Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2021

БҚО-да екі су қоймасы салынады

265 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында екі су қоймасы салынады. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдің Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

БҚО-да екі су қоймасы салынады

«Су қоймалары мәселесі жөнінде Батыс Қазақстан облысында екі су қоймасын салу және біреуін жаңарту көзделген. Сонымен, Ресейден Еділ суын беру жөніндегі қызметтерге республикалық бюджеттің шығындарын 30 пайызға дейін төмендету және 12 мыңнан астам тұрғынды сумен қамтамасыз ету үшін Казталов ауданының Жалпақтал ауылынан жоғары Қараөзен өзенінде көлемі 28 млн текше метрге дейін болатын су қоймасын салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды және оны іске асыру 2022-2024 жылдарға жоспарланып отыр», делінген Роман Склярдың жауабында.

Сонымен қатар, вице-премьер жобалық сыйымдылығы 10-12 млн текше метрді құрайтын Казталов ауданының Сексенбай ауылы тұсынан су қоймасы құрылысына қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатқанын жеткізді.

«Бұдан басқа, Киров су қоймасын реконструкциялау үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалды. Оның құны - 2,6 млрд теңге. Жобаны іске асыру 2022-2024 жылдарға жоспарланып отыр. Жайық өзенінен су тұтыну мөлшерін азайту мақсатында суландыру жүйесін реконструкциялау, қайталама су пайдалану, егін шаруашылығында тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін қолдану және басқа да тетіктер қарастырылған», деді ол.