Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2021

Жол маманы жоққа тән

4829 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстанда жол мамандары тапшы. Кадрлық дефицит өзекті мәселеге айналды. Жолдың құрылысына атсалысатын мамандар былай тұрсын, тәуір жолды күтіп ұстайтын кадрды табудың өзі қиын. Неліктен мұндай жағдай қалыптасты? Мәселені шешудің қандай жолы бар? Сала мамандарын сөйлетіп көрдік.

Жол маманы жоққа тән

Болашақ жұмыссыздарды даярлап жатырмыз

Жол активтерінің ұлттық сапа орталы­ғы­ның бас директоры Замир Сағынов­тың пікірінше, жол құрылысына қажетті мамандар даярлау саясатын түбегейлі өзгерту керек.

– «Инженерлік мамандық азайса, иннова­ция болмайды» деген ұстаным бар. Инже­нер­лер ғана инновацияны тудырады. Демек, тех­ни­калық мамандықтарды көбейту керек. Өкі­нішке қарай, біздің елдегі жағдай керісін­ше сипатта болып отыр. Ұлттық статистика бюро­сының мәліметіне сүйенсек, 2020-2021 оқу жыл­дарында 40 мыңнан астам сту­дент «заңгер» мамандығы бойынша бі­лім алып жатыр. Экономист, бухгалтерлік есеп маман­дығын таңдағандардың үлесі 30 мың­ның үс­тінде. «Дене шынықтыру пәнінің мұға­­лімі» мамандығын 20 мыңдай студент мең­геріп жатыр. Осы орайда, Ұлы­бри­тания­ның атақты Оксфорд универси­тетінің мына бір зерт­теуіне назар аударған абзал. Универси­тет­тің зерттеуінше, 2025-2030 жылдары «заңгер» деген мамандық болмайды, – дейді З.Сағынов.

– Сол секілді бухгалтер ма­ман­дығы да жоғалады деп бол­жам жасайды. Демек, біз мың­да­ған адамды оқытып жатқан жоқпыз, керісінше болашақ жұ­мыс­сыздарды даярлап жатырмыз. Біздің нарықтағы жағдай жоғарыда аталған мамандықтар бойынша сұраныстан ұсыныстың көп екенін аңғартып отыр.

Жалпы, Қазақстан нарығында жол құрылысы мамандары, құ­ры­лысшылар, механиктер, ин­женерлер жетіспейді. З.Сағы­нов­тың айтуынша, жол мамандарына деген сұраныс 30 мың адамды құрап отыр. Ал ішкі на­рық­қа ұсынылатыны – 500-дей ғана маман. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселеге аралас­пайынша жағдайдың оңалмасы анық.

– Оқу орындары мен өндіріс арасында тығыз байланыс орнатылуы керек. Алғашқылары соңғыларының сұранысына сай маман даярлауды қолға алуы қажет. Бұл – аса бір қиын дүние емес. Мемлекеттік гранттар мен жеңілдіктерді дәл осылай саралап отырып қана реттеуге болады. Жастарды ынталандырудың жолдары көп. Гранттар санын көбейту, оқуға қабылдау емти­хан­дарын жеңілдету жағын қарас­тырған абзал. Ішкі нарықта же­тіс­пейтін мамандықтарды таң­­даған студенттерге тегін жа­тақ­­хана ұсынуға болады. Осы ба­ғытта ізденсе, тетіктері көп. Жас­тардың инженерлік салаға бар­майтын себебі мұндағы оқу қиын. Өйткені математика, физика, химия секілді ұл-қыздарымыз аса қызыға бермейтін пәндерді жетік білу керек. Біздіңше, мәсе­ле­ні осындай ынталандыру жолдары арқылы шешуге болады, – дейді Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының бас директоры.

Ішкі нарықта маман жетіс­пе­генд­іктен, сырттан жұмыс күшін алдыруға мәжбүрміз. Бұл ретте Қазақстанда шетелден жұмыс күші көп тартылатын сала жол құрылысы екен. 1 700-ден астам жоғары білімді инженер маман Қазақстанға келіп жұмыс істеген. Ал қара жұмысқа алынғандардың үлесі тіпті жоғары.

– Сондықтан ішкі нарықтағы тапшы мамандарды көптеп даярлау үшін мемлекеттік бағдарлама әзірленуі керек. Ал қазір біз өз қал-қадерімізше әрекет етіп жатырмыз. Яғни мектептерді аралап, 9-11-сынып оқушыларын жол құрылысы мамандығына оқуға түсуге шақырамыз. Был­тыр 1 100-ден астам мектепті ара­ла­сақ, биыл 1 200-дей мектепте болып, түрлі кездесулер өткіздік, – дейді З.Сағынов.

Замир Сағыновтың айтуынша, кадр тапшылығына түрткі болып отырған тағы бір мәселе бар. Бұл – «жол құрылысы маманы» деген нақты мамандықтың жоқтығы. Бұл мамандық жалпы құрылыс саласының бір тармағы ретінде қарастырылады. Ол аздай студенттерді оқытатын оқыту­шы­лар да жетіспейді. Сондықтан бұл мәселеге кешенді түрде қарау керек.

– Жолды күтіп ұстау­дың өзі үлкен ғылым. Был­тыр қыста «қар көп жауды» деп шул­а­дық. Қар көп болған жоқ. Ке­рісінше, біз қардың бәрін жолдың үстіне үйіп ал­дық. Себебі осы істі ойдағыдай атқа­ратын маман жоқ. Жолды уақ­тылы әрі дұрыс тазалаудың өзінде үлкен маңыз бар. Дерекке сүйенсек, жергілікті жолдарда 1 546 қызметкер жұмыс істейді. Соның тек 12 пайызы ғана жол мамандығына ие. Дәл осы 12 пайызға жататындардың жартысынан көбі жол мамандығын екінші білім ретінде алған. Яғни алда-жалда қиын жағдай туындаса, бір қажетке жарар деп оқыған. Бұл бейжай қарайтын дүние емес, – дейді З.Сағынов.

 

Түлектер нарықты толтыра алмайды

Кадр мәселесі сөз болғанда әңгіменің бір ұшы білім беру сала­сына келіп тірелетіні түсі­нік­ті. Осы орайда Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтының проректоры Гүлсім Еспаеваның пікірін сұрап көрген едік. Оның айтуынша, салалық түлектердің аздығы осындай үлкен проб­ле­маға жол ашып отыр. Ресми дерекке сүйенсек, автомобиль жолы саласына қажетті маман­дар­ды отандық 8 жоғары оқу орны даярлайды екен. Олар – Логистика және көлік академиясы, Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институты, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік уни­вер­си­теті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық мем­лекеттік техникалық уни­вер­­ситеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақ қатынас жолдары уни­вер­си­теті, Қарағанды мем­ле­кет­тік техникалық универ­си­теті және Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы.

– Соңғы уақытта сала мамандарын даярлау күрт төмендеп кетті. Мұның түрлі себептері бар. Соның бірі – сала бойынша даярлау бағыттарын бі­рік­ті­ру әрі ірілендіру бөлігінде жо­ғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының жіктеуіштеріндегі өзгерістер. Мәселен, 2004 жылы «Автомобиль жолдары, кө­пір­лер мен тоннельдердің құ­ры­лы­сы» және «Ғимараттар мен құрылыстардың құрылысы» ма­ман­­дықтары бірік­ті­рілді. Соның нәтижесінде «Ав­то­­мобиль жолдары мен аэро­­дромдардың құ­ры­лы­сы» ма­ман­­дығы өзінің бірегей атауы мен дербестігін жоғалтты. Оған ерекшеліктерін ескермес­тен, құрылыс мамандықтарына секілді талаптар қойыла бастады. Бұл жол құрылысына қажетті біліктілік деңгейінің төмендеуіне алып келді, – дейді Г.Еспаева.

Проректор түсіндіргендей, бұрын жоғары оқу орындарына түсу үшін мемлекеттік гранттар мамандықтар бойынша бө­лі­нетін. Ал қазір білім беру бағ­дарламаларының топтары бо­йынша үлестіріледі. Ол аздай 2018 жылдан кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырысты орналастыру білім беру бағдарламаларының топтары шеңберінде жүзеге асырыла бастады. Бұл өз кезегінде топ ішін­де білім беру гранттарының біркелкі бөлінбеуіне алып келді. Мә­селен, «қала құрылысы, құ­рылыс жұмыстары және аза­мат­тық құрылыс» білім беру бағ­дар­ла­малары тобында гранттар жалпы құрылыс саласында мамандар даярлайтын 23 жоғары оқу орны арасында орта есеппен 10-15 бағдарламаға бөлінеді.

– Мамандарды даярлауды қысқартудың тағы бір маңызды се­бебі – «Қала құрылысы, құ­ры­лыс жұмыстары және аза­мат­тық құрылыс» білім беру бағ­дарламаларының тобы бо­йынша мектеп және жоғары білім базасында оқитын студенттер үшін сырттай білім беруді жою және қашықтан оқытуға ты­йым салу. Бұл жұмыс пен оқуды бі­рік­тіре отырып, қысқартылған түрде оқуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан «Көлік құрылысы» дайындық бағытын бөлек ашып, «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы», «Темір жол құрылысы», «Көпірлер мен көлік тоннельдерінің құрылысы», «Мұнай-газ құбырлары мен мұ­най-газ қоймаларын салу» топ­тарына бөлген дұрыс. Тек осы жағ­дайда ғана гранттар маман­дық­тар бойынша бөлінеді, – дейді проректор.

Сондай-ақ Білім және ғы­лым министрлігінің «Білім беру қызметіне қойылатын білік­ті­лік талаптары және оларға сәй­кестікті растайтын құжаттар тіз­­бесі» нормативті-құқықтық ак­ті­леріне өзгерістер енгізуге, оқы­тушылардың ғылыми дәре­же­лілік үлесін азайтуға болады. Бұл дәріс оқу, практикалық және зертханалық сабақтар өткі­зу үшін өндірістен жоғары оқу орындарына мамандарды тар­ту­ға мүмкіндік береді. Әдетте, өндірушілердің ғылыми дәрежесі болмайды.

Г.Еспаеваның пікірінше, «Кө­лік құрылысы» мамандығы бо­йынша докторантураға грант­тық орындар бөлу қажет. Осы жылдар ішінде докторантура бойынша бірде-бір мемлекеттік білім гранты бөлінбеген.

– Студенттер көбінесе «Жол­дар мен аэродромдардың құры­лы­сы» мамандығын таң­дайды. «Көпірлер мен көлік тоннельдерін салу» мамандығына баратын сту­денттер тым аз. Себебі бұл маман­дықты оқытатын оқыту­шы­лар жетіспейді. Мәсе­лен, қазір жол саласында, атап айт­қан­да, автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы саласында білім алып жатқан студенттердің жалпы саны – 627 адам. Оның 319-ы біздің институтта оқиды. Жалпы, 2021 жылы жол саласындағы жоғары оқу орындары түлектерінің саны 382 адамды құрады. Оның 161-і біздің институтты тә­мам­дады. Түлектер жыл сайын жо­ға­ры оқу орындары өткізетін жәр­меңкелердің арқасында, сондай-ақ ынтымақтастық тура­лы келісім жасалған кәсіп­орын­дардың сұ­ранысы бойынша жұмысқа орналасады. Кадрлық қамтамасыз ету кез келген сала үшін маңызды. Өйткені жыл өткен сайын құрылыс көлемі өсуде. Ал еңбек нарығы білікті мамандарға мұқтаж. Тү­лектердің үлесі төмен. Түптеп келгенде осы­ның бәрі автомобиль жолдары құрылысының сапасына кері әсер етеді. Сондықтан бұған атүсті қарауға болмайды, – дейді ол.

Түйіндей келе айтарымыз, жол – мемлекеттің күретамыры іс­петті. Ендеше оған ерекше кү­тім керек. Әбділда Тәжібаев айт­қандай, «Жолдың да құлағы, көзі бар, тілі бар, Жолдың да қуанар, қайғырар күні бар». Сондықтан кадр даярлау мәселесіне салғырт қарамауға тиіспіз.