Туризм • 22 Желтоқсан, 2021

Табиғаты таңғажайып Түркістан

2456 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздің кез келген өңірінде табиғаты сұлу, шетелдік туристерді бірден баурап алатын көрікті жерлер аз емес. Соның бірі және бірегейі ретінде Түркістан облысы. Бұл өңір туризмнің барлық саласымен туристерді өзіне тарта алатын еліміздегі жалғыз аймақ деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Өйткені Түркістан облысында ауыл шаруашылығы, емдеу және сауықтыру, экологиялық, гастрономиялық, тарихи және тағы басқа туризм салалары қарқынды дамып келеді. Бұған жуырда Kazakh Tourism ұлттық компаниясы БАҚ өкілдеріне ұйымдастырған ақпараттық тур аясында тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Табиғаты таңғажайып Түркістан

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Оңтүстік Қазақстан облысы 2018 жылы Түркістан облысы болып қайта құрылғаны белгілі. Сол уақыттан бері күнгейдегі өңірдің тамырына қан жүгіріп, күн өткен сайын ажары артып келеді. Басқа салаларды айтпағанның өзінде, кейінгі үш жылда облыста туризм саласы өте қарқынды даму үстінде. Мәселен, 2018 жылы Түркістан облысына қаңтар-қыркүйек аралығында – 112 мың, 2019 жылы – 140 мың, 2020 жылы 75 мың турист келсе, биылғы 9 айда 150 мыңнан аса саяхатшы Түркістанның туризміне қаныққан.

Ақсу шатқалы

Үш күнге жалғасқан іссапарымыз Шымкенттен 60 шақырым қашықта орналасқан Ақсу шатқалынан басталды. Әу бастағы жоспар бойынша біз Қазақстандағы ең алғашқы қорықтың бірі саналатын «Ақсу-Жабағылының» (1926 жылы құрылған) тыныс-тіршілігімен танысуымыз керек еді. Алайда табиғаттың тосын мінезіне байланысты қорыққа бару қауіпті болғандықтан, жоспарымызды өзгертіп, қар қалың түскенше туристерге аса қауіпсіз деп саналған Ақсу шатқалын бетке алдық.

Ақсу шатқалы – «Ақсу-Жабағылы» қорығының ең көрікті жерлерінің бірі. Мұнда келетін туристердің де көбі қо­рық­қа емес, дәл осы шатқалға барғанды ұнатады екен.

Ақсу – аумағы және тереңдігі бо­йынша Орталық Азиядағы ең үлкен шатқалдың бірі. Оның тереңдігі 300-ден 500 метрге дейін, ал ұзындығы 30 шақырымды құрайды. Шатқалға түсу өте қиын, кейбір жерлерінде жүру тіпті мүмкін емес. Бізге жолбасшы бол­ған гидтің айтуынша, Ақсу шатқалы Тянь-Шань тау жүйесінің қалыптасу кезеңіндегі соңғы катаклизмдердің негізінде пайда болған. Бұл – шамамен 10 миллион жыл бұрынғы оқиға.

Ақсу шатқалына саяхаттау хайкинг туризміне (таулы аймақта жаяу жүру) жа­татын болғандықтан, мұнда келе­тін туристердің басым бөлігі – жас­тар. Төмен қарай құлдилау және шың­ға қайта көтерілу әжептәуір күш пен епті­лікті, шыдамдылық пен төзімді талап ететіндіктен, үлкен жастағы туристер бұл жер­ге аса қатты қызыға қоймайды.

Шат­қалдағы туристік маусым наурыз айының соңында басталып, қазанның ортасына дейін жалғасады. Жаз маусымында жергілікті жастар жазық дала­да серуен құрып, бір сәт таза ауада де­м­ал-
­ғанды жөн көреді. Яғни оңтүстіктің ап­тап ыстығында таудың баурайында ор­наласқан шатқал керемет демалыс орнына айналады.

Бұрындары бұл жерге тек жергілік­ті тұрғындар ғана келетін болса, кейін­гі жылдары еліміздің өзге аймағынан да саяхаттаушылардың саны артқан. Оған екі жылға жуық уақыттан бері адамзатты әуреге салған коронавирус індеті себеп болды деп те айтуға негіз бар. Өйткені шетел шекаралары тарс жабылып, тырп ете алмай қалғанда ел азаматтары елдегі туристік орындарды іздей бастады. Оның үстіне «Әлеуметтік қашықтықты сақтау» сияқты міндеттемелер қойылған уақытта Ақсу шатқалы бұл талапқа толығымен сай келеді. Сондай-ақ мұнда алыс-жақын шетелдерден де туристер легі келе бастапты. Олардың ішінде Еуропа азаматтары көп екен.

Шатқалдан жерасты үңгірлерін көп кездестіруге болады. Бірақ көпшілігі­нің атауы жоқ. Жол жиегіндегі кейбір үңгірге еркін кіріп-шығуға мүмкіндік бар. Ал «Ақсу-Жабағылы» қорығының аумағында орна­ласқандары қауіпті саналады. Үңгір­ге бару үшін басшылықтан арнайы рұқ­сат алып, тек гидпен ғана баруға болады.

Сырға толы «Сайрам-өгем»

«Ақсу-Жабағылы» Қазақстандағы ең көне қорық саналса, «Сайрам-өгем» – еліміздегі ең жас мемлекеттік ұлттық та­биғи парк. 2006 жылы іргетасы қа­­ланған табиғи парк Батыс Тянь-Шань тау жүйесінің солтүстік – шығыс бөлі­гін қамтиды және Өгем, Қаржантау, Борал­дай, сонымен қатар Талас Алата­уы-­­
ның солтүстік-батыс бөктерін алып жа­тыр. Ұлттық парктің аумағында Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Даубаба және Көкбұлақ өзендері ағып өтеді. Парк территориясында 7 табиғат зонасы бар, шөлейттен бастап тау зонасына дейін. Мұнда өсімдіктің – 1 635, сүтқоректілердің – 59, құстардың 300 түрі кездеседі.

Табиғи паркте 11 туристік бағыт орна­ласқан. Атап айтқанда, саяхатшылар Мақпал, Сусіңген, Сайрамсу көлі, Сарыайғыр, Бозторғай өзені, Сазата өзенінің петроглифтері, Владислав шыңы, Қасқасу-Сусіңген, Құс базары, Үшбастөбе ескі қонысы, Сарыайғыр өзе­ні бойындағы шатқалдар секілді бағыт­тарды аралай алады. 11 бағыттың жалпы ұзындығы – 701 шақырым. Оның 250 шақырымы – жаяу, 263 шақырымы – аттылы және 186 шақырымы – автомо­биль­ді бағыт. Саяхаттау түрін туристер өз ыңғайына қарай таңдай алады. Мұндағы ең сұранысқа ие бағыт – теңіз деңгейі­нен 2 300 м биіктікте орналасқан Төменгі Сайрамсу көлі. Оның қазаншұңқыры гитара аспабына ұқсап кетеді. Су­дың мөлдірлігі соншалық, тіпті ең терең жердің өзінде көлдің түбін көруге болады. Келетін туристердің де назарын тартып тұратын осы көл.

Біз табиғи паркке туристік маусым аяқталған кезде барғандықтан, аса жеңіл жолды таңдап, Сайрамсу кө­ліне жол тарттық. Сайрамсуға барар жолда оңтүстік өңірдегі ең биік бес шың алыстан менмұндалап тұрады. Олар­дың ішіндегі ең биігі – 4 299 метрді құрайтын Сайрам шыңы. Сонымен қа­тар реттілік бойынша Сайрам шыңы­нан кейін «Шымкент», «Аютөр», «Соли­дарность», «Еңбек», «Игла», «Қазақстан халқы Ассамблеясы», «Альтус» және Сары­айғыр шыңдары тұрады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл шыңдар альпи­нист­тердің сүйікті жаттығу орнына айналған.

Кеңес өкіметі тұсында мұнда жыл сайын альпиниада ұйымдастырылатын болған. Оған КСРО құрамына кіретін 15 елдің ең мықты деген мыңнан аса альпинисі қатысып, жарыс көркін қыз­дырған. Бұл игі дәстүр әлі күнге дейін жал­ғасып келеді. Бірақ қатысушылар саны бү­гінде 100-ге де жетпейтін кө­ріне­ді. Сон­дай-ақ мұнда жыл сайын жаз мез­гі­лінде балалар лагері де ұйым­дас­тырылады.

 Шырайлы шаһар туризмі

Сапарымыздың соңғы күнінде үшін­ші мегаполистің туризмімен танысуға мүмкіндік алдық. Еліміздің ең көне қалаларының бірі саналатын Шымкент шаһарында да туризм саласы дұрыс жолға қойылған.

Ортағасырлық қалалардың стилін­дегі бекініс болып қайта қалпына кел­тірілген «Цитадель» қалашығы аз уақыт­тың ішінде Шымкенттің жарқын ту­рис­тік брендіне, қала тұрғындары мен қонақ­тары үшін айрықша орынға айналып үлгерді. «Цитадель» – Шымкент қаласының бірегей мәдени-тарихи айма­ғы, бұрындары ежелгі қалашықтың бекі­нісі болған жерде орналасқан.

Жерасты археологиялық қазба жұ­мыс­тары нәтижесінде табылған әрбір жәдігер «Цитадель» музейінің негізгі экспонаттары ретінде сақталып, қала тарихынан шынайы сыр шертеді. Қалашықта ашық аспан астындағы мұражай, амфитеатр, галереялар, жәдігерлер, қолөнер бұйымдары, ежелгі және ортағасырлық қаланың даму динамикасын сипаттайтын өзге де қызықты нысандар көп.

Сонымен қатар туристер ең көп ке­летін Бәйдібек би ескерткіші, «Қазына» этно-кешені, А.Асқаров атындағы ден­дро­­саябағы, «Қошқар ата» өзенінің жаға­­лауында болып, Visit Shymkent турис­тік ақпараттық орталығының жұ­мы­сы­мен танысып, қаланың туризм сала­сына қатысты мағлұмат алдық. Мә­се­лен, кейінгі 9 айда Шымкентке 230 мың­ға жуық турист келген. Өткен жыл­дардағы статистикамен са­лыс­тырғанда биыл 2-3 есеге көп. Үшінші мегаполиске келетін турис­тердің басым көпшілігі – Ресей, Өзбекстан, Түркия және Қырғызстанның аза­маттары екен.