Тарих • 21 Желтоқсан, 2021

«Еуразия көшпенділері» кітабы жарыққа шықты

408 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік және тарих тағылымы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында егемен елдің ғылыми жетістіктерін талқылаған ғалымдар қауымы философия ғылымдарының докторы, профессор Досмұхамед Кішібековтың «Еуразия көшпенділері» және «Өмірдің мағынасы» кітаптарының таныстырылымын өткізді, деп жазады Egemen.kz.

«Еуразия көшпенділері» кітабы жарыққа шықты

Президент «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» мақаласында Тәуелсіздік жыл­дарын­да бірнеше рет қолға алынға­ны­на қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көптомдық жаңа тарихы­мыз әлі толық жазылмағандығын, сондықтан Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бас­тау керектігін әрі бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажеттігін тапсырған болатын.

Осы орайда ұлттық тарихтың алдында тұрған маңызды мәселелерді обьективті түрде ғылыми қауымның күшімен түсіндіру үшін Мемлекет басшысы ғалымдар алдына Қазақстан тарихының 7 томдық академиялық басылымын дайындау міндетін қойды. Қазіргі кезде «Ежелгі дәуірден бүгінгі заманға дейін» жеті томдық академиялық басылым Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында әзірленуде. Академиялық басылымның Бас ғылыми кеңесшісі – ҰҒА академигі Досмұхамед Кішібеков. Бұл бағытта академиктің өркениеттер тарихы, қазақ мемлекеттілігі және басқа да Отан тарихының өзекті тақырыптарына қатысты ғылыми тұжырымдары мен ойлары тарихшы ғалымдар үшін құнды деректер болып табылады.

Өзінің ғасырға жуық мерейтойы – 96 жасын ғылыми ортада қарсы алған философия ғылымдарының докторы, академик Досмұхамед Кішібеков ғылым жолын еліміздің тарихи ғылымына ғана емес, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіндегі ұзақ жылдарғы зерттеулеріне, оқытушылық қызметіне арнады. Сыр елінің киелі топырағында өмірге келіп, 1932-1933 жылдардағы аштықтың нәубетін, ІІ Дүниежүзілік соғыстың қасіретін басынан өткерген ардагер-ғалым Досмұхамед Кішібеков соғыстың алсапыран кезеңіне мойымастан, оқуын жалғастырып, оқушы бола жүріп мұғалімнің де міндетін атқарды. 1943 жылы ақпанда әскерге алынып, Самарқандағы 368-ші атқыштар отрядында, кейіннен Ростов облысындағы Зерноград қаласында ұшқыштар даярлайтын жазғы мектепте білім алады.  Қызылорда педагогика институтының тарих факультетінде жоғары білімін алған ғалым осы оқу орнында оқытушы, одан кейін  КСРО Ғылым Академиясының Философия институтында аспирант, Қазақ политехникалық институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, философия кафедрасының меңгерушісі бола жүріп, еңбектерін туған халқының тарихын,  мәдениеті мен дәстүрлі дүниетанымын зерттеуге арнады. Халықтың өткені мен бүгінін ғылыми саралап, оның діліне, болмысы мен әдет-ғұрпына, дүниеге көзқарасына философия талдау жасап, философия тарихы мәселесіне тереңдей талдау жасады. Академик Досмұхамед Кішібеков өтпелі кезеңдегі қоғамның даму заңдылықтарын, қоғамдық қатынастардың жай-күйін айқындап, бір қоғамнан екінші қоғамға өтуде демеуші факторлар қажет екендігін негіздеді.

Бүгінде мыңға жуық ғылыми еңбектің, оның ішінде 70-тей монографияның авторы академик Досмұхамед Кішібеков  «Шынайы шығармашылық ең бірінші кезекте әлемді танудағы өзіндік түсініктен тұрады. Ғылымда сыни пікірлерден қорқудың қажеті жоқ,  қателік келесі зерттеушіге ғылымда тура жол табуға септігін тигізеді. Қазақ халқы ежелгі мал шаруашылығымен айналысатын көшпенділердің ұрпақтары. Ал біз үшін халық ауыз әдебиеті ең құнды объективті дерек болып табылады», дейді.

Дөңгелек үстел барысында ғалымның жаңа туындыларының маңыздылығы, отандық ғылымды дамытудағы еселі еңбегі туралы ҰҒА академигі Алма Әбілқасымова, ҰҒА академигі Баян Рақышев, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ профессоры Ұлықпан Сыдықов, Философия және саясаттану институтының директоры Серік Сейдуманов, тағы басқа ғалымдар арнайы баяндама жасап, ғалымдағы жемісті еңбектерін зор ілтипатпен атап өтті.

«Ғалым еңбектерінің қай-қайсысында болмасын өзіндік ой, салмақты пікір жатыр. Еуразия көшпенділері» және «Өмірдің мағынасы» кітаптары ғылыми орта үшін қаншалықты құнды болса, мәселен, «Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең» еңбегінде ғалым жазу өнері алғаш  Мысыр елінде емес, Таяу және Шығыс елдерінде көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын халықтарда пайда болғанын дәлелдеуге тырысады. Ол Қазақ мемлекеттілігі, Еуразия аумағындағы көшпелі халықтардың мәдениеті, тарихы, Батыс Сібір мен Қазақстан территорияларындағы өркениеттер тарихы, ғылым тарихы мен философиясы, Кеңес заманындағы тарихи тұлғалардың келбетін өрнектеу сынды тақырыптары бойынша дәйекті ғылыми пікірлер мен қорытындылар жасайды. Өмірлік ұстанымы – «қашан да адам өзін-өзі тәрбиелуі тиіс» дейтін ғалым Досмұхамед Кішібекұлының өмір жолы мен ғылымды дамытудағы жанкешті еңбегі келер ұрпаққа мәңгілік өнеге»,  дейді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов.

Академиктің сиясы кеппеген туындылары ғылыми мақалаларымен қатар естеліктері және фотосуреттермен толыққан. Онда Қазақстан аумағында ежелгі дәуірдегі көшпенділердің мәдениеті, тарихтағы тұлғалар, Ресей мен Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі қарым-қатынастары, Қазақстан мен Батыс Сібірдегі өркениеттің даму сатылары, Қазақстан тарих ғылымының жаңа кезеңі тақырыптары жан-жақты сараланады.