Қазақстан • 23 Желтоқсан, 2021

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы – мемлекеттік тілді дамытудың тиімді құралы

1110 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы Қазақстан халқының рухани құндылықтарын дамытуға аса қарқынды серпін бергені көзі қарақты жұртшылыққа мәлім.

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы – мемлекеттік тілді дамытудың тиімді құралы

Аталмыш мақалада берілген тапсырмаларды орындаудың нормативтік негізі ретінде қабылданған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 160-ө, 2019 жылғы 20 мамырдағы № 86-ө және 2021 жылғы 6 қазандағы № 167-ө өкімдері, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 9 ақпандағы № 50 және 2021 жылғы 31 мамырдағы № 354 қаулыларында көзделген мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған. Қазіргі кезде аталмыш бағдарламаның жаңа кезеңіне жол ашылып отыр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 724 қаулысымен бекітілген «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы –  осы сөзіміздің айқын дәлелі. 

«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы ең алдымен қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті дамытуға арналған бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Мұндай бағыттардың бірі – «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілете отырып, мемлекеттік тілді дамыту.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ұлттық жобаны жүзеге асыру міндеттерін орындайтын бірден-бір лингвистикалық ғылыми мекеме болып табылады. Осы ретте Институт Ұлттық жоба аясындағы шешуге қатысатын мәселелерді былайша топтап көрсетуге болады:

Мемлекеттік тілді латынграфикалы қазақ әліпбиіне көшіру арқылы реформалаудың ғылыми лингвистикалық негізін жасау

Институт 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша үшжылдық зерттеу нәтижесінде қазақ жазуын латын графикалы әліпби негізінде реформалаудың ғылыми-лингвистикалық базасын қамтамасыз етуге арналған сөздіктер мен анықтағыштардың (кирил және латын әліпбиінде) қолжазбаларын дайындап, Қазақ тілінің емле ережелерін әзірледі. Бұл еңбектер жұртшылықтың қолданысына жетілдірілген жаңа әліпби бекітілгеннен кейін ұсыналатын болады. Бүгінгі күні Институт үлкен академиялық грамматиканың, біртомдық үлкен түсіндірмелі сөздіктің қолжазбаларын әзірлеу, жаңа әліпбиде үлкен орфоэпиялық және орфографиялық сөздіктер мен анықтағыштардың қолжазбаларын жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Әрі қарай Институт осы академиялық еңбектердің негізінде мемлекеттік тілді насихаттау мен оны қолдану мәдениетін арттыруға қажетті IT-қосымшалар мен цифрлық лингвистикалық өнімдер әзірлеуді жоспарлап отыр. Осылайша, мемлекет тілі – қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп, заман талабы мен сұраныс артып, болашақта ұлтаралық қатынас тіліне айналуына да жол ашылары сөзсіз.

                Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау

Қазақ тілінің ұлттық корпусын әзірлеумен байланысты міндеттерді орындау Институтқа «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын іске асыруда үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Сонау 90-жылдардан басталған корпус жасау ісінің басында  профессор Асқар Жұбанов тұрды. Бұл іс сол кезден бастап Институт ғалымдарының өз бетінше ерікті ынта-жігері арқасында жасалып келді. Бұл мәселенің қазіргі кезде мемлекеттік маңызы орасан зор жобаға енгізілуі – зиялы қауымды қуантарлық жағдай. Өйткені Мемлекеттік тілдің толыққанды қызмет етуі оны интернет-кеңістікте тиімді қолдана отырып, зерттеу мен оқытуда ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалануға тікелей байланысты. Отандық корпустық лингвистика саласының алғашқы әрі жетекші ғалымдарының бірі  Э.Сүлейменова «интернет-ресурстардың дамуына байланысты электронды мәтіндердің көлемі артып отырғанда пайдаланушыны қызықтыратын тілдік мәліметтердің бәрін бірдей қарап үлгеру мүмкін болмайды» деген болатын. Өйткені қазіргі кездегі тілдік деректерді іздеу жүйесі нақты лингвистикалық өлшемшарттар бойынша белгіленбеген, сондай-ақ веб-ресурстарда қолданылатын мәтіндік белгіленім құралдары лингвистикалық ерекшеліктерді (айтылу нормалары, грамматикалық және семантикалық топтар, сөздердің тіркесуі қабілеті және т.б.) толықтай сипаттап бере алмайды. Сондықтан қазіргі заманғы пайдаланушылардың – тілді үйренушілердің, зерттеушілердің, тіл туралы білімге қызығушылық танытқан жұртшылықтың сұранысын қанағаттандыра алмай отыр.

Осы ретте Ұлттық жобаға енгізілген Қазақ тілінің ұлттық корпусы ұдайы толықтырылып, кеңейтіліп, тереңдетіліп отырылатын, ғылыми және техникалық қолдауды талап ететін ашық инновациялық ақпараттық-анықтамалық жүйе болып табылады. Оның бірінші кезеңдегі көлемі 40 миллион сөзқолданыстан тұрады. Корпус толық, терең аннотацияланған және қолайлы белгіленім түрлерімен қамтамасыз етіліп, мемлекеттік тілдің қолданылуына септігін тигізеді және пайдаланушылардың лингвистикалық білімдерге деген қажеттілігін қамтамасыз етеді. Тіл тұтынушы, қолданушы кез келген сөзді, сөз тіркесін және олардың түрлі тұлғалары мен нүсқаларын ұлттық корпустан іздеп тауып, пайдалана алатын болады. Қазақ тілінің ұлттық корпусы – ана тіліміздің мол байлығы мен зор әлеуетін көрсететін заманауи баға жетпес рухани қазына, ұлтқа тән ерекше бедер-бейне.

Корпус – тілдік мәліметті іздеу жүйесі арқылы бірнеше секундтың ішінде тіл туралы ақпараттар жиынтығын ұсынатын, статистикалық деректерді беріп, эмпирикалық базаны кеңейтетін, лингвистикалық зерттеулерге қарқын беріп, зерттеушілердің уақытын үнемдейтін бірегей анықтамалық.

Корпустың қазірге келбеті ұлттық мәдениетті дамыту мен ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті нығайтуға да септегін тигізеді. Осыған байланысты Институт бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша конкурсқа берілген барлық жобаларының өтінімдерінде Қазақ тілінің ұлттық корпусын жетілдіру, жақсарту, толықтыру міндетін қойып отыр. Бүгінгі күні Институтта мәтіндік көлемі 14 миллион сөзқолданыстан тұратын қазақ тілі корпусының қанатқақты жобасы әзірленген (qzcorpus.kz).

Сонымен қатар, Институт болашақ ғылыми зерттеулердің қатарында Қазақ тілінің ұлттық корпусының параллел ішкорпустарын (екітілді, үштілді) жасауды да жоспарлап отыр. Мұндай қатарлас ішкорпустардың екі тілдегі тілдік бірліктер туралы ақпарат алу нәтижесінде аудармашыларға, оқытушыларға, сондай-ақ мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізушілерге пайдасы ұшан-теңіз деп сенеміз.

Институт сондай-ақ Ұлттық жобаның орта білім берудің  «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндеріне арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер дайындау, Мемлекеттік тілді оқыту бойынша ІТ-өнімдерді әзірлеу, техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ), жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру (ЖЖОКБ) ұйымдары үшін қазақ тілінде оқулықтар дайындау, Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтанушылық және талдамалық зерттеулер жүргізу іс-шараларын орындауға ғылыми тұрғыда қызмет көрсете алады.

Жас кадрларды қолдау мәселесі

«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Тәуелсіздік ұрпақтары» аталатын үшінші бағытында көзделген жастарды тұрғын үй жинақтау жүйесімен қамту, тұрғын үй құрылысы бағдарламаларында жас отбасыларға арналған квоталар енгізу, жастарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын іске асыру, жастар ұйымдарының жобаларына гранттарды қаржыландыруды 1,5 есеге ұлғайту және волонтерлік қозғалыстарды дамыту және т.б. міндеттер – бүгінгі Қазақстан қоғамындағы, әсіресе ғылыми-зерттеу институттарында кадрлық әлеуетті қалыптастырудағы өзекті мәселелерінің бірі. Сондықтан ғылымға тартылатын дарынды да жасампаз жастардың әлеуметтік-материалдық жағдайын жақсарту Ұлттық жоба аясындағы қолға алынатын игі істің –  мемлекеттік қамқорлықтың бірі деп білеміз. Тіл корифейлерінің ізін жалғар, мықты біліммен қаруланған жасампаз өскелең ұрпақ – жас ғалымдар ұлт тілін, оның білімі мен ғылымын әлемдік жаһандану заманында бұлақ суындай таза күйінде болашаққа жеткізеріне кәміл сенеміз!

 

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының директоры,

филология ғылымдарының кандидаты                 

А. Фазылжанова

 

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының

жетекші ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты               

С. Құлманов