Коронавирус • 22 Желтоқсан, 2021

Асқар Мамин ревакциналау қарқынын арттыруды тапсырды

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет отырысында өңірлер әкімдеріне халықты коронавирусқа қарсы вакциналау және ревакциналау қарқынын арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Асқар Мамин ревакциналау қарқынын арттыруды тапсырды

«Жалпы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жұқпалы аурулар ауруханалары мен реанимация орындарының жұмыспен қамтылуы - 19%. Көптеген өңірлер «жасыл» аймақта, «сары» аймақта тек Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары қалып отыр», деді Асқар Мамин.

Оның айтуынша, көптеген елдерде жаңа штамның таралуына байланысты, мемлекеттік шекарада санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды жалғастыру қажет.

«Үй-жайлар мен қоғамдық көлікте бетперде кию және адамдар көп жиналатын жерлерде әлеуметтік қашықтықты сақтау жөніндегі талаптарды орындауға ерекше назар аудару қажет», деп қосты Үкімет басшысы.

Қазіргі уақытта 9 млн-ға жуық ересек халық бірінші компонентпен, бұл ересек халықтың 80%-ға жуығы, екінші компонентпен 8,4 млн-нан астам адам егілгенін, бұл ересек халықтың шамамен 75%-ы екенін атап өтіп,

Асқар Мамин мұндай көрсеткіштер ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін әлі де жеткіліксіз екенін жеткізді. Осыған байланысты ол Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлер әкімдіктеріне халықты КВИ-ға қарсы вакциналау және ревакциналау қарқынын арттыруды тапсырды.