Ауыр атлетика • 21 Желтоқсан, 2021

Бұйырғаны – жалғыз алтын

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өзбекстанның бас шаһары – Таш­кентте ауыр атлетикадан өткен әлем чем­пионаты өз мәресіне жетті. Төрткүл дүние­нің ең мықты зілтеміршілері бас қосқан бәсекеде жерлестеріміз де өнер көрсетті.

Бұйырғаны – жалғыз алтын

Жаһандық додаға бес спортшы апарған Қазақстан құрамасы 55 килода бақ сынаған Арли Чонтейдің жалғыз алтынының ар­қасында жалпыкомандалық есепте 11-орын­ға табан тіреді. Сәуірде Ташкенттегі Азия бі­ріншілігінде үздік шыққан Чонтей араға бірнеше ай салып сол жетістігін әлем чем­пио­натында да қайталады. Арли Чонтей қос­сайыста 260 (118+142) кило зілтемірді еңсеріп, әлем чемпионы атанды. Сары құр­лық біріншілігінде ол 255 (115+140) кило зілтемірді басынан асыра көтерген еді.

Ал 96 кило салмақта сынға түскен Артем Антропов жүлдеге сынық сүйем қал­­ғанда сүрінді. Жұлқа көтеруде 164 килоны бағындырған Артем серпе көтеруде 221 килоны көтеріп, кіші күміске қол жет­­кізді. Бірақ бұл нәтиже оның жеңіс тұғы­рына көтерілуіне аздық етті. Сөйтіп, ол 385 (164+221) киломен төртінші орынға тұрақ­тады. Жалпыкомандалық есепте 4 алтын,

1 күміс, 2 қола жеңіп алған Оңтүстік Ко­рея құрамасы топ жарды. 2 алтын, 3 кү­міс ен­шілеген Өзбекстан екінші орынға жай­ғасты. Үздік үштікті 2 алтын, 2 күміс, бір қола медальмен Таиланд спортшылары түйіндеді.