Жаһандық додаға бес спортшы апарған Қазақстан құрамасы 55 килода бақ сынаған Арли Чонтейдің жалғыз алтынының арқасында жалпыкомандалық есепте 11-орынға табан тіреді. Сәуірде Ташкенттегі Азия біріншілігінде үздік шыққан Чонтей араға бірнеше ай салып сол жетістігін әлем чемпионатында да қайталады. Арли Чонтей қоссайыста 260 (118+142) кило зілтемірді еңсеріп, әлем чемпионы атанды. Сары құрлық біріншілігінде ол 255 (115+140) кило зілтемірді басынан асыра көтерген еді.
Ал 96 кило салмақта сынға түскен Артем Антропов жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді. Жұлқа көтеруде 164 килоны бағындырған Артем серпе көтеруде 221 килоны көтеріп, кіші күміске қол жеткізді. Бірақ бұл нәтиже оның жеңіс тұғырына көтерілуіне аздық етті. Сөйтіп, ол 385 (164+221) киломен төртінші орынға тұрақтады. Жалпыкомандалық есепте 4 алтын,
1 күміс, 2 қола жеңіп алған Оңтүстік Корея құрамасы топ жарды. 2 алтын, 3 күміс еншілеген Өзбекстан екінші орынға жайғасты. Үздік үштікті 2 алтын, 2 күміс, бір қола медальмен Таиланд спортшылары түйіндеді.