Экология • 22 Желтоқсан, 2021

Орман қоры молайып келеді

484 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында орман қоры жерлеріне 2 млрд түп ағаш отырғызу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Жер-жерлерде қолға алынған тал егу жұмыстары Шығыста да тыңғылықты түрде жүзеге асып жатыр. Облыста орманға оранған өңірлер көп болғанымен, биыл орман және табиғат қорғау мекемелері 4 151 гектар аумаққа орман дақылдарын екті.

Орман қоры молайып келеді

Республика бойынша ең үлкен орман резерваты «Семей орманы» аумағындағы Канонер филиалында орналасқан. Онда Орталық Азияда баламасы жоқ орман тәлімбақ кешені мен ағаш тұқымының бекеті жұмыс істеп тұр. Кононер филиалында инно­вациялық технологиялар арқылы жыл сайын 3 млн дана жабық тамыр жүйелі сеппе көшеттер өсіріледі. Шведтік технологияның дамығаны соншалық, кәдімгі қарағайдың сеппе көшеттері 2 жыл ішінде емес, бар-жоғы 70 күннің ішінде өсіп шығады. Заманауи әдіспен бұл кешенде 5 жыл ішінде қарағайдың 15 млн көшеті өсірілді.

Алдағы бес жылда облыс аумағын­дағы 40,6 мың гектар жерге 196,8 млн әртүрлі ағаш көшеттерін отыр­ғы­зу жоспарланған. Оның ішінде 2021-2025 жылдары орман ша­руашылығы коммуналдық мекеме­лері қызметкерлерімен 15 мың гек­тар алаңға 76 млн түп ағаш, «Семей орманы» мемлекеттік орман резер­ватының аумағында 119,4 млн түп, Ка­тонқарағай мемлекеттік ұлттық та­би­ғи паркінің аумағында 792 мың түп ағаш отырғызылады. Сонымен қа­­тар Асубұлақ, Самар орман шаруа­шы­лығы мекемелеріндегі тәлім­бақтар­да көшет егу жұмыстары жүйелі түрде жүр­гізіліп жатыр. Бұл туралы Ор­ман шаруашылығы және жануарлар дү­­ниесі аумақтық инспекциясының бас­шы­сы Ділдәбек Оразбаев айтып берген.

– Кешенді жоспарды іске асыру мақсатында биыл облыстың орман және табиғат қорғау мекемелері 4 151 гектар аумаққа орман дақылдарын отыр­ғызды. Сондай-ақ өткен жылдар­дағы екпелерді толықтыруды ескере отырып, 23 млн 581 мың дана ағаш отырғызды, – дейді Ділдәбек Тәжібайұлы.

Президент тапсырмасына сәйкес орман қорын молайту мақсатында облыста әзірленген кешенді жоспар жұмысы нәтижелі жемісін беріп келеді. Осы тұста айта кетерлігі, ор­ман қорын молайту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, жасыл желекке балта шабатындар да жоқ емес. Әсіресе жаңа жыл қарсаңында шырша кесу фактісі ішінара болып тұрады. Ал мемлекеттік мекемелерге шырша заңды түрде босатылады екен. Мәселен, былтыр облыста 760 түп шырша мектеп, балабақшаларға берілген. Көк базарда сатылып тұратын шыршаларды кәсіпкерлер көбінесе Ресейден жеткізеді. Одан басқа аймақта онға жуық жеке меншік тәлімбақтар бар. Олар да шыршаларын заңды түрде сата алады.

Жаңа жыл қарсаңында белгілі мөлшерде жасыл шырша қиылғаны­мен, орны үш есе, төрт есе толығып отыратыны анық. Оған жоғарыда келтірілген цифрлар дәлел. Дейтұрған­мен, үш-төрт күндік шараға жасанды шырша пайдалануға да болар еді. Айтып өткендей, орман қорын молайту мақсатындағы 2025 жылға дейінгі Президент тапсырмасы облыста жалғасын табатыны анық.

 

Шығыс Қазақстан облысы