді ерте диагнос­тикалау және уақтылы емдеу АИТВ-ахуалды адамдардың өмірін ұзартып, денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Өйт­кені АИТВ-инфекциясы – туберкулезді өршітетін ең күшті, қауіпті фактор ғана емес, осы вирусты жұқтырғандарды ажалы жетпей, топыраққа жетелей­тін бас­ты себептің бірі», дейді ЖИТС алдын алу және оған қар­сы күрес орталықтың бас дәрі­гері Марат Төкеев.

Липоарабиноманнан (ЛАМ) зәр анализіне арналған сы­нақ жолақтары ТБ-ны АӨСА арасында және АИТВ дамуының кеш сатысында диагноз қою­ға мүмкіндік береді. Бұл тес­терді қолдану оңай әрі тегін. Диаг­ностиканың жаңа әдісінің тағы бір артықшылығы – АИТВ-мен ауыратын науқастардың қа­қырығында бактериялық ауырт­палық аз болатындықтан, бұл микроскопияның теріс нәти­желерінің жиілігінің жо­ғары­лауына әкеледі.

Осы бастамаға орай, ЖИТС орталығының медици­на қыз­меткерлері арнайы оқу­дан өтіп, ТБ ЛАМ тестілерін қол­да­нудың алгоритмдері мен нұс­қаулықтары келісіліп, бекітілді.

2021 жылдың бірінші қара­шасындағы ресми деректерге сәй­кес, Алматы қаласының ЖИТС орталығында АИТВ-мен өмір сү­ретін 3 810 адам есепте тұр.

 

АЛМАТЫ