Қазақстан • 22 Желтоқсан, 2021

Биік асуларды бағындыруға бастайды

686 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы – тарихпен тамырлас, бүгінгі өмір талабымен үндесіп отыр. Қоғамның әрбір саласына мән беріп, жаңа замандағы Қазақстанның алдында тұрған сын-қатерлерін айқындаған маңызды саяси-сараптамалық қағидаттың бәрімізге де қатысы бар.

Биік асуларды бағындыруға бастайды

Бірінші тұғыр ол – тәуелсіздік. Кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Ел еңсесін тіктеген егемендіктің біз үшін маңызы ерекше. Елбасы бұл қастерлі түсінікті тәуелсіздік алған жылдардан бері санамызға сіңіруде. Өскелең ұрпақ үшін тәуелсіздік тарихи құндылық, ел ертеңіне деген сенім, алға жоспарлаған болашағына бағыт беретін ең маңызды мәселе болуына күш жұмсауымыз керек. Ол үшін ел болып бірігіп, еңбек ету маңызды деп ой салады Елбасы. Екіншісі – бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры. Көпэтносты Қазақстан халқы үшін бұл тұғыр этносаралық, конфессияара­лық татулықты сақтап қалу мәсе­лесі сынды маңызды болмақ. Елбасы егемендік алған жылдар­дан бері Қазақстан халқы Ас­самблеясының маңыздылығын ескертіп, халықтар достығының мызғымас символы ретінде жыл сайын елімізде түрлі халық­аралық шараларды ұйым­дасты­ру­ды назардан тыс қалдырмай­ды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Үшінші тұғыр – жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы. Жер мәселесі қазақ халқына болмысынан берілген, қанымен сіңіп, бойына біткен ерекше маңыз­ды мәселе. Жері мен елі үшін өмірін қиып, ғұмырын арнаған ата-бабаларымыздың амана­тын арқалап, өскелең ұрпаққа осы ұлан-ғайыр атырабымызды мирас ету біздің ортақ міндетіміз екенін тағы бір мәрте еске түсі­ре­ді. Төртінші тұғыр – отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі. Елбасы: «Отбасы – ұр­­пақ тәрбиесінің ұстаханасы, қоғам­дық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт» деп бүгінгі қоғамда жанұяның маңыздылығы мен рөлін тағы бір мәрте ерекшелейді. Адам санасы азғындаған жаңа заманда жас отбасылар арасында белең алған келеңсіз жағдайлар, ажырасу, бір жынысты неке, толық емес отбасылар, жетім балалардың көбеюі мәселелері дәл осы отбасы институтына елімізде жеткілікті дең­гейде көңіл бөлінбейтіндігінің көрсеткіші. Бұл мәселе ел көле­мінде назарға алынып, шешілуіне ық­пал ету үшін Елбасы өзі бас­тап отбасының маңыздылығын ай­қындап беріп отыр. Бұл – игі­ліктің нышаны. Бесінші тұғыр – ұлттық мәдениет – халықтың руха­ни тірегі. Бүгінгі күні жаһан­дық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлт­тық мінез, асқақ рух керек дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Шыны­мен-ақ, елдіктің тұтқасы – ұлттық мұра, тіл мен мәдениет, салт-дәстүр мен әдебиет. Ұлт мәде­­ниетін қажетті деңгейде да­мыт­­пайынша, рухани құн­­ды­л­ықтарымыздың мәртебесі еш­қ­ашан  биіктемейді. Елбасы назар аударған Ұлттық мәдениет сала­сын дамыту арқылы ғана біз басқа халықтарды өнер құдіреті­мен, ғылыми ізденіспен мойындата аламыз. Алтыншы тұғыр – білім мен еңбек – бақуатты өмір­дің кілті. Табыстың кілті үздік­сіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде дейді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жолында білім мен ғылымды дамытудың мемле­кет үшін маңызы мол. Жетін­шісі – прагматизм – бәсекеге қабілет­ті болудың кепілі. Прагм­а­тизм принциптері барын­ша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орын­ды пайдалануға талпынуды көз­дейді. Елбасы бұл прин­циптер жас­тарды төзім­ділікке тәрбиелеп, жаңа заман тала­бы­на сай дамуына мүмкіндік беретін қабілет деп санайтынын айтады.

Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлы «Елдіктің жеті тұғыры» атты жаңа қағидасымен барша қазақ­стан­дық­тардың рухын қайрап, еңсе­мізді тіктеп, бұдан да биік асулар­ға жету үшін және тәуелсіз Қазақ­­стан­ның жарқын болашағы жолын­да тынбай жұмыс істеуге шақырды.

 

Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА,

Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші

орынбасары, депутаттық фракция жетекшісі