Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»
Шабан «Тұлпар» жолдан қалдырар
Шыны керек, қазір қай бағыттағы пойызға отырмаңыз, діттеген жеріңізге жоқ дегенде жарты сағат кешігіп жетесіз. Себебі бізде соңғы уақытта кешікпейтін пойыз қалмады. Кейде тіпті ешқандай себепсіз, ешбір ескертусіз кестеде көрсетілген уақыттан 2-3 сағат кешігіп келетіндері бар. Жай пойызды былай қойғанда, жүйрік деген «Тальголардың» өзі шабан болып қалған. Дәл сағат, минутында жолға шыққан күннің өзінде межелі жеріне уақытында келе қоймайды.
Елімізде 2013 жылдан бастап «Тұлпар-Тальго» жолаушылар пойызы жүре бастағанда дүйім жұрт жолға кететін уақыт едәуір қысқарды, енді ыңғайлы әрі барлық жағдай жасалған жүйрік пойызбен жүйткиміз деп қуанған еді. Бірақ басында билетінің бағасы қымбат болып, кейіннен ішінің тарлығымен талай сынға қалған «Тұлпар-Тальгоның» бүгінгі басты мәселесі сағаттап кешігуі болып тұр. Алғашында ТМД елдері бойынша баламасы жоқ, сапасы халықаралық көрсеткіштерге сай деп жер-көкке сыйғызбай мақтаған «Тальгоның» кешігуіне бүгінде көптің еті де өліп кеткен. Керісінше, дәлме-дәл уақытында келсе, таң қалатындай жағдайға жеттік.
Ал мұндайда ҚТЖ өкілінің жауабы «Техникалық жұмыс жоспарларына байланысты пойыз пәленше минутқа кешігіп келеді. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз» дегеннен әрі аспайды.
Осыған орай біз «ҚТЖ» АҚ-ға «Неліктен пойыздардың кешігетіні жайлы алдын ала хабарланбайды?» деп көптің көкейінде жүрген сұрақты жолдаған едік. Бұл сауалымызға ұлттық компания: «Жолаушылар тасымалы» АҚ келесі жылдың басында «ҚТЖ» ҰК» АҚ сайтында қандай да бір пойыз қозғалысы бойынша деректер көрсетілетін ақпараттық тақта түрінде онлайн хабарлау жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр. Жол жүру барысында жолаушы вагон жолсерігінен пойыздың стансаға келгені туралы нақтылай алады, сондай-ақ вокзалдарда пойыздың кешігуі және келу уақыты туралы үнемі хабарландыру жүргізіледі», деп ресми жауап берген. Сонымен қатар жауапта: «Пойыз үш сағаттан артық кешіккен жағдайда жолаушылар SMS хабарлама алатын болады. Бұл хабарлама Bilet.Railways.кz сайтына тіркелген және билет сатып алу кезінде байланыс деректерін қалдырған жолаушыларға жіберіледі» делінген.
ҚТЖ-ның ресми сайтында қызмет көрсету сапасына қатысты сауалдама қорытындысы да жарияланған. «Қазақстан темір жолы» АҚ пойыздарындағы сервистік қызмет көрсету сапасына көңіліңіз тола ма?!» деген сұраққа 50 пайызға жуық жолаушы «жоқ, көңілім мүлде толмайды» деп жауап берсе, 30 пайызға жуығы «Әлі де болса жетілдіруді қажет етеді» деген нұсқаны таңдаған. ҚТЖ-ға өкпесі қара қазандай жолаушылардың дені реніштерінің басты себебі ретінде пойыздың кешігуі мен ішкі тазалықты атап көрсеткен. Мұндайда сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүйткиді деген «Тальгоның» жағдайы осындай болса, жүруінен тұруы көп ескі пойыздар туралы жақ ашудың өзі қиын.
Кешігу қанымызға сіңіп кеткен бе?
Жақында әлеуметтік желіде «Пойыздардың кешігуі қалыпты жағдайға айналып барады» деген мағынада жазба жарияланған болатын. Пікір білдірушілердің бірі «Нұр-Сұлтан – Сарыағаш» пойызынан тасбақа тез келеді» деп мысқылдаса, енді бірі тасымалдаушылардың «апат болмай-ақ жай күнде де жауапсыз» екенін жазған. Тағы бірі «уақытында келген пойызды әлі күнге дейін көрмеппін» деп ағынан жарылған. Рас, жарты сағаттық кешігудің өзі бірталай қолайсыздық туғызары анық. Әр минутын жоспарлаған жолаушылар үшін артық шығын екені де түсінікті.
Ең өкініштісі – қарапайым халықтың осындай келеңсіздік пен қолайсыздыққа көндігіп кеткендігі. Жолаушылар өз құқығын талап етпейді. Мәселен, бізде «Теміржол көлігі туралы» заң негізінде бекітіліген «Жолаушыларды, багажды және жүкті теміржол көлігімен тасымалдау қағидасы» бар. Құжатта ауданаралық, қалааралық қатынастағы, сондай-ақ отыруға арналған орындары бар вагондардан жасақталған пойыздар кешіккен жағдайдағы жолаушылардың құқығы толық жазылған. Ал «Теміржол көлігі туралы» заңның 80-бабы 3-тармағына сәйкес пойызды кешіктірген тасымалдаушы жолаушыларға айыппұл төлеуі қажет. Заңда «Жолаушылар тасымалдайтын жолаушы пойызының жөнелтілуін кідірткені, сондай-ақ баратын теміржол стансасына кешігіп келгені үшін тасымалдаушы жолаушының шеккен залалын өтей отырып, оған кешіккен әр сағат үшін жол жүру билеті құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді», деп жазылған. Алайда «өндіріп алынған айыппұлдың сомасы билеттің құнынан аспауға тиіс» және «айыппұл төлеу тасымалдау ережелеріне сәйкес жолаушының өтініші бойынша жүргізіледі». Яғни өтемақы алу үшін жолаушы соңғы келген пунктінде вокзал кезекшісінен жол жүру билетіне кешіккен уақыт көрсетілген арнайы белгі қойдыртуы қажет. Бұдан кейін жолаушы осы құжат және жеке куәлігімен ҚТЖ-ның кез келген кассасына барып, заң бойынша өтемақы талап ете алады. Дәл осылай жасаған күннің өзінде Нұр-Сұлтанға 12 мың теңгеге билет алып, екі жарым сағатқа кешіккен ағайынымыз бар-жоғы 700 теңге көлемінде айыппұл өндіре алады екен. Ал бұл ақша елордадағы бір бағытқа жүретін такси құнын да өтеп бере алмайды. Алайда сол пойызда келген 265 жолаушының барлығы өз құқықтарын талап етер болса, «ҚТЖ» АҚ-ның қалтасына сәл де болса салмақ түсер еді. Оның үстіне кешіктірген әр рейс үшін жоқ дегенде 200 мың айыппұл төлеу еліміздегі теміржол желісінің ең ірі операторы үшін тиімсіз екені айтпаса да түсінікті.
Аталған заңды алға тартып ҚТЖ-дан «Осы бапта көрсетілген санкция бойынша айыппұл талап еткен жолаушылар бар ма? Болса, жыл басынан бері қанша жолаушыға, қандай мөлшерде айыппұл төленді?», деп сұраған едік. Алайда ұлттық компания бұл сауалымызды жауапсыз қалдырған. Демек бірде-бір жолаушыға айыппұл төленбеген деген сөз. Түсінгеніміз – бүгінгі күнге дейін «ҚТЖ» ҰК» АҚ келтірілген қолайсыздықтар үшін вокзалдарда хабарландырулар мен нұсқауларды айтып отыратын қыз-келіншектер арқылы кешірім сұраумен ғана құтылып келеді.
«ҚТЖ» АҚ берген мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда елімізде «Тальго» вагондарынан құрылған 15 пойыз, оның ішінде біреуі халықаралық және 14-і мемлекетішілік бағыт бойынша жүреді. Тәулігіне орта есеппен 7 500 жолаушы осы пойызбен қатынайды. Алайда халықтың басым бөлігі заңда осындай бап бар екенін біле бермейді. Білген күннің өзінде «тиын-тебен» үшін «босқа жүйкелерін жұқартқысы» келмейді. Кешігу қанымызға сіңіп кеткені соншалық, мұндай келеңсіздіктерді ұсақ-түйекке балап, көңіл аудармай жүре береміз. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым құқықтарын талап етуге халықтың өзі де құлықсыз. Ал «Тальгодан» тиянақтылықты талап ету үшін жауапкершілікті жеке бастан бастаған жөн.
«Синкансэннің» 30 секунды және ҚТЖ-ның қырық сылтауы
Теміржол қатынасы бойынша әлемдегі ең дәлме-дәл, уақытынан жаңыл-
май қызмет көрсететін елдердің бірі – Жапония. Мәселен, Күншығыс еліндегі ірі қалалар арасында жолаушыларды тасымалдауға арналған «Синкансэн» жоғары жылдамдықты теміржол желісінің өткен жылғы орташа кешігу уақыты тек 30 секунд болған. Бұл елде пойыздар 5 минуттан артық кешіксе станса бойынша кезекші кешірім сұрайды, ал жолаушы «кешігу туралы куәлік» ала алады. Бұл құжатты ол кешігіп қалуының себебін растау үшін жұмыста немесе мектепте көрсете алады. Егер пойыз бір сағатқа немесе одан да көп уақытқа кешіксе, газетте бұл туралы сын мақала жариялануы әбден мүмкін. Ал Германиядағы теміржол көлігі жайлылық деңгейі бойынша да, қатаң кесте бойынша жүруі жағынан да әлемдегі ең үздіктердің бірі болып саналады. «Неміс пойыздарының қозғалысымен сағатты туралап алуға болады» деген сөз осыдан қалса керек. Сол себепті де шет елдерде пойыздың кешігуін форс-мажорға жатқызады.
Ал біздің еліміздегі жағдай мүлде басқаша. Қазақстанда пойыздардың кешігуі қалыпты жағдай. Осы уақытқа дейін бірде-бір бәсекелесі болмай тұрған «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы пойыздардың 2-3 сағаттап кешіккенін «Темір жолдарға күрделі жөндеу жүргізуге байланысты жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесінде бұзушылықтар болды. Темір жолдарды жаңғырту биыл басталды. Бұл жұмыстар қозғалыс қауіпсіздігін және жолаушылар мен жүк пойыздарының жылдамдығын арттыруға бағытталған. Жұмыстар штаттық режімде, кідіріссіз өтуде» деп түсіндірумен ғана шектеледі.
Жолаушылар пойыздары кідіруінің негізгі себептері ретінде ҚТЖ «жол жөндеу жұмыстарын жүргізу және Қарағанды, Ақмола, Жамбыл бөлімшелері магистралды желілеріндегі жылдамдықты шектеу, ескерту» екенін айтады. «Жолдар жоғарғы құрылысының қазіргі жай-күйіне қарай пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық ескертулер белгіленген. Сонымен қатар ауа райының күрт нашарлауына байланысты қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пойыздардың қозғалыс жылдамдығына шектеу қойылуы мүмкін. Мұндай кездері жолаушылар пойызы 1-ден 3 сағатқа дейін кешігіп келетіндігін хабарлаймыз», делінген хатта.
ҚТЖ-ның әлі күнге дейін кеңестік кезеңнен қалған ескі вагондарды «сүйреп» келе жатқаны да белгілі. Тозығы жетсе де теміржолдардан түспеген мұндай вагондар жолаушылар үшін қолайсыз ғана емес, қауіпті де. Қазіргі таңда ҚТЖ паркінде осыдан 44 жыл бұрын жасалған вагондар да бар. Ресми жауаптарына сүйенсек, ұлттық компаниядағы 35 пайыз вагонның «жасы» 28 жылдан асып кеткен, 11 жылға дейінгі вагондар – 48%, 11-20 жылғы вагондар – 9%, ал 21-27 «жастағы» вагондар 8 пайызды құрайды. «Қазіргі таңда вагондар қанша пайызға жаңартылды? Қанша уақытта толық жаңарту жоспарланып отыр?» деген сұрағымызға АҚ «Соңғы үш жыл ішінде «Тұлпар» вагон жасау зауыты» ЖШС жасаған 237 жолаушылар вагоны сатып алынып, пойыздар құрамы жаңартылды. 2021 жылдың соңына дейін зауыт тағы 4 жаңа жолаушылар вагонын, сондай-ақ 2022 жылдың басында 62 жаңа «Тальго» жолаушылар вагонын сатып алуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда жолаушылар вагондары паркін 2029 жылға дейін жаңарту стратегиясы әзірленді. Құжатта алдыңғы қатарлы еуропалық тәжірибелерге сәйкес жолаушылар вагондарына қойылатын жаңа техникалық талаптар көрсетілген. Стратегия шеңберінде 2029 жылға дейін 500-ге жуық вагон сатып алып, олармен жолаушылар пойыздарының құрамын жаңарту жоспарланып отыр. Қазір «Тұлпар» вагон жасау зауыты» ЖШС базасында жолаушылар вагондары өндірісін ұйымдастыру үшін стратегиялық серіктесті анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде», деп жауап берген.
ТҮЙІН. Жоғарыда біз еліміздегі көлік-коммуникация жүйесінің бір жетістігі деп қабылдаған «Тұлпар-Тальгоның» бүгінгі жай-күйін жеткізуге тырыстық. Кешігу, кешіккенде де «тұрақты түрде кідіру» жүрдек пойызға жақсы ат әкелмесі анық. Дәл осыған ұқсас мәселе әуе қатынасында да жетіп артылады. Ақысын алса да, міндетін дұрыс орындай алмай отырған әуе компанияларының жауапсыздығына да, өкінішке қарай, етіміз үйреніп кеткен. Ұқыптылықты өзімізден бастау керек-ау... Сол кезде ғана түзу қоғам құра аламыз.