Пікір • 23 Желтоқсан, 2021

Жалақысы мардымсыз полицей жұртқа жақын болып жарыта ма?

6061 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында құқық қорғау жүйесін толық реформалауды аса ма­ңызды міндеттердің бірі ретінде алға қойып, соның ішінде полиция қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналып, «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиістігін атап көрсетті. Президент тапсырмасына сәйкес бұл саланы реформалау қолға алынып, бірқатар оң өзгеріс жасалды.

Жалақысы мардымсыз полицей жұртқа жақын болып жарыта ма?

Нақты айтсақ, ішкі істер органдары өзде­ріне тән емес функциялардан арылды, учаскелік инспекторлардың мәртебесі арттырылып, қосымша өкілеттік берілді, бірнеше өңірде полицияның сервистік моделі қанатқақты режімде іске асырыла бас­тады. Дегенмен, әлі де ойланарлық мәсе­лелер бары анық. Солардың бірі жайлы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өткен айда Парламент Мәжілісінде болған «Үкімет сағатында» сөз қозғап: «Полиция қызметкерлері құқық қорғау органдарының арасында өте аз жалақы алады», деп өзін толғандырып жүрген шындықты ашық айтты. Еліміздің бас полицейінің айтуынша, 2023 жылға дейін полиция сержантының жалақысын 81 мыңнан 140 мың теңгеге дейін, полиция лейтенантынікін 103 мыңнан 174 мың теңгеге дейін көбейту жоспарланған екен. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша еліміздегі орташа айлық атаулы жалақы мөлшері биыл 233 мың теңгеден асқандығын ескерсек, қымбатшылық жайлап тұрған қазіргі кезде тәртіп сақшылары­ның жағдайы қандай екенін және алдағы уақытта қаншалықты жақсаратынын бажайлау қиын емес. Осы орайда «Жалақысы мардымсыз полицей жұртқа жақын болып жарыта ма?..» деген сұрақ та туындай­ды. Себебі кейінгі кезде қолға түскен қылмыскерлердің ішінде погон таққан азаматтар да төбе көр­сетіп қалып жүргені жасырын емес. Мы­салы, биыл Павлодар стансасы желілік полиция бөлімінде қызмет істеген полиция кіші сержанты жергілікті дүкендер мен кассаларға төрт рет қарақшылық шабуыл жасап, жәбірленушілерді пистолетімен қорқытып, ақша тартып алғаны үшін сот үкімімен он жылға бас бостандығынан айырылған. Қылмыскер полицейдің кесірінен желілік полиция бөлімінің бастығы мен оның орынбасары қызметтерінен босатылған. Қарамақтарындағы кадрлармен жұмысты ақсатқаны үшін. Бірақ мардымсыз жалақы алатын тәртіп сақшыларының бәрі бірдей өз басшыларының моральдық тәрбиесіне көне қоюы да екіталай. Бұған қоса, ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы іске асырылып жатқан 3 жылда полиция қызметкерлеріне қатысты 649 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелгендігі де ойлантпай қоймайды.

Бұл ретте біздің полициямыздың саны көп, сапасы мәз еместігі – май шаммен қа­рау­ға тұрарлықтай мәселе. Рас, соңғы үш жыл­­да полицейлер саны 11 пайызға немесе 10 мың­ға қысқартылған. Қазір елімізде 100 мың тұр­ғынға шаққанда 372 полицейден келеді. «Бұл аз ба, көп пе?» деген сауалға Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне қарап жауап іздесек, Қазақстан көз тігіп отырған «озық отыздықтың» ішін­дегі ең қауіпсіз ел – Финляндияда 100 мың тұр­ғынға 130 полицейден келеді екен, ал Еуро­па елдеріндегі орташа көрсеткіш 318 екен.

Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарын дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасында ішкі істер органдарына азаматтардың сенім деңгейін 2022 жылы – 82,3 пайызға, 2023 жылы – 82,4 пайызға, 2024 жылы – 82,5 пайызға жеткізу көзделіпті. Осы маңызды индикаторға қа­рап, «Алдағы үш жылда «Жұртқа жақын по­лиция» қалыптастыру ісі тасбақаның жүрі­сіндей баяу қадаммен ілгерілейтін тәріз­ді-ау...» деген ойға қалдық. Оны жылдам­датудың бір тетігі – полицейлердің санын қыс­қартып, соның есебінен олардың жалақы­сын арттыру болар.

Жалпы, Ішкі істер министрі айтқандай, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ішінде полицейлердің ең төмен жалақы алатынымен келісу қиын. Қалай десек те, құқығы бұзылған кез келген адам ең алдымен тәртіп сақшыларынан араша сұрайтыны, ал олардың неше түрлі бұзақылар мен қылмыскерлерді құрықтау үшін бастарын бәйгеге тігіп жүргені шын ғой. Сондықтан полицейлерге қылмыс атаулымен күрестің алғы шебіндегі адал да жанқиярлық еңбегі үшін лайықты жалақы төлеу қажеттігі даусыз.