«Ет-жүрегін» елжірету үшін
Вероника БЕРТОЛИ. Қыздың жолы жіңішке дейді... Оған ғашық болып қалғанымды айтсаңшы. Нағыз жігіт. Жұмысына мығым, мәдениетті, сәнімен киінеді. Бір сөзбен – бесаспап, жігіттің нарқасқасы. Ұнататынымды білдірейін десем, мен жаққа пысқырып та қарамайды, көзіне де ілмейді... Неде болса деп, шынымды айтсам, құлай ұнатқандықтан, оның жақсы қасиеттерін меңгеруге бел будым. Піссімілдамды қызметтен бастадым. Өзімді-өзім қолға алып, бар күш-жігерімді жұмылдырып көріп едім... аз күнде-ақ есеп-қисаптың шебері атанып шыға келдім. Оным өте жоғары бағаланып, басшылар риза болды. Тіпті, сыйлықпен марапаттап мерейімді өсірді. Тек анау, ғашығымды айтамын, селқос, үнсіз. Онымды «көзге түсуге ұмтылған қызылкөз» деп бағалапты. Мүмкін оған менің киім киісім ұнамайтын шығар деп, жиған-тергенімді жұмсап сән үлгісімен құлпырып шыға келдім. Алайда, ең соңғы үлгідегі киім де, қолыма ұстаған қолтырауын терісінен жасалған сөмкеме дейін оған ұнамапты. Қайта: «тыраштанып-тырбанып бағатындар, әсіресе, сәнденіп-әрленетіндерді жақтырмаймын» депті. Бұдан беті бері қарамасын біліп, енді мен ел айтатын «рухани жан-дүниемді» байытуға бел будым. Небір классиктердің шығармаларын оқып, көз майымды тауыстым. Тарихқа да тереңдеп бардым, философиялық туындыларды да қотардым. Өнерге де өзеуреп, көрме атаулыны аралап көріп, небір ғажап ән-әуеннің де мән-мағынасын түсінетін қалыпқа жетіп жығылдым. Бір-екі өзге тілде былдырлап сөйлейтін де болдым. Төңірегім талантыма таң-тамаша. Көбісі «тірі энциклопедия» деп бағалап, менімен сырласуға, пікірлесуге құмар. Тек қана пәлекетім жуымайды. «Әйелдердің кей іске құныға берілгені жақсылыққа апармас» деп сыртымнан сұқ саусағын шошайтыпты. Бұдан қайыр болмағасын, неде болса деп, өзі секілді сымбатты да саламатты болайын деп, спортқа сүңгідім де кеттім. Гимнастикасы бар, аэробикасы бар, ең аяғы штангіні де көтеріп көріп, бұлшық етім бұлтыңдап, күш-қайратым тасып, тасыраңдап шыға келдім. Не дегенін білмеймін, анауым бұнымды да бұйым көрмеді. Шешінген судан тайынбас деп, соңғы рет оның кәсібін терең меңгердім де, ретін келтіріп дәмханада оңаша отырып ағыл-тегіл істеп жүрген кәсібінің ұңғыл-шұңғылын айтып білермендік таныттым. Жетістігін айттым, әлі де өйту керек, бүйту керек деп тоқтамай айттым... Неге екенін, үн-түнсіз жұмған аузын ашпай, ертерек есеп айырысты да, жігіттік танытып таксимен үйіме әкеп тастап, қарасын батырды... Сол түні ұйықтай алмай дөңбекшіп шықтым да, ертесінде намысқа тырысып оған деген сезімімді біржола сөндірдім... Содан, қызық болғанда, әлгі ғашығым қызметтегі бір қызға үйленгені... Ана қыз, басқасын айтпағанда, мен ғашық болып жүріп меңгерген қасиеттерден жұрдай болатын... Реті келгенде ғашығыма үйленген қыздан «Бұл қалай болды?» деп сыр суыртпақтап едім: – Мен де «ет-жүрегін» елжірету үшін оны терең зерттеп, әйелден не қасиетті құп көретінін білуге құнықтым... Сөйтіп білдім де дөп бастым... – дейді. – Ол не екен?!. – деп таңданыс білдіріп едім: – Асханадан алты ай шықпай, оның сүйікті асын анықтап барып қол жеткіздім... – дейді. Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН.Шолақ мылтық
Ауылдағы оқиға. Әйелі мен күйеуі әңгімелесіп отыр: – Бұйыртса, сен ауылдың әкімі боласың. – Кім айтты? – Қатындар айтты. – Қатындар оттай береді. Бір айдан кейін қараса, күйеуі ауылдың әкімі болып сайланыпты. Тағы бірде әйелі күйеуіне: – Сені ауданға әкім болады деп жүр. – Оны кім айтты? – Қатындар айтты. – Қатындар оттай береді. Бір айдан кейін қараса, күйеуі ауданның әкімі болып сайланыпты. Тағы бірде әйелі күйеуіне: – Сен облыс әкімі болады екенсің ғой. – Кім айтты? – Қатындар айтты. – Қатындар оттай береді. Бір айдан кейін қараса, күйеуі облыстың әкімі болып сайланыпты. Тағы бірде әйелі күйеуіне: – Сені «ақша жеп қойыпты, соттағалы жатыр» дейді. – Кім айтты? – Қатындар айтты. – Қатындар оттай береді. Бір айдан кейін қараса, күйеуі түрмеде отыр екен. Тағы бірде әйелі күйеуіне келіп: – Сенің бес жылыңды үш жылға азайтқалы жатыр екен. – Кім айтты? – Қорғаушы айтты. – Қорғаушы оттай береді, қатындар не деп айтты? Көрген БІЛГЕНОВ. АСТАНА.Әйелдер «әлдиі»
Құрбылар әңгімелесіп тұр: – Мына бешпетің керемет қой! – Түйенің жүнінен тоқылған, ағзаға пайдалы әрі төзімді. – Сонда сен де 45 күн су ішпей жүре аласың ба? * * * Көрші әйелдер кездесіп қалады. – Қайда барасың? – Супермаркетке. – Ақшаң көп қой деймін, екі күннің бірінде сол жаққа бара жатасың, әйтеуір... – Қайдағы ақша?! – Онда супермаркетте нең бар? – Жай, дүкен аралағанды ұнатам... * * * Құрбылардың әңгімесінен: – Күйеуің екеуің бақыттысыңдар ма? – Әрине, үш рет ажырасайық деп тұрсақ та, олай істемедік...Қыз баққаннан...
Тұңғышымыз да қыз, кенжеміз де қыз болып, бір Алла бізге осы екеуін бұйыртыпты. Қыз балаға шешесі ие. «Қыз баққаннан қысырақ баққан оңай» деген мәтелдің бар екені тұңғышымыз мектептің соңғы сыныбында оқып жүргенде есімізге оралды... «Анау керек, мынау керектен» бастап, шешесінің зарлауы бойынша, қызымыздың киім-кешегін соңғы сыныбында ай сайын жаңартып тұрыппыз. Жүріп-тұруы, қыдыруы, ырду-дырдуы, басқа бар – бұнысына екеуміздің айлығымыз әрең-пәрең жетіп тұрыпты. Сондағы шешесінің көл болған көзжасын көрсең... қайтесің, көнесің, басқа салса басбақшыл деген. Сол қызымыз мектебінен «түлеп» ұшып, үлкен қаладағы оқуға барып түскендегі шешесінің қуанғанын көрсең... Алғашқы айында-ақ тұңғышымыз «анау керек, мынау керек» дегенінде баяғы байғұс шешесінің зар-мұңын естіп мен де пұшайман болғаным бар. Не керек, бала бауыр етің, көнеді екенсің. Оқыған екі жылында арша етіміз борша болып, барымыз таусылып, жүдеп-жадай бастаған шағымызда, шешесінің көзжасын көрді ме... бірақ күнде қызымыз күйеуге шығып, көз-жанарымыз жарқ еткені... Ойпырм-ай, сондағы тойда шешесінің қуанғаннан қалқып-шалқығанын айтсаңшы. ...Барған жерден бағы ашылмай, екі-үш рет қайтып келіп, баяғы шешесінің самай шашын ағартып... Не керек, ажырасып тынып, жиен немерені тәй-тәй басқан күйі бізге бұйыртып, өзі анау үзіліп қалған оқуын жалғастыру үшін үлкен қаласына тайды да тұрды. Зымыраған заман-ай, тұңғышпен «тұншығып» жүріп байқамаппыз, кенже қызымыз да есейіп, «Құдай қаласа» міне-міне мектептің де соңғы сыныбына барады екен... Ұқсамасаң тумағыр, жүріс-тұрысы, киім киісі дейсің бе, өзі де, сөзі де әпкесінің дәл өзі... Шешесіне «анау керек, мынау керек» деп алғашқы әңгімесін айтып отырғанын құлағым шалып қалды... Ерсұлтан МАҒЖАН. ТАЛДЫҚОРҒАН.Етектің мұңы
Ертеден есін жиған етек едім, Қыздарды ар-ұятқа жетеледім. Мен төмен түскен сайын тобық жаққа, Беделін бойжеткеннің көтеремін. Қымтап ап сұлулықтың құпиясын, Мәңгілік қорғаштаумен өтер едім. Кең етек кездей емес бірақ қазір, Жағдайым нашарлады өте менің. Алқына аласарған күннен-күнге, Келемін күйін кешіп бетегенің. Кіндікке қарыс-қарыс жақындап ап, Ұяттан бетті басып жөтелемін. Қайтемін, амалым жоқ, айлам да жоқ, Ас қорытпай қиналған бөтегемін. Қыздардың етек-жеңін жаба алмаған Ойпырм-ай, мен неғылған бөтен едім?! Шырқырап, дауыс салып боздасам да, Кеселге осы біреу жете ме емім?! Бар-жоғы бір жапырақ жамаудаймын, Қаңғырып, бәрін тастап кетер едім... Бұдан да сорақы ғой, енді қайтем, Етектің абыройы шетелдегі... Қысқарып әбден бітті қоғамменен, Сүргенім өмір енді бекер менің. Ай қарап жүр ме дейсің осындайда, Етегі ұзын болған шешелерім! Қыздарын шолақ етек көріп, қолдан Түсіріп алмас па екен кеселерін?! Осылай менің жайым, уа, дариға, Үйде де, далада да, көшеде мұң... Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ. АЛМАТЫ.«...Қайран қалам»
Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Бұтына шортик киіп тайраңдаған, Осындай қыздарыңды көрмей кеткен, Не деген бақытты едің, қайран бабам. Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Тұмшалап бет-ауызын байлап алған. Көре алмай қыздарыңды араб болған, Кеттің-ау, арманда боп, қайран бабам. Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Қытайға тиіп алып сайраңдаған. Немерең құран оқып жоқтамаса, Кімдерге өкпелейсің, қайран бабам. Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Санасы адасудан ойрандалған. Қыз-қырқын, жігіт-жыртың боп кеткенін, Сезініп жатырсың-ау, қайран бабам. Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Намысын, қазақпын деп қайрамаған. Көріп қайт өз көзіңмен, десем егер, Тіріліп келер ме едің, қайран бабам. Мұхамбедия АХМЕТОВ. АЛМАТЫ. Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР *«Вокруг смеха» журналынан алынды.