08 Наурыз, 2014

Аналар – асыл жандар, шуақ боп шашылғандар!

881 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Без имени-1Әйелге қамқорлық – әлемге қамқорлық

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Қазақстан әйелдер қоғамдастығының бір топ өкілдерімен кездесті

07-03-01-e Жыл сайын дәстүрлі түрде болып келе жатқан «Көктем шуағы» атты осынау кездесуде Президент әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтап, олардың еңбектеріне табыс­тар тіледі. Кездесуге экономиканың, мәдениеттің, әлеуметтік саланың және мемлекеттік қызметтің түр­лі секторларының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатыс­ты. Өзінің құттықтау сөзін­де Елбасы: «Сіздер арқылы мен елі­міздің барлық әйелдер қауы­мын құттықтап, денсаулық, отба­сын­да бақыт және татулық тілей­мін. Экономиканың түрлі сала­ларын­да, әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, мәде­ниет пен бизнесте жұмыспен қам­тыл­ғандардың 52%-ынан астамын әйелдер құрайды. Олар депу­тат­тардың, басшылардың арасын­да да көп, ал мемлекеттік қызмет­ші­лердің тең жартысынан астамы – әйелдер. Осылайша, олар көп­­те­ген шешімдерді қабылдауға атса­лысады. Сол үшін менің алғы­сым­ды қабыл алыңыздар», – деді. Президент Тәуелсіздік жылдарында елімізде 7 миллиондай баланың өмірге келгенін атап өтті. «Бүгінде Қазақстанда күн сайын мыңнан аса сәби өмірге келіп жатыр. Қазір көпбалалы аналар саны – жарты миллион, бұл – нағыз ерлік. Бүкіл әлеуметтік блок нәзік жандардың үлесінде. Олар медицина қызметкерлерінің 75%-ын қамтиды, – деді Мемлекет басшысы. – Гендерлік қатынас бой­ын­ша республика жетекші орын­дар­дың біріне ие болып отыр. Әйел­дердің өндірістегі жал­пы­ұлт­тық өнімге қосқан үлесі 40%-ға жуықтайды. Әйелдер маңызды мем­лекеттік қызметтер атқарады, 550 мың қазақстандық әйел шағын және орта бизнеске басшылық етеді». Нұрсұлтан Назарбаев жақында Махаббат Бекбосынованы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы қызметіне тағайындағанын айта келіп, оның танымал дәрігер екенін және өте күрделі медициналық оталар жа­сау­ға тікелей қатысатынын атап өтті. Келесі кезекте Елбасы «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын іске асы­рудағы әйелдердің рөліне тоқталды. «Біз саяси тұрақ­ты­лықты, сенімді, достықты, елімізде тұрып жатқан адамдардың бар­лы­ғының теңқұқылығын сақтаймыз. Қазақстан бұл ретте бірегей «арал» болып қала бермек. Бұл – біздің ортақ қазынамыз, біз оған бірге қол жеткіздік», деді Қазақстан Пре­зиденті. Осыдан кейін Президентпен кездесуге келгендер сөз алды. Бірінші болып сөйлеген қазақтан шыққан алғашқы әйел-генерал, Бас прокуратураның Құқықтық ста­тистика және арнаулы есеп коми­тетінің төрайымы Сәуле Айтпаева өзіне генерал атағының берілуі құқық қорғау саласында қызмет ететін 90 мыңға жуық әйелдерге үлгі болғанын атап өтті. Сіздің Жолдауыңызда айтылған құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру туралы талабыңызды біз орындауға дайынбыз. Біз, погон таққан қызметкерлердің бәрі өз міндетімізді кәсіби шеберлікпен және шынайы орындайтынымызға сеніңіз, деді ол Президентке. «24 кz» телеарнасының жүр­гізушісі Екатерина Морковина аз уақыттың ішінде өз арналарын 6 млн.-ға жуық адамның тама­ша­лағанын жеткізді. Қазір арнаның Интернет нұсқа­сын дайындаудамыз. Осы жетіс­тік­тердің бәріне біз Сіздің қамқор­лығыңыздың арқасында қол жеткіздік, деді ол. Оралман-кәсіпкер Баһаргүл Төлегеннің сөздерін де Президент ыждағатпен тыңдады. Мен түрлі кәдесыйлар жасайтын кәсіпорын аштым. Онда 45 адам жұмыс іс­тейді. Қазір «Әдемі-Ай» сауда белгісі қазақстандық брендке айналды. Сіздің жақында бизнестің дамуы үшін түбегейлі шаралар қабылдау жөніндегі Жарлығыңыз мен сияқты кәсіпкерлерге шексіз көмек болды. Біз ол жаңалықты қуана қарсы алдық. Біздің өнерде, ғылымда, спортта және басқа да салаларда жарқылдап жүруіміз – Сіздің қамқорлығыңыздың арқасы. Сол үшін де Сізге тағзым етеміз, деді Б.Төлеген. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының қызметкері, украин хал­қының өкілі Тамара Ширмер өзі­нің сөзінде Украинада болып жат­қан трагедияға қынжылыс біл­дірді. Осындайда татулық пен ты­ныштықтың қадірін білесің. Сіздің арқаңызда Қазақ елі бейбітшілік пен келісімге толық қол жеткізіп, қуанышты өмір сүруде, деді ол. Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тен де сөйледі. Денистің биік сатыға көтерілгендігі Сіздің қамқорлығыңыздың арқасы. Бүгінгі күні елімізде 800 мыңнан артық жас бала спортпен айналысады. Осының бәрі Сіздің жасап берген мүмкіндігіңіздің арқасында болып отыр, деді ол. Токарь мамандығын меңгерген Майра Аманова әйел адамдар ерлерден ешқашан да қалмай, барлық мамандықты да игере алатынын атап өтті. Мен 25 жылдан бері Құлсарыда ер-азаматтармен бірдей еңбек етемін. Өзім жұмыс істейтін үлкен компанияның волейбол командасының капитанымын, қыздар ансамблінің солисімін. Мен Сізге барша жұмысшылардың алғысын ала келдім. Сіз әрбір жұмысшының қамын ойлайсыз. Сіздің тапсырмаңыздан кейін біздің жалақымызды көтеріп жатыр, рахмет жақсылықтарыңызға, деді М.Аманова. «Астана Опера» театрының солисі Мәдина Баспаева да өнерге жасап жатқан үлкен қамқорлығы үшін Президентке ризашылығын білдірді. Біздің театрымыздай классикалық өнер ордасы ХХІ ғасырда бүкіл Еуразия кеңістігінде болған емес, деді ол. Үкіметтік емес ұйымдар өкілі Мәдина Сауыт­бекова өзінің сөзінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы туралы айтып, оны – ХХІ ғасыр идея­сы деп санайтынын жеткізді. Мен де осы идеяның жүзеге аcуына өз үлесімді қосып жүрмін, – деді ол. Көкшетау қаласындағы На­зарбаев зияткерлік мектебінің қызметкері Алена Юмакулова таза қазақ тілінде сөйледі. Ол: «Сіз өз Жолдауыңызда «Қазақ тілі – Мәңгілік тіл болсын» дедіңіз. Барша қазақстандықтар бұл сөзді аса тебіреніп қабылдады. Менің ұлтым – орыс. Бірақ, Мәңгілік тіліміз Қазақ тілі – менің ана тілім. Қазақ тілін білуім менің жарқын болашағыма жол ашты. Сіздің биылғы Жолдауда білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын 29 пайызға өсіру туралы тапсырма беруіңіз бізді қанаттандырды. Ортақ Отанымыз – Қазақ елі өсіп, өркендей берсін, деді ол. Жемқорлықпен күрестің мате­ма­тикалық формуласын ойлап тап­қан Анар Баймырзаеваның сөз­дері де тартымды шықты. Сіз биылғы Жолдауыңызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа стратегиясын қалыптастыру – мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі екенін атап өттіңіз. Бұл түйт­кілге математикалық сараптама жасау жемқорлықпен күрес бағ­дар­ламасының тиімділігін арттыра түсетініне сенімдімін, деді жас ғалым. Кәсіпкер Инна Апенко былтыр «Алтын сапа» белгісін алға­нын еске алды. Бұл – біздің еңбе­гімізге берілген ең үлкен баға. Бүгінгі күні елімізде Сіздің қам­қор­лығыңыздың арқасында эконо­миканың индустриялық-инно­вациялық кластері дамуда. Сіздің кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі соңғы Жарлығыңызды олар қуа­нышпен қарсы алды. Енді олар өз істерін батылырақ жүргізуге мүм­кіндік алды, деді кәсіпкер. Еуразиялық интеграция инс­титутының директоры Жанаргүл Құс­манғалиева өзінің сөзінде дамыған 30 мемлекеттің қатарына енетін елдердің бәрі де өз экономикасын интеграция арқылы өркендете алғанын атап өтті. Бүгінгі күні интеграция қауіпсіз және табысты болашақтың кілті екені көрініп тұр. Сіз соны ерте бас­тан көре білдіңіз, деді ол. Мен ата-бабасынан бері заңгер болып келе жатқан жандардың тұқымымын, деді өзінің сөзінде Гүлжан Лұқманова. Біздің отбасымыздың құқық қорғау саласындағы жұмыс өтілі 100 жылдан асты. Осы жылдарда біздің әулетіміз 200-ден артық қылмыстың алдын алып, 10 шақты жасалған қылмысты ашты. Сөйтіп, біз қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша өзіміздің міндетімізді қапысыз атқарып келе жатқан жандармыз, дей келіп, ол Елбасына елімізде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға бағытталған саясаты үшін риза екенін жеткізді. 07-03-01 «Кorme-Ехро» ЖШС бас директоры Бақыткүл Құрманова ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екендігін айтып өтті. Бұл көрме де Сіздің арқаңызда біздің елімізде өткізілгелі отыр. Көрме күндері елімізді 5 миллиондай адам көретін болады. Барлық павильондар ең соңғы технологиялармен жасалып, бүкіл әлемнің көзін тартатын болады. Осындай жақсы өзгерістерді жасау арқылы Сіз елімізді нық сеніммен алға апара жатырсыз, деді ол ризашылық сезіммен. Көпбалалы ана Нұргүл Мұсаева өзінің 7 бала тәрбиелеп отырғанын айтты. Көпбалалы отбасыларға, әрбір сәбиге қамқорлық жасайтын Сіздей басшысы бар басқа ел жоқ. Сіздің биылғы Жолдауыңызда «сүйікті халқым» деген сөзіңіз бізді айрықша тебірентті. Халқыңыз «елін сүйген, елі сүйген Ер» деп Сізді ерекше қадір тұтады. Сізге барша қазақстандық аналардың атынан басымды иіп, алғысымды білдіремін, деді ол. Биотехнология Ұлттық орталығының қызметкері Ғазиза Данлыбаева жасушалық терапияның инновациялық методикасын ашқанын қуана жеткізді. Оны БАҚ «жасанды тері» деп атап кетті. Қазір 40-тан артық күйікке ұшыраған жандар оны пайдаланып, терісін қалпына келтірді. Осының өзі Сіздің инновациялық жобаларды қолдауға бағытталған саясатыңыздың арқасында іске асты, деді ол. Сағатшылардың бірнеше буынының ұрпағымын деген Мавлюда Ширханова өзінің сөзінде әкесінің 1 миллионнан артық сағатты жөндегенін айтты. Мен де сол кісінің жолын қуып, сағатшы мамандығын меңгердім. Қазірдің өзінде 350 мыңнан артық сағат жөндедім. Қарапайым еңбек адамының өз ісінің шебері болуын Сіздің саясатыңыз қолдап отыр, деді ол Президентке ризашылығын жеткізіп. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова өзінің сөзінде Елбасына барлық медицина қызметкерлері атынан медицина саласына жасап отырған қамқорлығы үшін ризашылығын жеткізді. Сіз алдымызға қойып отырған 30 дамыған елдің қатарына ену туралы міндетті өз саламыз бойынша орындауға дайынбыз. Қазақстандықтардың өмір жастарын ұзарту жолында аянбай тер төгеміз деп Сізді сендіре аламын, деді ол. Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова барлық мемлекеттік және салалық бағдарламаларға әйелдер қауымының қатысуы ескерілгенін атап өтті. Ол осындай жолмен бағдарламаларға жастар да тартылады деп үміт артатындығын жеткізді. Парламент депутаты Зухра Саяпова Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемде келісім мен тұрақтылық аймағын құруға талпынып отырғанын атап айтты. Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Махаббат Бекбосынова Қазақ­станның гендерлік теңдік тұр­ғы­сынан 32-орында екенін жеткізді. Біз келесі кездесуге дейін еліміз ген­дерлік тұрғыдан дамыған ел­дердің отыздығына кіруі үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, деді ол. Танымал әнші Толқын За­би­рова Президентке қазір қазақ мә­дениеті нағыз өрлеу дәуірінде еке­нін жеткізді. Мен биыл сахнада жүргеніме 25 жыл толуына бай­ланысты Алматыда есеп беру концертін өткіздім. Өзім Жүр­генов атындағы өнер академия­сында ұстазбын. Сіз биылғы Жол­дауыңызда айтқан Мәдени саясаттың тұжырымдамасы төл мәдениетіміз бен дарынды жас­тар үшін нағыз қолдау боларына сенімдімін. Сонымен қатар, бюджет қызметкерлерінің жалақысын кө­бейту туралы шешіміңіз бізге де зор қолдау деп білемін, деді әнші. Қазақстандағы әзірге жалғыз аң үйретуші, бурят қызы, қазақ келіні Тунгалаг Өселбаева да сөйлеп, өзінің циркте арыстандарды қалай бағындыратынын айтты. Одан әрі Президентке Астанаға тамаша цирк салғызғаны үшін алғысын жеткізді. Сіз Қазақстанды Азияның барысына айналдырдыңыз. «Елбасы жолы» фильмінде достарыңызға тиіскендерді өткір жанармен бір қарап тоқтатқаныңызды көрдік. Біз осы фильм арқылы ХХ ғасырдағы бүкіл қазақ тарихына куә болдық, деді ол. Сөз кезегі өзіне тигенде қазақ мектебінің түлегі Майя Веронская өзінің «Балалық шағымның аспаны» фильмінде жас Нұрсұлтанның мұғалімінің рөлін сомдағанын мақтанышпен жеткізді. Бұл мен үшін зор бақыт. Қазір біз «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Отты өзен», «Темір тау» фильмдерін еліміздің түкпір-түкпірінде көр­сетіп жүрміз. 8 миллионнан астам көрермен тамашалаған фильм ха­лыққа ерекше әсер қалдырды, деді актриса. Қазақстандық альпинист әйел Светлана Шарипова Мәңгілік Ел идеясын іске асыруда спорт та үл­кен рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен бірге, өзінің сөзінде Н.Назарбаевтың 1995 жылы Іле Алатауындағы Абай шыңын ба­ғын­дырғанын еске алып, оның барша қазақстандықтарға үлкен үлгі болғанын жеткізді. Әнші Перизат Жолдасова Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқитынын және өзінің осыдан 14 жыл бұрын Президентпен бірге суретке түскенін және үлкен кісінің өзіне бата бергенін еске ала келіп, бұл менің бағымды ашқан сурет болды. Мен сіздің батаңызбен өнер жолын таңдадым. Рахмет, Сізге, деді. Қорытынды сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттік бағдарламалар халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. «Бүгінде Қазақстанда шағын және орта бизнес белсенді дамуда. Бұл секторда 800 мың кәсіпорын жұмыс істейді, 2,5 миллионға жуық қазақстандық еңбекпен қамтылған. Олар елдің ішкі жалпы өнімінің 20-25 пайызын қамтамасыз етіп отыр, біздің міндетіміз – бұл көрсеткішті 30-50 пайызға дейін жеткізу. Ол дағдарыс құбылыстарын еңсере алатын орнықты экономика қалыптастырады. Егер 2002 жылы кәсіпкер әйелдерді қолдауға 150 миллион теңге бөлінсе, бұл сан 2013 жылы 7 есе өсіп, 1 миллиард теңгеден асты, ал барлық банктік несиелердің 38 пайызы кәсіпкер әйелдерге берілді», деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев «Жұ­мыс­пен қамту-2020» Жол картасы жүзеге асырылған үш жыл ішінде 230 мыңнан астам адам жұ­мысқа орналастырылғанын атап өтті. Бұл орайда мүмкіндігі шек­теулі адамдарды жұмыспен қамту мәселелеріне баса назар аударылып отырғанына тоқталды. «Тек былтырдың өзінде осы санаттағы 4470 азамат жұмысқа орналастырылды. Менің Қазақстан халқына Жолдауымда берілген тапсырмам бойынша, мүгедектерді қолдауға арналған жаңа шаралар әзірленуде. Сондай-ақ, жасы 50-ден асқан адамдарға көмектесуге бағытталған «Бастама 50 плюс» кешенді жоспары бекітілді», деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті ата-ана­сыз қалып, балалар үйінде тәр­бие­леніп жатқан бүлдіршіндерге ерекше назар аударылатынын айт­ты. Барлық қазақстандықтарға бас­тамашылық танытып, сондай балаларды өз отбасыларына тәр­биелеуге алу жөнінде сөз арнады. Қазақстандықтардың әл-ау­қатын одан әрі арттыру мәселесіне орай: «Жолдауда мен Үкіметке 2015 жылғы 1 шілдеден бас­тап азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа үлгісін енгізуді тапсырдым. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау салалары қызметкерлерінің жалақысының ұлғайтылуын қамтамасыз етуге тиіс. Егер аза­маттық қызметшілердің жала­қысының жалпы өсімін жинақтай келсек, ол қызмет саласының ерекшелігіне сәйкес 36-дан 52 пай­ызға дейінгі мөлшерді құрайды. Ал азаматтарымызды баспанамен қамтамасыз ету жөнінде айт­сақ, тек былтырдың өзінде 6,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Білім беру саласында мектепке дейінгі балалар мекемелерінің құрылысы жалғасуда, үш ауысыммен оқытуды тоқтату шаралары жасалып жатыр. 2013 жылы 124 мектеп салынды, биыл тағы 45 мың орынға арналған 73 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Президент денсаулық сақтау жүйесі нығайып келе жатқанын, елдегі өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін ұлғайғанын айтты. «Қазақстанда жүрек, бауыр, бүйрек, өт, сүйек кемігін алмастыру секілді бірегей оталар тегін жасалады. Бұрын мұндай оталарды қазақстандықтар тек шетелде және қыруар ақшаға ғана жасата алатын. 2013 жылдың өзінде ғана 168 денсаулық сақтау нысаны салынды, биыл тағы сонша нысан ашылады», деді Елбасы. Қазақстан Президенті өз қыз­метінің негізгі міндеті әрбір қа­зақ­стандықтың өмірін бақуатты етуге, елде бейбітшілік пен төзім­ділікті сақтау екендігіне тағы бір рет назар аудартып, Қазақстанның барлық ер-азаматтарын әйелдерді құрметтеуге және бағалауға, олар­дың берік тірегі болуға шақырды. Кездесу соңында Елбасы көп балалы ана Н.Мұсаеваға «Алтын Ал­қа» белгісін тапсырды. * * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және ке­лісім сарайындағы «Әлемнің жа­рығы» концертіне барды. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған концертте отандық белгілі әртістер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Мерекелік қойы­лымда көптеген музыкалық және театрлық жанрлар қамтылған. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.