Экономика • 23 Желтоқсан, 2021

АШМ: Субсидиялаудың жаңа жүйесі масылдық әрекетке жетелемейді

167 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев саладағы субсидиялау жүйесін реформалау туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бүгінгі таңда ауқымды талдамалық жұмыстар жүргізілді, бақылаушы органдардың ескертулері зерделеніп, субсидиялаудың жаңа тетігінің бірінші нұсқасы әзірленді. Оның негізгі жаңалықтары субсидиялау және әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдету, ауқымына қарамастан барлық субъектілерге субсидияның қолжетімділігін қамтамасыз ету, еңбектің түпкілікті нәтижесіне қайта бағдарлау және субсидия алушылардың нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша қарсы міндеттемелер қабылдауы болып отыр. Біз түрлі алаңдарда субсидиялаудың осы нұсқасын екі рет таныстырдық. Барлық мүдделі құрылымдармен, қоғамдық ұйымдармен, бизнес қауымдастық өкілдерімен тұрақты диалог жүргізудеміз»,  деді Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол көптеген ескертулер мен ұсыныстар алғанын, қазіргі уақытта оларды зерделеу мен өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Пысықтау процесін әрі қарай жалғастыруды, өңірлерге шығып, талқылау ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, субсидиялаудың жаңа жүйесі масылдық әрекетке жетелемей, ынталандырушы, өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған және ішкі азық-түлік нарығының жағдайына ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетіне де оң әсер етуші болғанын қалаймыз», деді министр.