Өнер • 21 Желтоқсан, 2021

Елордада жас ақындар айтысы өтті

668 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Айтыс – қазақтың ата өнері. Екі шекті домбыраның ырғағымен елдің ықыласына бөленген ақындар қарапайым халық үшін қашан да қымбат. Оған біз ел тәуелсіздігінің 30 жылдығының аясында өткен жас ақындар айтысында куә болдық.

Елордада жас ақындар айтысы өтті

Рухани шараны Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы және Қазақстан Жастарының Конвенті ұйымдастырды. Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен дүбірлі жыр додасына жер-жерден келген 14-29 жас аралығындағы айтыс өнерінің жас қырандары қатысты. Жыр бәйгесіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман бастаған елге белгілі қаламгерлер қазылық етті.  

Іс-шараның мақсаты жас дарындардың көпшілікке шеберлігін көрсету, оларды  отансүйгіштікке тәрбиелеу және ұлттық сана-сезімін ояту. Сахнаның жырға бөлеген ақындар бұл үдеден шықты деген ойдамыз. Оған шара барысындағы көрерменнің ілтипаты дәлел.

Айтысты құттықтау сөзбен ашқан университет ректоры Ерлан Сыдықов қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтайдың кеудесіне «Күлтегін» медалін тағып, иығына шапан жапты. Одан кейін қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерманға студенттер қауымының атынан сый-сыяпат жасады.

Қорытындылай келгенде бірінші орынға Л.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің студенті  Абзал Мақаш ие болды. Ал екінші тұғырға Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ақбота Манарбекова мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Мейірбек Саламатов шықты. Тиісінше үшінші сатыдан Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің студенті Ерасыл Байментаев, Астана медицина университетінің студенті Сағыныш Смет, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті  Фариза Жетпісбаева көрінді.

Екі сағатқа созылған жыр додасына жиналған қауым арқа-жарқа тарқасты.