Қоғам • 22 Желтоқсан, 2021

Мемлекеттік қолдау өңірде тұрақтап қалуға септігін тигізеді

145 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жастар саясаты назардан тыс қалмай, оны үнемі жетілдіріп, қамқорлық жасап, жол көрсетіп отырған ел ғана болашаққа сеніммен қарайды. Жалпы, Қазақстан жастар саясатын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. 2019 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен «Жастар жылы» жарияланды. 2020 жылы волонтерлерге арналған жыл жүзеге асырылды. Биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас Ұлттық жоба іске асырылды.

Мемлекеттік қолдау өңірде тұрақтап қалуға септігін тигізеді

Жастарға қатысты мәселеде олар­­дың жұмыспен қамтылуы өзек­ті. «Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағ­дарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мә­се­лесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», деген еді Мемлекет басшы­сы Тәуел­сіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында.

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысында жастар саясатын іске асыру барысына арналған жиын болды. Онда жастар­дың азаматтық белсенділігін бә­сеңдетпей, оларды жаңа мақсаттарға жұмылдыру қажеттігі туралы айтылды. Соның ішінде Президент талап еткен мемлекеттік қолдау істе­рінің әрбір жастың назарына қалай жетіп жатқандығы айтылды. Қазір облыс аумағында 14 пен 29 аралығында 98 910 жас азамат бар екен. Бұл барлық облыс халқының 18,2%-ын ­қамтиды деген сөз.

Ішкі саясат басқармасында­ғы Асқар Баймұқанов басшылық ететін жастар саясаты бөлімінің, аймақтағы 84 адамнан тұратын 14 жастар ресурстары орталығының, 2019 жылдан әрбір ауылдық округтерде енгізілген жастар ісі жөнін­дегі мамандардың ұйымдасты­руы­мен түрлі бастамалар мен шаралар өткізілген. Облыста жас­тар ұйымдастырған 44 үкіметтік емес ұйым бар. 2021 жылы жастар ҮЕҰ-ға ішкі саясат басқарма­сы 47 млн теңгенің әлеуметтік тапсы­рыстарын берген. Облыс аума­ғын­дағы волонтерлердің «Асар» слеті, республикалық дебат турнирі, мүм­кіншілігі шек­теулі жастар мен жас отбасыларын қолдау жұмыста­ры осы тапсырыстардың негізінде іске асы­рылды. «Жасыл ел» еңбек жасақ­тарын ұйымдастыру да осы тап­сырыстардың шеңберінде орын­далды. Тәуелсіздіктің 30 жыл­дық мерейтойын атап өту аясын­да тиктокерлер мен граф­фи­тис­тердің, киберспортшылар мен вор­каутерлердің арасында конкурс­тар ұйымдастырылды. Бұл шаралар әрбір қазақстандық жастың 30 жыл­дықтың ұлы дүр­мегіне қатысты болуын көздеген. Не оқуы, не жұ­мысы жоқ NEET категориясына енетін жастар да назардан тыс қалдырылмай, оларға мамандар­дың ақыл-кеңестерін беру, вакансиялар жәрмеңкесі, сонымен қа­тар мемлекеттік қолдау шаралары қарас­тырылған.

Жастарды қолдаудың, жұмыс­пен қамтудың үздік бағдарлама­ла­ры­ның бірі «Дипломен – ауыл­ға» бағдарламасы екені бел­гілі. Ауыл­ға барған әрбір жас ма­ман­ға 100 АЕК көлемінде көтер­ме өтемақы беріледі. Одан бас­қа 1,5 мың АЕК-ке дейін жеңіл­де­­тілген кредит алуы­на мүм­кін­­дігі бар. Осы бағдарлама­ны солтүс­тік­қазақстандық жас­тар тиімді пайдалануда. 1 қарашаға дейінгі мәліметке қарағанда оны 551 жас қолданыпты.

Ал жастарды жұмыспен қам­туды көздейтін «Жасыл ел» жобасы бойынша жазғы мезгілде 668 адам еңбекпен қамтылған. Олар орман шаруашылықтарына ғана емес, ауылдық елді мекендерге де жұмысқа орналасыпты. Алғашқы көрген еңбекақыларының көлемі 27-ден 60 мың теңгенің аралығын­да. Жастардың бизнеспен айналы­суын қолдауға 2021 жылы 315 млн теңгенің 63 кредиті берілген. Одан басқа «Бизнес бастау» жобасы бо­йынша 195 млн теңгенің 340 гран­ты тапсырылған.

Солтүстік Қазақстаннан жас­тар­дың басқа елге қоныс аударуы­ның көп екендігі туралы жиі айтылады. Алайда соңғы жылдары оның төмендеу динамикасы көрініс беруде. Егер 2018 жылы басқа елге қоныс аударған жастар саны 2 мың адамнан асса, биыл оның саны 800-ге түскен. Әрине, бұ­ған жаман індеттің де әсері болды, бірақ мемлекет қолдауының артуы жастардың туған елде тұрақта­нуын арттырғаны сөзсіз.

Үстіміздегі жылдың басынан бері жастардың ресурстық ор­та­лықтары жаман індеттің қол­байлауына қарамай 18 мыңдай адам­ды қамтыған 1 700 шара өт­кізген. Олар негізінен саламатты өмір салтын құруға, құқылық мә­де­ниетті арттыруға, ұрпақтар жал­ғастығын қамтамасыз етуге, жас­тарға экологиялық тәрбие беруге бағытталған. Жаман індеттің өрлеуі кезінде шектеу шаралары артқан соң көптеген жиын онлайн форматта өткізілген. Осы орталық­тың көмегімен үстіміздегі жылдың 10 айында 907 адам жұмысқа тұр­ғызылған. Ал орталықтардағы волонтерлер клубы жеті бағытта жұ­мыс істейді. Қазір олардың жалпы саны 10 мың адамнан асқан. Со­ның ішінде Ғ.Мүсірепов ауданы­ның волонтерлер клубы «Волон­тер жылының» қорытындысы ­бо­­йынша республикадағы үздік­тер қатарынан табылып, Ақпарат ­және қоғамдық даму министрлігі­нің Құрмет грамотасымен мара­пат­талған.

Жастар арасынан белсенділі­гін шыңдап, көзге түсіп жүргендер­дің бірі Зарина Мавлянова. Ол тігіншілікті өздігінен үйренген. Бірақ түрлі шеберлік сабақтары­на қатыса жүріп қазір маманды­ғын жетік меңгеріп алған. «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 2019 жылы грантты жеңіп алып, өзінің алғашқы тігін машинасын сатып алыпты. Шеберлігін шыңдай білген қыз ұлттық стильдегі сәнді көйлектер, соның ішінде үйлену тойларына арналған киімдер тігу­ді игерген. Қазір тұрғындар оған ұлттық киім тіктіруге кезекке тұра­тын көрінеді. Еңбегі жанып биыл кәсіпкерлерді дамытудың «Даму» қорынан 5 млн теңге грант ұтып алған. «Бұл қаражатқа өнер­кәсіптік тігін машиналарын сатып алдық. Қасыма тағы 2-3 жұмысшы алған соң тігін жұмысын жандандыра түсемін. Мемлекеттің жас­тарды қолдайтынына ризамын», дейді Зарина.

 

Солтүстік Қазақстан облысы