08 Наурыз, 2014

Білім... Маржаны

317 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Маржан Қожаевамен әңгіме

Маржан– Маржан Төреғұлқызы, Тараз қаласындағы білім беру сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Бұл, әрине, сала басшылары мен ұстаздар тарапынан көп жұмысты талап етеді. – Бүгінгі таңда Тараз қаласында 102 білім мекемесі бар. Оның 58-і мектеп, 40-ы балабақша, 3-еуі қосымша білім беру орталығы. Бұ­ларда барлығы 55 мыңнан аса оқушы мен 16 мыңға жуық бүл­діршін тәрбие алса, оларға тиісінше 9 жарым мыңнан астам педагогтар мен қызметкерлер қызмет етеді. Салаға бөлінетін қаржы да қомақты. Өткен жылы бөлінген 13 миллиардтан астам қаржы, мысалы, қала бюджетінің 60 пайызын құрады. Түптеп келгенде, жұмы­сымыз­дың ең басты көрсеткіші – білім сапасы десек, Республикалық ғылыми жоба байқауына қала мектептерінен барлығы 12 оқушы қатысып, оның 10-ы жүлделі орынды иеленді. Республикалық пән олимпиадасына 21 оқушы қатысып, 13-і жүлдегер (3 алтын, 2 күміс, 8 қола медаль) болды. Бүкіләлемдік, халықаралық және республикалық білім сындарында 35 медаль иелендік. №1 гимназия оқушысы Богдан Загрибельный химия пәнінен бүкіләлемдік және халықаралық олимпиада жеңімпазы атанып, еліміздің намысын қорғады. Білім сынағының бірі – ұлттық бірыңғай тестілеу болса, қала мектептерінің көрсеткіші жылдан-жылға жоғарылап келеді, 2012-2013 оқу жылын бітірушілердің орташа балы – 77,86 болды. Бұл нәтиже республикалық көрсеткіштен – 3,36, облыстан – 2,82 балға жоғары. Мектепті үздік бітірушілер саны да артып келеді. «Алтын белгі» төс белгісіне 34, үздік аттестатқа 22 мектеп бітіруші ие болды. ҰБТ қорытындысы бойынша қаланың үш гимназиясы республиканың 100 үздік мектебінің құрамына, ал №45 гимназия үздік он бестің ішіне енді. – Білім сапасын арттырудың сыры неде деп ойлайсыз сонда? – Біріншіден, соңғы жылдары Тараз қаласы мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыс, қала әкімдері аса мән беріп отыр. Мемлекеттік бағдарлама талаптарына сәйкес мектеп оқушыларын компьютермен және жабдықталған пән кабинеттерімен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін өткен жылы 470 компьютер алынса, үстіміздегі жылы 800 компьютер алуға 104 миллион қаржы қарастырылды. Тек қана өткен жылдың өзінде 1 миллиард 100 миллион теңгеге 33 мектеп және 16 балабақша күрделі және ағымдағы жөндеулерден өткізілді. Екіншіден, оқушылардың білім деңгейі педагогтардың сапалық    құрамына тікелей байланысты екенін айта кету маңызды. Жалпы, білім беретін мекемелердегі мұғалімдер саны 5307-ні құрайды. Өткен жылы 912 педагог білім жетілдіру курсынан, 251мұғалім жаңа форматтағы 3 айлық біліктілік арттыру курсынан өтті. – Қалада тұратын ата-ана­лардың басым бөлігі жұмысбасты екендігі белгілі, сондықтан бала­ларының сабақтан бос уақытын қалай өткізетінін қадағалауға уа­қыттары жетпейтін шығар. Осы мәселені ұйымдастыру қандай деңгейде? – Жалпы, оқушылардың мектептен тыс уақытын қамту екі бағытта ұйымдастырылады. Біріншіден, мектепішілік түрлі үйірмелер, екіншіден, арнайы қосымша білім беру орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Алғашқысына мектептердегі көркемөнер, ғылыми, техникалық, музыка үйірмелеріне барлық оқушыларымыздың 49,9 пайызы қамтылса, орталықтарда оқушылардың 13,9 пайызы кәсіби шығармашылықпен шұғылданады. Мектепішілік, мектептен тыс және қаладағы білім бөліміне қарасты 20-дан астам спорттық алаңшаларда 13 мыңнан аса балалар мен жасөспірімдер спорт түрлерімен айналысуда. Бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 23,7 пайызды құрап отыр. – Елімізде балабақша мәселесі шешуі қиын түйіннің бірі болып отыр. Осы салада ілгерілеушілік бар ма? – Тараз қаласында бүгінгі күні 15941 бүлдіршінді қамтитын 78 мектепке дейінгі білім мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде 40 мемлекеттік, 13 жекеменшік балабақша бар. Мектеп жанында – 23, ал жекеменшік 2 шағын орталық жұмыс істейді. Мемлекеттік «Ба­лапан» бағдарламасы қабыл­дан­ғаннан бастап мектепке дейінгі білім мекемесінің желісі 29 нысанға, яғни 6 мыңнан астам орынға артты. Соның нәтижесінде 3-6 жас аралығында балалардың мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылу деңгейі 74,7 пайыз, 1-6 жас аралығында 51,5 пайызды   құрады. Бүгінгі күнде кезекте тұрған 2-6 жас аралығындағы сәбилер саны –  12 133 болып отыр. Жыл сайын 6 мыңға жуық бүлдіршіннің жаңадан ашылған және қолданыстағы мектепке дейінгі мекемелерге орналас­тырылатынын ескерсек, балабақша мәселесі де көп ұзамай шешіліп қалар. – Басшы болу, әрине, оңай емес. Әсіресе, әйел адамға. Елдің болашағын қалыптастыру мақ­са­тында атқарып жатқан еңбек­теріңнің де қызығынан қиын­ды­ғы көп. Әйел ретінде өзіңді күтуге, бос уақытыңды мәдени орындарда өткізуге қолың тие ме? – Өзім де еңбек жолымды мұғалім болудан бастаған ұстазбын ғой, жұмысымыздың инемен құдық қазғандай қиын екенін сеземін. Он жыл орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім, одан кейін 16 жыл бойы жоғары оқу орындарында қызмет атқардым. Ғылыми ізденістермен айналыс­тым. Филология ғылымдарының кандидаты болдым. Сондықтан бос уақыт деген бізде жоқ десе де болады. Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Тараз.