Конференцияның ашылуында қауымдастықтың басқарма төрағасы А.Соловьева бұл алаңның барлық қатысушы үшін пайдалы болатынына сенімді екенін жеткізді. «Өйткені орнықты даму мақсаттары білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және жұмысқа орналастыру, сондай-ақ климаттың өзгеруімен және қоршаған ортаны қорғаумен күрес саласындағы бірқатар мәселені шешуге бағытталған. Ал біздің қауымдастық іске асырып жатқан StopMusor жобасы көшедегі қоқыс санын азайту бойынша экологиялық проблеманы шешуге ықпал етеді», деп атап өтті.
Конференция жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаты Е.Абақанов, РФ-дағы UN Global Compact кеңсесінің «Жаһандық шарттың ұлттық желісі» қауымдастығының даму жөніндегі директоры Л.Овчинникова, Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры Т.Нұрашев қатысты.
Т.Нұрашев өзінің құттықтау сөзінде: «Одақ мақсаттарының бірі – қатысушы мемлекеттердің тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесінде олардың экономикасын тұрақты дамыту үшін жағдай жасау. Бұл ОДМ-мен тікелей байланысты. Мақсаттарды іске асыру үшін қатысушы мемлекеттер экономиканың белгілі бір салалары бойынша үйлестірілген, келісілген және бірыңғай саясат жүргізеді және одаққа тиісті құзыреттер беріледі. Техникалық реттеу – одақтың бірыңғай саясаты жүзеге асырылатын екі бағыттың бірі. Бұл өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Техникалық реттеу құралдары арқылы болашаққа қойылатын талаптарды ұсынып отырмыз, яғни біздің тұтынушымыз қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін не істеуі керек, сонымен қатар оның тұрақты дамумен тікелей байланысты неғұрлым қолайлы ортада өмір сүруі үшін не істеуі керек деген сауалдарға жауап беру», деді.
Конференцияның бірінші күні Ресей, Қырғызстан және Қазақстанның мемлекеттік органдары, білім беру мекемелері, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері №3 ОДМ «Саламатты өмір салтын қамтамасыз ету»; №4 ОДМ «Сапалы білім беру»; № 12 ОДМ «Жауапты тұтыну және өндіріс» мәселелерін талқылады.
Барлық қатысушы ОДМ-ға тиімді қол жеткізу үшін ЕАЭО деңгейінде тұрақты өзара іс-қимылдың, тәжірибе алмасудың маңыздылығы мен қажеттігін атап өтті. Мәселен, 2020 жылы бекітілген ЕАЭО интеграция стратегиясы шеңберінде ОДМ жауап беретін стратегиялық бағыттардың бірі ретінде циркулярлық экономиканы іске асыру моделі көзделген.
Екінші күні барлық қатысушы, белсенді мен волонтер үшін тәжірибелі тренерлерді тарта отырып: «Үй жағдайында қалдықтарды бөлек жинау қағидаларын енгізу»; «Әлеуметтік желілер үшін бейнеконтентті құру бойынша мастер-класс – вирустық бейнероликтің құпиялары»; «Нетворкинг бойынша мастер-класс» және «Көшбасшылық қасиеттерді дамыту. Көпшілік алдында сөйлеу дағдылары» атты тақырыптарда онлайн-тренингтер өткізілді.