Ғылым • 24 Желтоқсан, 2021

ECO Award 2021 медалін табыс етті

331 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Ұлттық ғылым академиясында Қазақстандағы антропологиялық зерттеулердің негізін салушы ғалым, еңбектері алыс-жақын шетелдерге мәлім болған Оразақ Смағұлов және белгілі антрополог Айнагүл Смағұлованың ғылымдағы жолына арналған алқалы жиын өтті.

ECO Award 2021 медалін табыс етті

Халықаралық Түркі ака­де­миясы, Ұлттық ғы­лым ака­демия­сы және Ш.Уәли­ханов атын­да­ғы Та­рих және этнология инсти­ту­тының ұйымдастыруымен өткен жиын барысында отан­дық антро­пология ғы­лы­мының дамуы, ке­ле­шегі хақында ғалымдар ой толғады.

ҰҒА президенті, академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жұрынов іс-шараның тізгі­нін өз қолына алып, бұл жиын­ның Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев сияқты ел ғылымының дамуына орасан зор еңбек сіңірген, антро­по­логия ғылымының не­гізін қалаған Оразақ Сма­ғұл­ұлының осы жолда төк­кен тер, еселі еңбегіне арналып отырғанын айтып өтті. Сондай-ақ антропология ғылымындағы зерт­теу­лерімен қатар акаде­миктің түбі бір түркі жұртының шыққан тегін зерттеудегі орасан зор мұрасына тоқ­тал­ды. Осы орайда академик Мұрат Жұрынов түркі елдері арасындағы ық­пал­дастықты дамытудың ма­ңыз­дылығына тоқталып, эко­номикалық, мәдени һәм рухани салалардағы бай­ланыстардың әрі қарай дами беретіндігін атап өтті.

Қазақ халқы мен арғы баба­ла­рымыздың фи­зи­калық антро­пологиясы бо­йынша көп­жыл­дық кешенді зерт­теу­ле­рінің нәтиже­ле­рі Оразақ Смағұл­ұлының ондаған моно­графиялық еңбе­гін­де және 400-ден астам ғылы­ми мақа­лалары мен баянда­ма­ла­рын­да кө­рініс тапты.

Ға­лым­ның антро­поло­гия­дағы соны зерт­­теулері бү­гінде әлем ғалымдарының наза­рында. Биыл­­ғы жылы қараша айында Ашға­бадта өткен Экономикалық ынты­мақ­тас­тық ұйымына мүше-мем­лекеттердің XV самми­тін­де Оразақ Смағұловтың ерен ең­бе­гі­не халықаралық қоғам­дас­тық жоғары бағасын берді.

Сыртқы істер министр­лігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Асқар Шоқыбаев саммит шең­бе­рін­де ұйымға мүше-елдердің өкілдері ғылым мен техника саласында ҰҒА академигі, Болон ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ш.Уә­ли­ханов атындағы мем­ле­кеттік сый­лық­тың лауреа­ты, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Оразақ Смағұловтың есі­мі тарих, мәдениет, әдебиет және бейнелеу өнері аталымында аталды, деп атап өтті. Осы орайда ол Сыртқы істер министрінің құттықтауы мен ұйымның ECO Award 2021 медалін табыс етті.

Халықаралық түр­­кі ака­де­мия­­сы­ның ви­це-пре­зи­денті, саяси ғы­лым­да­р докторы Физули Мә­жид­ли ака­демиктің осынау жетіс­тігіне орай акаде­мия бас­шы­лы­ғының құт­тықтауын жеткізіп, Оразақ Смағұлұлының антро­­по­ло­гия ғылымын да­мы­туға қосқан орасан зор ең­бе­гіне тоқталды. 

Оразақ Смағұлұлы бұған дейін Түркі академиясының күміс және алтын медальдарымен, соны­мен бірге Томсен медалімен мара­патталған болатын. Бұл жолы антрополог ғалым Айнагүл Сма­ғұ­ловаға Халықаралық Түркі акаде­миясының күміс медалі табыс етілді.

Өз зерттеулері арқылы қазақ халқының осынау Ұлы даланың дара иесі екенін дәлел­деген Оразақ Смағұл­ұлы атап өткендей, ан­тропо­ло­гиялық ерекшелігі жа­ғынан қазақтар Еуразияда тұ­­рып жатқан халықтардың бірде-біреуіне қосылмайтын жеке-дара этнос. Мұндай ерек­ше­лікпен жаратылған халық әлемде кемде-кем.

 

АЛМАТЫ