Саясат • 23 Желтоқсан, 2021

Владимир Снегирев: Ауғанстанның қазіргі бағыты – «белгісіздік»

334 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ресейдің белгілі жазушысы, әскери журналист, халықаралық сарапшы Владимир СНЕГИРЕВ таяуда «Российская газета» делегациясы құрамында редакциямызға келіп, меморандумға қол қою рәсіміне қатысқан болатын. Әйгілі әріптестің осы сапарында сәті түскен сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Владимир Снегирев: Ауғанстанның қазіргі бағыты – «белгісіздік»

Ауған тақырыбынан алыстай алмай келемін

– Владимир Николаевич, журналис­тикада жүргеніңізге қанша жыл болды?

– Келер жылы 75 жасқа толамын. Соның шамамен 60 жылын журналистикаға арнадым. Жазуды мектеп қабырғасынан бастадым. Жас тілші ретінде Томскінің жастар газетінен түспеуші едік. Кейін Кузбастағы қалалық «Шахтерская правда» газетінде жұмыс істедім әрі мұнымен қатар кешкі мектепте оқыдым. Орал университетінің журналистика факультетін тәмамдап, ұзақ жылдар бойы «Комсомольская правда» газетінде тілшіден бас редактордың орынбасарына дейінгі жолдан өттім. «Собеседник» апталығының бас редакторы болдым. Бұл апталық алғашқы түрлі-түсті басылымдардың бірі еді. Ол қайта құру жылдарында дүниеге ке­ліп, уақытында оқырманы көп танымал басылымға айналды. Кезінде дүр­кі­реп, келмеске кеткен «Правданың» ақпа­раттық қызметін басқардым. Кеңес Одағы ыдырап, жаңа кезең басталған соң коммерциялық жобалармен айналысуға да тура келді. Бірақ олардың бәрі журналис­тикамен байланысты еді. Сегіз жыл бойы саяхат, туризм, демалыс туралы журнал шығардым. Төрт жыл «Ұлттық банктік журналға» жетекшілік еттім. Өмірімде мұндай да ерекше кезеңдер болған.

– Ол несімен ерекше?

– Мен табиғатымнан журналиспін. Бір орында отыра алмаймын. Сондықтан мен үшін «поляда» жүргеннен асқан бақыт жоқ. Әлемді аралау, ерекше тағдыр иелерімен тілдесу, күтпеген жағдайлар... Осының бәрі қызық емес пе?! Әсіресе, «ыстық нүктелерге» барғанды ұнатамын. Кеңестік кезеңде үш жыл Ауғанстанда жұмыс істедім. Әуелде «Комсомольская правданың» меншікті тілшісі болдым. Кейін Кабулға басқа газеттердің атынан да талай келдім. Соңғы қырық жылда әлемдегі революция жасалған, әскери қақтығыстар оты тұтанған, ірі катаклизмдер тіркелген проблемалық орындардың бәрінде болдым. Бұл дегеніміз Солтүстік Кавказ, Закавказье, Ирак, Иран, Косово, Приднестровье, Жапониядағы цунами... 2011-2013 жылдардағы «араб көктеміне» куә болу үшін Сирия, Мысыр, Ливия елдеріне де бардым.

Бұдан басқа да «ыстық нүктелерде» болдым. Революция, төңкеріс, режімнің ауысуы секілді әлемдегі көптеген драмаға толы оқиғалардан хабар тараттым. Бұл мен үшін өте қызықты. Бұлар туралы газет мақалалары ғана емес, кітаптар мен сценарийлер де жазылды. Ал Ауғанстан бойынша кандидаттық диссертация қор­ғадым. Ауған тақырыбынан алыстай алмай келемін. Қанша рет оқталдым. Ре­сурс­тарымды да, қызығушылығымды да тауысқандай боламын. Жоқ, бұл тақырып­тың қыр соңымнан қалмайтынын ұқтым.

Пандемияға дейінгі жеті жылымды Пра­гада өткіздім. Орталық және Шы­ғыс Еу­ропа бойынша тілші болып жұ­мыс істе­дім. Қазір Мәскеуге оралдым. «Рос­сийская газетада» халықаралық мәселе­лер бойынша саяси шолушы болып еңбек етемін. Қызықты жерлерге барамын, негізі­нен ТМД аумағын аралаймын. Биыл Біш­кекте, Сахалинде, Калининградта, Прага­да болдым. Міне, қазір Қазақстанда жүрмін.

Қазақстан мен үшін ерекше ел. Кеңес­тік кезеңнің өзінде қазақстандық достарым көп еді. Былтыр солардың бірі Олжас Сүлейменов туралы кітап жаздым. Ол – айтулы ақын, қоғам қайраткері, бүкіл әлемдік мәдениеттің көрнекті тұлғасы, ал мен үшін – жақын да жанашыр дос. Айтпақшы, кітап «Таңғажайып тұлғалар өмірі» (ЖЗЛ – «Жизнь замечательных людей») сериясымен жарық көрді. Бұл серия­мен ежелгі «Молодая гвардия» баспасы әлемдік өркениеттегі ең ұлы тұлғалардың өмірбаянын шығаратыны баршаға аян. Міне, осындай ерекше адамның сіздердің орталарыңызда жүргені қандай керемет?! Олжас Омарұлымен кездескен сайын одан ерекше әрі позитивті күш-қуат аламын.

 

Өңірлік һәм жаһандық қауіпсіздікке қатер төніп тұр

– «Ыстық нүктелер» тақырыбына қайта оралайықшы. Соғысқа алғаш рет қашан, қалай бардыңыз?

– Кездейсоқ десем де болады. Бұл 1981 жыл еді. Ауғанстандағы қақтығыс енді-енді күш ала бастаған шақ. Бәрі күтпеген жерден болды. Әйтпесе, тіл білмеймін, бұл елдің ерекшеліктерінен де бейхабармын. Бірақ аталған топыраққа табаным тиген сәтте-ақ мұның тағдырдың маған дайындаған сыйы екенін ұқтым. Ауғанстан жекелеген елдер мен өңірлердің емес, тұтас әлемнің болашағы шешілетін орын екенін түсіндім. Бұл соғыс Кеңес Одағының ыдырауына, біз өмір сүрген жүйенің құлдырауына және басқа да көптеген нәрсеге әсер етті. Бұл қанды да ауыр кезең еді. Бірақ мен өмірімнің осы бір кезеңіне дән ризамын. Өйткені өне бойымдағы һәм айналамдағы көптеген дүниелерге басқа қырынан үңілдім. Ол жаққа тәжірибесіз бозбала болып аттанып, мүлдем басқа адам ретінде оралдым.

Иә, Ауғанстан – менің өмірімдегі ерекше ел. Соғыс туралы бірнеше кітап жаздым. Қазір ауған жерінде жазған күнделіктерімді баспаға дайындап жатырмын. 75 жылдық мерейтойыма арнаған тартуым болмақ. Ол «өзеннің арғы жағасында» өткізген уақытым туралы жеке, ашық естеліктерден тұрады. Оларды оқырмандардың қалай қабылдайтынын білмеймін. Бірақ мен үшін оны қағаз бетінде қалдыру өте маңызды.

– Ауғанстандағы жағдайды жіті ба­қы­лап келе жатқаныңызға 40 жыл бол­­ды. Ал осы жазда бұл елде орын ал­ған оқиғаны көпшілік күткен жоқ. Сіз жағ­дайдың дәл бұлай өрбитінін білдіңіз бе?

– Талибандардың «екінші келісінен» бір ай бұрын «Российская газетаға» ауқым­ды материал жарияладым. Онда амери­­калықтар кетсе де, режім сол күйі сақталады деп жаздым. Бұлай жазуым­ның себебі 1989 жылы біздің әскер Ауғанстаннан кеткенде Наджибулла ре­жім­ді үш жыл сақта­ды. Егер көмек көрсетіл­­генде одан әрі сақ­тап тұра алатын мүм­кін­дігі бар еді. Бірақ 90-жылдардың басы посткеңестік кеңістік үшін күрделі кезең болды: алып дер­жа­ва ыдырады, ал Ресей ол кезде тым әлсіз еді. Өз ішінде көптеген проблема жинақ­талып қалды да, Мәскеу достық режімге көмектесуден бас тартты. Моджахедтер астананы басып алғанда мен Кабулда едім.

Бұл жолы да дәл осы сценарий қайтала­на­ды деп ойладым. Америкалықтар бұл елде 20 жылдай уақыт өткізді. Демек бұл аралықта қандай да бір гуманитарлық, ада­ми база қалыптасып, талибандардың билік­ті басып алуына қарсы шығатын адамдар қатарын тәрбиеледі деп топшыладым. Ал шын мәнінде орын алған жағдай бәріміз үшін күтпеген оқиға болды. Жағдайдың бұлай өрбитінін ешкім де білген жоқ – біздің сарапшылар да, батыстық сарапшылар да. Сондықтан әзірше жорамал жасаумен ғана шектеліп отырмыз. Бұған нақты жауапты әлі тапқан жоқпыз.

– Сіздің пікіріңізше, Ауғанстан қазір қай бағытқа кетіп барады?

– Жуырда осы тақырыпқа арналған «дөңгелек үстел» отырыстарының біріне қатыстым. Оған беделді қайраткерлер жинал­ды. Арасында кезінде Ауғанстанда жұмыс істеген елшілер, сыртқы істер минис­­трлігінің өкілдері, арнайы қызмет­тердің басшылары, Шығыс тақырыбы­мен айналысатын ғалымдар бар. Ұзақ уақыт әңгімелестік, пікір алмастық. Тал­қылаудан кейін ортақ пікірге келдік. Бұл елдің қазіргі бағытын бір ғана сөзбен «белгісіздік» деп атауға болады.

Ауғанстанның болашағына әсер ете­тін фактор өте көп. Бірінші кезекте – ішкі фактор. Талибандар өздерін қалай ұстауы мүмкін? Олар өздеріне жүктелген міндеттемелерді, әлемдік қо­ғам­дастыққа берген уәделерін орындай ала ма? Мәселен, адам құқығын сақтай ала ма? Нақты экономикамен айналыса ма? Есірткі бизнесімен күресіп, тер­роризмге қарсы тұра ма? Әзірше бұл сауал­дардың бәрі ашық күйінде қалып отыр.

Ішкі фактор туралы айтқанда, Солтүс­тік альянстың қалдықтарын да ұмытпауға тиіспіз. Олар өз күштерін шоғырландырып жатыр. Әзірше талибандарға берілмеген Панджшерді де естен шығаруға болмайды. Ауғанстандағы жағдай шынымен өте қиын. Өйткені онда көптеген ұлттар мен діндер бар. Бәрі бірдей емес. Мозаика секілді. Қазіргі жағдайда мемлекеттің жай ғана ыдырауы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.

Бұған қоса сыртқы фактор бар. Жағ­дайдың өзгеруіндегі Қытай, Пәкістан, Иранның рөлін ұмытпау керек. Сондықтан болжам жасағым келмейді. Алдағы күннің қалай өрбитінін ешкім де білмейді. Бір анығы – өңірді бақылауда ұстау керек. Террористік актілерлің орын алуын да қадағалау қажет. Бұл әлемдік саясат үшін әлі де маңызды. Өйткені Ауғанстандағы жағдай өңірлік қауіпсіздікке ғана емес, жаһандық қауіпсіздікке де кері әсер етеді.

Қару асынып көмекке келгендерді ешкім қабылдамайды

– Әлемдік қоғамдастық Ауғанстан­дағы жағдайға араласуы керек пе, әлде өзіңіз айтқандай «бақылауда ұстаған» дұрыс па?

– Өте орынды сұрақ. Әскери құралдар­мен араласуға әсте болмайды, әрине. Біз бұл кезеңді әлдеқашан өткердік. Бір қателікті екінші рет қайталаудың қаже­ті жоқ. Ағылшындар «қылышпен» келіп түк бітіре алмай кетті. Одан кейін Кеңес Одағы біршама уақыт араласты. Нәтижесі тағы белгісіз. Америкалықтар 20 жыл бойы ауғандықтарды тәртіпке салғысы келді. Бұдан да түк шықпағанын көріп отырмыз. Жалпы, бұдан әлдеқашан қорытын­ды шығару керек еді. Бұл елге қарумен кіруге, ауғандықтарды күшпен еріксіз бағын­дыруға болмайды. Бұл өзі сондай бір тұйық. Ештеңе істей алмайсың. Қару асынып көмекке келгендерді бірде-бір ауғандық қабылдамайды.

Десек те Ауғанстанға экономикалық, гуманитарлық көмек көрсетілуі керек. Жаңа билікті әлдеқашан қабылданған өрке­ниетті нормаларды сақтауға мәжбүрлеу маңызды. Сондай-ақ ИГИЛ немесе басқа да радикалды ұйымдардың кез келген қылмысына қатаң жауап беру керек. Әйтпесе, тағы да әлемдік терроризмнің ұя салуына жол береміз. Ал бұл өте қауіпті.

– Сіз Ауғанстанда журналистік қыз­­метпен ғана шектелген жоқсыз. Із-түз­сіз жоғалғандарды іздеумен айналы­сып, тұтқыннан босатылған адамдармен жұмыс істедіңіз. Бұған не түрткі болды?

– Иә, бұл іспен ұзақ жыл айналыстым. Негізі көптеген журналистер қызмет ба­рысында гуманитарлық, қоғамдық, экологиялық проблемаларды шешумен де айналысады. Біздің ғана емес, әлем журналистері де сөйтеді. Мәселен, белгілі кеңес жазушысы, публицист Сергей Смирнов көпшілікке Брест бекінісін қорғаушылардың есімдерін бірінші болып жариялады, аталған ұлы ерлікке көпшілік назарын аудартты. Бүкіл Одақтан тірі қалған батырларды іздеді. Олардың арасында қазақтар, орыстар, украиндар және басқа да ұлт өкілдері болды. Кейін ол осы бір жұмысы үшін Батыр атағын, Ленин сыйлығын алды. Бірақ бұл маңызды емес. Маңыздысы – майдангерлердің ыстық ықыласына кенелу, журналистік қана емес, адами міндетті де абыроймен орындау.

Мен де тұтқындар ісімен айналыстым. Өйткені бұл конъюнктуралық жұмыс еді. Маған хабар-ошарсыз кеткендердің тағдырын анықтап, кем дегенде олардың дене қалдықтарын тауып, мүмкін болса өз отанына қайтару қажет секілді болып көрінетін. Онда жүздеген адамның жоғалғандар тізімінде болғаны тағы анық. Сондықтан соғыстан кейін шама-шарқымызша тұтқындарды босатуға атса­лыстық. Қайталап айтайын, бұл өте маңызды еді. Мұндай жұмысқа қатыс­қанымды әлі күнге мақтан тұтамын.

Мен жеке тұлға ретінде емес, Кеңес Ода­ғының Батыры Руслан Аушев бас­қар­ған Ауған соғысы ардагерлері комите­тінің белсенді қолдауымен әрекет ет­тім. Айтпақшы, досым Русланның өмі­рі Қазақстанмен тығыз байланысты: ол осында туған, балалық шағын Алма­ты­да өткізген, мұнда жиі келіп тұра­ды. Мі­не, бүгін ғана қоңырау шалып, Қазақ­­станда екенімді білген соң барша қазақстандықтарға сәлем жолдауды өтінді. Әсіресе, жергілікті ардагерлердің көшбасшысы Шәріпбай Өтегеновке дұғай-дұғай сәлем айтты.

«Өзеннің арғы жағындағы» алғашқы рейд әлі күнге есімде. Бұл 1991 жылдың желтоқсаны болатын. Бұған да 30 жыл болыпты. Қасымда британдық екі әріп­­тесім бар. Олар моджахедтермен болатын келіссөздерге дәнекер болуға келісті. Жорығымыз ауыр һәм қауіпті болды. Ишкашимнен әйгілі дала командирі Ахмад Шах Масудтың базасы орналасқан Талуканға дейін аспалы өткелдерден өтіп, қалың қарды кештік. Бір айға жуық шытырман оқиғалардың куәсі болдық. Ажалмен де бетпе-бет келген кездер болды. Мен Финляндия азаматы ретінде шекарадан өтуге мәжбүр болдым. Әйтпесе олар мені бірінші шақырымда-ақ өлтірер еді. Жасырынуға тура келді. Масудтың штаб-пәтеріне келгенде ғана орыс екенімді және келіссөз жүргізуге келгенімді мойындауға мәжбүр болдым. Осылайша бірнеше тұтқынды босату туралы келісімге келдік.

 

Алматыда ерекше рух, мінез бен атмосфера бар

– Әңгіме ауанын Қазақстанға бұрсақ. Біздің елдің сіз үшін үлкен маңызға ие екендігі қуантады. Қазақстанға алғаш рет қашан келдіңіз?

– 70-жылдардың соңында. Алматыға не үшін келгенімді білмеймін. Бірақ бұл шаһар мені айырықша баурап алды. Шынын айтсам, Қазақстанның бұрынғы астанасы КСРО кеңістігіндегі ең көрікті қалалардың бірі болатын. Бұған нұр-сұлтандықтар реніш білдіре қоймас.

Біріншіден, Алматы таулардың қор­шауында орналасқан. Қарлы шыңдар қалаға таңғажайып көрік беріп тұр. Екін­шіден, бұл қалада ерекше бір рух, мі­нез, атмосфера бар. Ол жоғары мәдениеттің, нағыз интеллигенцияның орталығы. Бұған бірнеше фактор әсер етті деп ойлаймын. Яғни қазақ зиялыларының ішіндегі нағыз қаймақтарының осында шоғырлануы, сондай-ақ Алматының соғыс кезінде эва­куа­цияланған көрнекті жазушылар мен ақындарға, ғалымдар мен суретшілерге, кинематографистерге ыстық ұя болғаны. Сол бір рух, атмосфера қазірге дейін сақтал­ған. Алматыға келген сайын осыны байқаймын. Әлгі атмосферадан мол күш-қуат аламын.

Өмірімдегі шағын бір эпизод та дәл осы шаһармен байланысты екенін айтқым келеді. 1988 жылы жолдастарыммен бірге Шымбұлақтан Ыстықкөлге дейін тау арқылы жүріп өттік. Бұл бір есте қаларлық саяхат болды. Иә, сапарымыз қиын, бірақ қызықты өрілді. Тік жарқабақтардан өтуге тура келді. Табиғаттың кереметіне де таңдай қақтық. Мұздықтар, шыңдар, тау көлдері, шатқалдар қандай әдемі еді! Сол кездегідей сезім әлі қайталанған емес.

– Сіздің өміріңізде полярлық эпос­тарға да орын бұйырған екен ғой...

– Айтпақшы, Алматыдан Ыстықкөлге дейінгі сапар келесі жылы Еуразия мен Солтүстік Американы шаңғымен байла­ныс­тыратын халықаралық полярлық экс­­пе­­дицияға қатысушылар үшін нағыз жат­тығу болды. Мен экспедиция штабы жетек­­шілерінің бірі болдым. Жастық шақ­та өзім де полярлық саяхаттарға қатысып, аркти­­калық мұз үстінде ауыр рюкзактарды арқа­лап шаңғымен шарлаған күндерді өткердік.

Мұзды мұхитты жаяу кесіп өту және екі континентті полюстен шаңғымен бай­ла­ныстыру идеясы сол кезде жария­лан­­ған қайта құрудың жалпы бағыты­мен, ашық­тықпен, Батыс әлемімен ынты­мақтастық орнатумен, көпірлер салумен үндесіп жатты. Айтпақшы, бұл акция «Полярлық көпір» деп аталды. Іс жүзінде экспедицияға қатысу­шылар социализмнен капитализмге осы «көпір» арқылы өтті. Яғни бір елден аттанып, басқа бір елге оралдық.

Қазір ойлап қарасам, өмірбаянымдағы полярлық кезең мінезімнің қалыптасуына айырықша әсер еткен екен. Мансапта да, достықта да үлкен рөл атқарды. Менің ең жақын достарым – поляр зерттеушілері немесе «ауғандықтар».

Полярлық кеңістіктегі ең биік шың Солтүстік полюсті шаңғымен бірінші рет бағындыру оңай болған жоқ. 1979 жыл. Мамырдың соңы. Біз бұған ұзақ дайындалдық. Бұл туралы армандадық, көптеген жылдар бойы осы идеямен өмір сүрдік. 31 мамырда дегенімізге жеттік. Жоғарыдан кішігірім қар үйіндісіне жапа-тармағай құлап, бақыттан жылап жібергеніміз есімде. Барлық қиындықтың артта қалғанына қуанып, ендігі жолдың бәрі төменге қарай бастайтынын білгенде кеудені шаттық кернеді. Бұл бір жағынан үлкен бақыт еді. Өйткені біз команда ретінде идеямызды жүзеге асырдық. Екінші жағынан үлкен арманмен қоштастық.

 

Назарбаев – Қазақстанның бағына біткен тұлға

– Владимир Николаевич, биыл Қа­зақ­стан Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Біздің елді бұрыннан біле­тін­діктен, сізге мынадай сұрақ қойғым ке­леді: 30 жылда Қазақстан қалай өзгерді?

– Айтпақшы, менің өмірімде Қазақ­станмен байланысты тағы бір қызықты тәжірибе болған. «Ұлттық банктік журналды» шығарған уақытта, дәлірек айтсам 2008 жылы Алматыға Григорий Марченкомен кездесуге келдім. Ол сол тұста Ұлттық банктің басшысы еді. Осы сұхбат барысында Қазақстанның қаржы және банк реформалары жағынан ТМД-ның өзге мемлекеттерінен қаншалықты алда тұрғанын анық түсіндім. Мойындау керек, бұл мен үшін күтпеген жағдай болды және мен бұл тәжірибені Ресей де қолдану керек деген пікірді ұстандым.

Сұңғыла саясаткер, кемеңгер көшбас­шы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Қазақ­станның бағына біткен тұлға. Ол өз Отаны үшін экономикада, әлеуметтік салада көп игілікті істер атқарды әрі әлі де жал­ғас­тырып келеді. Қазақстанның халық­аралық деңгейдегі беделін көтеру үшін барын салуда.

Тағы бір жағдайды атап өтудің реті келіп тұр. Бұл менің Прагадағы соңғы жұмысыма байланысты. Мен сол жерде қазақстандық жастарды – Карлова универ­ситетінің студенттерін кездестірдім. Шеті­нен жігерлі, шет тілдерін жетік біледі, әртүрлі ғылымдарды игеріп жатыр. Олар­дың барлығы Отанына оралып, Қазақстан болашағының негізі боларына сенемін.

– Жақында Нұр-Сұлтан қаласында біздің басылымдар ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Болашақтағы бірлескен жұмыстарымызға өзіңіз де араласып тұрасыз ғой?

– Егер менің білімім мен тәжірибеме қажеттілік болса, оны қазақстандық әріп­­тес­те­ріммен қуана-қуана бөлісуге әзір­мін. Меніңше, мұның маңызы зор. Өйт­кені ұрпақтар сабақтастығын сақтауға міндет­тіміз. Ал буын үзілсе, мұның соңы апатқа айналады. Сабақтастықты жал­ғас­тыру керек. Бұл аға буынның жас­тар­ға тәлім-тәрбиені орынды-орынсыз тықпалауын білдірмейді. Себебі қазіргі жастар бізден әлдеқайда талантты, қабілетті әрі өршіл. Десе де, біздің көргеніміз, түйге­німіз көп. Ал бұл жастарға ауадай қажет. Бұл жас буынды барлық жағынан байыта түспесе, ешқандай кедергі келтірмейді. Барымызбен бөлісу – біздің парыз.

– Тұшымды әңгімеңіз үшін мың алғыс!

 

Дайындаған

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»