Әдебиет • 22 Желтоқсан, 2021

Алтын Ордадан жолданған мінәжат-хаттар

3111 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бір кездері ғылым-білімнің кенiшi болған Алтын Ордадан озық ойлы ғалым-ғұламалармен қатар, өздерінің қайталанбас туындыларымен адамзат баласын тамсандырған ақын-шайырлар да шыққан. Мұның жарқын дәлелі – Алтын Орда билігі тұсында дүниеге келген әдеби жәдігерлер. Бұл дәуірде туралық пен пәктікті, имандылық пен ізгілікті жырлау басты орында тұрды. Кемелдікке жетелейтін даналық сөздерді оқыған халықтың жүрегінде иман нұры ұялап, ақиқатты тануға деген құштарлық пайда болды. Оқырманын кемелдікке жетелеген сондай шығармалардың бірі – Харезмидiң «Махаббатнамасы».

Алтын Ордадан жолданған мінәжат-хаттар

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ

Ғашық жанның сүйіктісіне арналған хаттар жиынтығынан тұратын бұл жә­дiгер 1353 жылы (һижри 754 жылы) Сырдың сағасында жазылған. Авторы туралы толық дерек жоқ. Сондықтан да бүгінгі ғылымға оның Харезми деген атпен қалам тербегенi ғана белгiлi. Десек те, түркітанушы Ә.Нәжiп шығармадағы «Сүйiнсiн пенде Харезми Рауани» деген жолға сүйенiп, автордың Рауани деген де тахаллусы (әдеби лақап аты) болғанын алға тартқан.

Харезми «Махаббатнамада» бұған дейiн парсы тiлiнде бiрнеше туынды жазғанын, оның шайырлық шеберлiгiн тани бiлген Ақ Орда әмiрлерiнiң бiрi – Қоңырат руынан шыққан Мұхаммед Хожабек өзi туралы шығарма жазып берудi өтiнгенiн, соның нәтижесiнде осы жәдiгердiң дүниеге келгенiн баяндайды. Осылайша өз заманының беделдi бектерiнiң бiрiнен тапсырыс алған Харезми шығармасын сол кездегi Шығыс мұсылман әдеби дәстүріндегі нама жанрында жазып шыққан. Осы орайда «намалық шығармалардың басқа әдеби жәдігерлерден айырмашылығы неде?»  деген сауал туындайтыны анық. 

Бізге дейін жеткен ортағасырлық жазба жәдігерлер, негізінен, кітап, дәп­тер, рисала немесе нама түрінде кезде­сетіндігі белгілі. Әбу Насыр әл-Фара­бидің еңбектері кітап немесе рисала түрінде жазылған. Ахмет Ясауи өзі­нің даналық сөздерінің жиынтығын дәптер («дәфтурәс-сәни») деп атаған. Ал Шығыс мұсылман әдебиетінде кез­­де­сетін «Шаһнама», «Тотынама», «Қабұс­­н­ама», «Саясатнама», «Иқбал­нама», «Ескендірнама», «Бабырнама» секілді туындылардың атауындағы «на­ма» тіркесі жинақ не кітап дегенді білді­­ретін. Яғни «елу патшалықты қамты­­ған шаһтар туралы кітап» («Шаһ­нама»), «тотықұстың хикаялар жинағы» («Тотынама») деген секілді. Эпикалық шығармалардың жиынтығын білдіретін «нама» ұғымы бертін келе жеке әдеби жанр ретінде бөлініп шықты. Содан ғашық пен машұқтың арасындағы хат­тар­дың жиынтығынан тұратын жәді­гер­лер «намалық» шығармалар деп атала бастады. ХІV-ХV ғасырларда жазыл­ған «Даһнама», «Махаббатнама», «Ләтә­фәтнама», «Ташұқнама» секілді туынды­ларда ғашық пен машұқтардың бір-біріне жолдаған назды хаттары басты орында тұрды.

Әрине, эпистолярлық жанрдың арғы арналары халық ауыз әдебиеті мен көне түркі жазба жәдігерлерінде жатқаны белгілі. Сондай-ақ ортағасырлық «хамса­лық» дәстүрдің негізгі кейіпкерлеріне айналған Фарһадтың Шырынға, Мәж­­нүн­нің Ләйліге жолдаған хаттары да «намалық» жанрдың алғашқы үлгі­лерінен саналады. Десек те, ғашық-машұқ арасындағы шағын хаттар көлемді лиро-эпикалық дастандардағы басты кейіпкерлердің іс-әрекеттерінен көрінбей қалатын. 

Наманың жеке жанр ретінде қалыпта­суында өлең сөзбен өрнектелген он хаттың («дәһ-нама») әсері болғанын ғалымдар жарыса отырып жазған. ХІ ғасырда өмір сүрген Фахриддин Гургани өзінің «Уис және Рамин» атты көлемді шығармасының бір тарауын «Дәһнама», яғни «Он хат» деп атаған. Онда ғашықтықтан басы айналған қыз ішкі сезімдерін алыстағы жігітіне хат түрінде жолдаған. Сондай-ақ ХІІІ-ХІV ғасырларда жазылған Һумам Тебри­зидің «Ғашық пен машұқ хаттары» деген шығармасы да осы «Дәһнаманың» үлгісінде жазылып еді. Гургани мен Тебризидің бұл бастамасы бертін келе Марағали Аухади тарапынан қолдау тапқан. Ол 1306-1307 (һижри 706) жылдары өзінің «Дәһнама» деген шығармасын жазып, басты кейіпкерлерді «ғашық» пен «машұқ» деп атаған. Шығарма кіріспеден және он хаттан тұрады. Араға он бес жыл салып, яғни 1322 (һижри 722) жылы Қожа Имадиддин Кермани да «Дәһнама» деген туынды жаратқан. Оның бұл шығармасы «Сүйікті жандардың ғашықтық хаттары» («Мухәббәтнамә-е сахибдилан») деген атпен де белгілі. Имадиддин Керманидің бұл туындысы да кіріспеден және он хаттан тұрады. Аухадидің «Дәһнамасынан» айырмашылығы мұнда кейіпкерлердің аты-жөндері ашып көрсетіліп, он хат сегіз хикаяның аясында таратылып берілген («Уис-Рамин», «Хұсрау-Шырын», «Жүсіп-Зылиха» және т.б.). Осы Керма­нидің ұлы Имад та әкесінің ізін жалғап, өзінің «Дәһнамасын» жазған. Сонымен бірге, Шейх Ибрагим Теймури да 1397 (һижри 800) жылы «Дәһнама» деген туынды жаратқаны туралы деректер бар.

Осылайша парсы шайыры Фахриддин Гурганидің «Уис және Рамин» дастанын­дағы бір тараудың атауы бертін келе Аухади, Кермани, Имад және Теймури секілді шайырлардың басты тақырыбына айналған. Осылайша ХІV ғасырдың өзінде «Дәһнама» деген атпен төрт шы­ғар­ма жазылып, ажам (парсы һәм түркі) халықтарының арасына кеңінен тараған.

 Алтын Орда тұсында хатқа түс­кен «Махаббатнама» да осы үлгіде жазылған. Яғни бұл жәдігер «Махаб­бат­тың қыр-сыры туралы кітап» емес, қайта «Ғашық жанның назды хатта­рының жиынтығы» десек те болады. Шығарманың құрылымы, негiзiнен, он бiр хаттан және әр «наманың» арасында кездесетiн бiрнеше өлең-жырдан (ғазал, мәснәуи, фард, қытға) тұрады. «Махаббатнаманың» жалпы көлемi 473 бәйiттен, яғни 946 тармақ дегенімізбен де, оның 156 бәйiтi (312 тармақ) парсы тiлiнде жазылған. Парсы һәм түркi тiлдерiнде қатар қалам тербеген Харезми сол дәуiрде жиi кездесетiн «зуллисан» (екі тілде бірдей жазатын) ақындардың қатарынан саналған.

Әдеби жәдігердің қолжазбаларын В.В.Бартольд тауып, алғаш рет ғылым әлеміне жариялаған. Түркітану­шы 1914 жылы Англияға барған ғылы­ми іссапарында Британия мұра­жайында сақталған араб әрпiндегi «Махаб­бат­наманы» (шамамен 1508-1509 жылдары көшірілген) кездестiрсе, 1922-1923 жылдары екiншi сапарында сол музейден түркі-соғды әліппесімен жазылған тағы бiр нұсқасын тапқан. Соңғысы бүгiнгi ғылымға белгiлi ең көне нұсқа саналады. Бұл жәдiгер 1432 (һижри 835) жылы ережеп айының басында Йәзд шаһарында Мансур есiмдi хаттат тарапынан көшiрiлген. Сондай-ақ бұдан басқа араб әрпiндегi тағы екi нұсқа Ыс­танбұлдың Ұлттық кiтапханасынан та­былған. Алайда соңғы екі нұсқа то­лық болмағандықтан да, Британиялық қол­жазба бүгінгі күнге дейін канондық мәтін ретінде қарастырылып келеді.

Түркітанушы В.Бартольдтің Ресей Ғылым Академиясындағы «Махаб­батнаманың» ескі қолжазбасы туралы баяндамасынан кейін А.Н.Самойлович, Дж.Клосон, А.М.Щербак, Ә.Нәжiп, А.Старостин және Т.Жалолов секілді түр­кітанушылардың да бұл жәдігерге деген қызығушылығы артып, көне қол­­­­­жазбаны зерттеу нысанына айнал­дырған. Сондай-ақ  Ғ.Айдаров, Ә.Құрыш­жанов, М.Томанов, I.Кеңесбаев, Ә.Керi­мов секiлдi ғалымдар Харезми шығар­масын тiлдiк тұрғыдан қарастырып, жәдігерде қыпшақ элементтерінің басым екендігіне назар аударған. Ал А.Қы­раубаева, Ә.Дербiсәлин, М.Жармұ­хаме­дов, Ө.Күмiсбаев сияқты белгілі әде­биет­танушылар ақын мұрасын ұлттық дүниетаным тұрғысынан зерделеп, шы­ғар­­маның қазақ әдебиеті тарихында ала­тын орны туралы өз ойларын ортаға салған.

Десек те, бұл аталған зерттеулерде шығармадағы хақиқи ғашықтықтың астарына үңілуге қарағанда, бұл дүниенің мажази махаббатын талдауға көп орын берілгені белгілі. Оған себеп, аға буын зерттеушілердің кемелдік ұстындары, хақиқат сырлары секілді руханият мә­селе­лерін жіті түсінбегендігі, түсінсе де белгілі себептерге байланысты ашып айта алмағаны деп ұққан дұрыс. Себебі Харезми «Махаббатнамасының» бар құндылығы иләһи ғашықтық сырларымен көмкерілгендігінде жатыр. 

Расында да, алтынордалық бұл жәді­гер­дің басты ерекшелігі – мажаз бен хақиқат сырларында жатыр. Оқырманның шығармадағы ғашық жанның ақынның өзі екенін аңғарғанымен де, оның машұқы­ның, яғни сүйіктісінің кім екенін біле бермейтіндігі де сондықтан. Осы орайда суреткер-ғалым М.Әуезовтің: «Өйткені Шығыс­тың көп классигіне ортақ болған бір жай махаббат сияқты сезімдерді жырлауда мистикалық элементтер де болады. Ғашықтықтың өзін құдайды тану жолындағы жан әрекеті есебінде жырлау басым еді. Сондықтан ғазалдарда аталатын «мағшұқа» қандай отанның, нендей халықтың қандай шараларын мекен еткен жан екенін біліп болмайды... Бұл жер басқан адам­зат па, жоқ бір мекенсіз, нақтылы дерек­сіз ғажайып жаралған перизат па? Оны да айыру қиын», – деп жазғаны еске орала­ды. Сол себепті де, Харезми шығармасының түпкі мәнін жіті түсіну үшін белгілі бір дәрежеде рухани дайындық қажет екені анық.

Шығармадағы, әуелі, Алланың атына, пайғамбардың затына айтылған ұлықтау-мадақтаулар мен соңында берілген Жаратушыға жалбарынған мінәжаттан туындының композициялық құрылымы сол дәуірдің әдеби талаптарының аясында жазылғаны аңғарылады. Сондай-ақ ақынның ғашық пен машұқ бейнесін суреттеу арқылы шынайы махаббат тақы­­рыбын сәтті аша білгенінің де куә­сі боламыз. Шығармадағы наз-тілек­тер мен ішкі сезімдердің астарланып, жұмбақталып берілуі, кейде арнайы ұғымдармен көмкерілуі, автор көтерген мәселенің негізі Ұлы ғашықтықта жат­қан­дығынан хабар береді. Себебі ақын өмір сүрген кезеңде, яғни ХІV ғасырда кемелдік ұстындары басты орында тұрып, Жаратушы мен жаратылысты махаббатпен тану жағына жіті мән бері­ле­тін. Сондықтан да, өз заманының жырын жырлаған Харезми де Ұлы махаббаттың жолында кемелдікке қарай қадам қойғанын аңғару қиын емес. Олай деуімізге себеп, ақын шығарма соңында: «Харабат ішінде мешітте орным бар, Себебі мен рендпін әрі парсамын» – деп, өзінің хәлінен хабар бергені сондай ойға жетелейді. Осындағы «харабат», «ренд» һәм «парса» сөздерінің руханият әлемін­де өзіндік терең мәнге ие екендігі белгілі.

Харабат – сөздікте қираған, бұзылған жер деген мағына бергенімен де, со­пылық танымда «шарапхана», «мейхана» деген ұғымдарға ие. Сондай-ақ пенденің бүтіндей фәна болуы да харабат деп аталады. Ал сопылықтағы шарап пен мейдің ғашықтық шарабы екенін ескерсек, «шарапхана», «мейхана» дегеніміз пенденің Жаратушымен қауышатын, нәпсі тәрбие­лейтін орны болмақ. Сондықтан да Харезми өз шығар­масының бірнеше жерінде көңілдегі қайғы-мұңды шараппен жууды ұсынады. Оны кейде «мей», «баде» деп берсе, бірде «жам» деген ұғыммен жеткізеді. Әр хаттың соңында қайталанып келіп отыратын «сақыдан шарап сұрау» жолдары шайыр жүрегінің ғашықтық шарабына қаншалықты ынтықтығын көрсетсе, сақының ұсынған әрбір шарабы ақынға шабыт сыйлайтын рухани күшке айналғанының куәсі боламыз. 

Ал ренд дегеніміз, діни түсінік бойын­­ша шариғат шарттарынан біле-тұра бас тарту, яғни ертеңгі күнгі жауап­кер­шілігін білсе де, Жаратушының бұйыр­ған амалдарын орындамау болса, ирфани (мистикалық) танымда ға­шық­тық жолына түскен жанның бұл дүниенің алдамшы қызықтарынан қа­шып, тәркідүниелікке салынуы. Парса – күнәлі істерден бойын аулақ ұстау, шынайы діндарлық деген мағына береді.

Осындай рухани кемелдікке кенеліп, нәпсі тәрбиелеудің жолына түскен шайыр өзінің айтар ойын өлең сөзбен өрнектеп қана қоймастан, сонымен бірге өзінің руханияттағы қай дәрежеде екенін де әдемі жеткізе білген. «Харабат» пен «рендке» қадам басып, «парсалыққа» тырысқан ақынның Алла мен пенде арасындағы ғашықтықтан, иләһи сырдан хабар беруінің мәнісі де осында жатыр.

Әдетте, кемелдік ұстындары жырлан­ған туындылардың басты ерекше­лікте­рінің қатарында, әуелі шығарманың идея-мазмұндық жағынан автордың иләһи ғашықтығы, яғни Жаратушының жамалына деген ынтықтығы бірінші кезекте тұрса, сондай-ақ, ондағы образдар мен сюжеттер, арнайы атау­­лар мен ұғымдар арқылы жүзеге асатындығы белгілі. Шығыс мұсылман әдебиетінде, соның ішінде классикалық түркі жазба жәдігерлерінде кеңінен қолданылған ирфани ұғымдар мен символдық, яғни шартты түрде берілетін атаулар терең һәм астарлы мәнге ие болып, өзіндік терминдер жүйесін құрайтындығы тағы бар. Харезмидің «Махаббатнамасында» да сақи, жәми жәм, пәруана (көбелек) мен шам, гүл мен бұлбұл секілді бірне­ше образ кездесіп отырады. Әдетте, ортағасырлық түркі жазба жәдігерлерінде көбелектің шамға, бұлбұлдың гүлге ынтықтығының астарында Халиқ пен махлұқтың, яғни Жаратушы мен жара­тылыстың арасындағы ғашықтық сырлары суреттелетіні белгілі.

Харезми – ғашық ақын. Ол ғашықтық жолында бақ пен бостандарда ұшып сайрағысы («Сенің ышқыңда сайрарға Харезми, Бүгін әлемде бір бостан жоқ, ей жан»), осы жолда бүтіндей жоқ бол­ғысы келеді («Сенің ышқыңда Харезми жоғалды»). Мұндай жолда ғашық болу – кемелдікке ұмтылған кез келген пен­денің арманы. Себебі ғашықтық жол­дың жемісі – рухани толысу, кемелдену.

Кемелдік жолындағы махаббат – сыр. Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Фә­ри­дәд­дин Аттар, Мәуләнә Руми секіл­­ді Хаққа ғашықтардың бәрі де махаб­баттың сыр екендігін жарыса отырып жырлаған. Харезми де Мұхаммед пайғамбардың махаббатпен Алланың сүйіктісіне айналғанын айта келе: «Ма­хаббаттан туады мың түрлі сырлар, Көңіл сырларын жанменен сақтар» деп, ғашықтықтың түбі рухани сырда жатқанына тоқталған.

Парсы тіліндегі «Дәһнамаларда», негізінен, жігіт пен қыздың арасындағы махаббат туралы сөз болса, Харезми осы шығармасы арқылы мажази махаббат­ты иләһи ғашықтыққа айналдыра біл­ген. Сондықтан да, ғашық тарапынан жол­данған он бір хаттың ешбіріне де машұқ тарапынан жауап қайтарылмаған. Ақынның зар-наласы, арман-тілегі мінәжат-хат түрінде жолданған. Пенде ол хаттардың жауабын күтпеген, қайта сол ар­ман-тілектердің Оның құзырында қабыл болуын ғана тілеген. Ақын адре­сат­ты жұрт көзінен таса ұстауға тырыс­қан. Машұқ­­­тың кім екендігі таң самалына ғана аян еді. Сол себепті де таң сама­лы жұрт ұйқыда жат­қан таңсәріде ғашық­тың мінәжат-хаттарын Машұқына жеткізіп отырған.

Ұлы махаббаттан сыр шертетін «Ма­хаббатнама» шығармасы түркі ақын­дарының біразына қатты әсер етті. Содан түркі әдеби тілінде нама­лық шығармалар жазыла бастады. Арадан көп уақыт өтпес­тен, яғни ХІV ғасырдың соңында Хо­жанди өзінің «Ләтәфатнамасын» жазып шықты. Ол бұл туындысын Харез­­­­мидің «Махаббатнамасына» жауап ре­тінде жазғанын «Хожанди сөздерін Харезми міскін, Есітсе «пәлі» деп аң-таң қалатын», деп ашып көрсетті. Ақ Орданың орталығы – Сығанақта көшірілген бұл жәдігерде де мажаз бен хақиқат сырлары кеңінен сөз болады.

Содан 1435-1436 (һижри 839) жылдары Саид Ахмет он хаттан тұратын «Ташұқнамасын» жазса, осы дәуірде Жүсіп Әмири де «Дәһнама» деген шығармасын аяқтады. Осы екі шығар­маның композициялық құрылымы мен идея-мазмұны «Махаббатнаманың» аясында өрілгенін баса айтқан жөн. Сондай-ақ 1506 (һижри 911) жылы түркі әдеби тілінде жазылған Шаһ Ис­маил Хатаидың «Дәһнамасына» да Харезмидің мінәжат-хаттарының тигізген әсері аз болған жоқ.

Алтын Орда тұсында жазылған Харезмидің «Махаббатнамасы» – түркі әдеби тіліндегі намалық шығармалардың бастауы десек те болады. Харезми шығармасынан кейін Хожанди, Саид Ахмет, Жүсіп Әмири және Шаһ Исмаил Хатаи секілді түркі ақындары өздерінің намалық жанрдағы шығармаларын жазды. Әрі бұл шығармаларда ғашық-машұқ арасындағы мінәжат-хаттар арқылы Хаққа деген Ұлы махаббат жырланды. Жаратушының қаһарынан қорқып емес, қайта Оның мейіріміне ғашық болу арқылы Хақты тану керектігі намалық шығармаларда кеңінен көрініс берді. Хакім Абайдың «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, Ол Алланы жаннан тәтті» деп жырлауының астарында да осы кемелдік ұстындары жатыр еді. Сондықтан да Харезмидің мінәжат-хаттарының түпкі мәнін түсіну үшін ғашық-машұқ әлемінің астарына үңілу қажет. Харезмидің сөзімен айтар болсақ: «Кімде-кім мұны («Махаббатнаманы» - Т.Қ.) ғашықтықпен оқыса, Хақиқат әлемін сонда табады». 

Төрәлі ҚЫДЫР,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты