Қазақстан • 22 Желтоқсан, 2021

Мамин «жасыл» энергетиканы дамытуды тапсырды

473 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында генерацияның жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2030 жылы 15%-ға дейін арттыру қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мамин «жасыл» энергетиканы дамытуды тапсырды

«Бүгінгі таңда елдің негізгі энергия өндірісі көмір генерациясы есебінен жүзеге асырылуда. Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу бойынша заманауи үрдістерді ескере отырып, біздің алдымызда «жасыл» энергетиканы дамыту міндеті тұр. Қазіргі уақытта жаңартылатын энергия көздерінің 134 объектісінен электр энергиясын өндіру 3,3%-ды құрайды, сондықтан генерацияның жалпы көлеміндегі оның үлесін 2030 жылы 15%-ға дейін ұлғайту керек», деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар, Қазақстанның энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін отын-энергетика кешенінің жаңа қуаттарын жедел жаңғырту мәселесі қозғалды.

Осыған байланысты Премьер-Министр Энергетика министрлігіне 2021 жылдың соңына дейін 2030 жылға дейінгі отын-энергетика кешенін дамытудың өзектендірілген тұжырымдамасын қабылдауды, сондай-ақ «Қазтрансгазбен» бірлесіп, 2022 жылғы 1 сәуірге дейін елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселелері бойынша кешенді шешім әзірлеуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Бейінді ведомствоға Ұлттық экономика министрлігімен, «Самұрық-Қазына» қорымен және жеке энергия өндіруші ұйымдармен бірлесіп, жаңа электр станцияларын жаңғырту мен салуды қаржыландыру тетіктерін әзірлеу және тұтастай алғанда Қазақстанда «жасыл» энергетиканы дамыту жөніндегі жұмысты жандандыру тапсырылды.