08 Наурыз, 2014

Ата-ене шарапаты

741 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кирабаев-111 Қазақ өмірге келген баласына ақ тілегін бірер сөздің аясына сыйғызған ғой. Ол: «Алла бағыңды ашсын!» деп келеді. Бұл ұлға да, қызға да қатысты айтылады. Ұлдың бағы өз отбасында ашылса, қыздың бағы өзге ортада жанады. Осы тұрғыдан келгенде менің, әсіресе, ата-енем жағынан бағым жанып, бақытымды таптым дей аламын. Өйткені, мен бүкіл Қазақ еліне аттары мәшһүр Қирабаевтар әулетіне, нақтылай түссем атам – қазақ әдебиетінің қазіргі санаулы саңлақтарының бірі, әдебиеттанушы академик Серік Қирабаев пен көрнекті географ, ұлағатты педагог, Әлия Бейсенова отбасына 20 жасымда келін болып түстім. Ата-енемнің сүйікті ұлы Әділ керемет азамат еді. Әскери адам болатын. Тағдырдың жазуына не дерсің. Бар болғаны 11 жыл сыйластықта өмір кештік. Машина апатынан қайтыс болды. Артында Ержан, Санжар деген екі ұлы қалды. Қазір олар үлкен азамат дәрежесінде. Бірі халықаралық құқық мамандығын игерсе, екіншісі, Ұлттық қауіпсіздік академиясын бітірді. Екеуі де мемлекеттік қызметте. Менің бұл арадағы айтпағым, «Ата-енең жақсы болса, қызындай етіп өсіреді» деген қазақи қағи­даның растығына көз жеткізу. Келін болып түскен бір елдің қызы екінші жұртқа судай сіңіп, тастай батып кетуі оңай емес. Жақсы көрген жарыңмен бірге ата-енең, қаумалаған қауым қолтығыңнан демеп сөзіңді сөйлеп, барыңды асырып, сәл кемшілігіңді жасырып жатса, жүзің жарық, көңілің шат. Түртпекке түссең ісің ілгері баспайды, жан дүниең жадыраудан қалады. Қайтсем ананың көңілін табам, мынаның ойынан шығам деп жүрерің анық. Тәлейіме қарай қазақтың байтағындай ниеттері бар, көргендері көп, көңілге түйгендері мол екі асылым, ардақты ата-енем менің бетімнен қаққан емес. Ұзататын қыздай алақандарында ұстады. Өзім де алдарын қиып өтпедім, айтқандарын екі етпедім. Әкемдей болған атаммен, анамдай болған енеммен қатар, сол отбасының барлық үлкен-кішісін, әсіресе, енемнің шешесі ақыл-парасаты мол Рымбала апамды ерекше қадір тұттым. Ол кісіден қалған бір керемет үлгіні осы арада айта кетсем деймін. Күн сайын ертеңгісін тұрғанда бәрімізбен амандасатын. «Қалдарың қалай, жақсы тұрдыңдар ма?» дейтін. Біз бір шаңырақтың астында отырып, бұл кісінің мұнысы несі деп таңданыс білдірсек: «Е, жассыңдар ғой. Кейін мендей болғанда солай екен-ау дейсіңдер. Түн түнек қой. Одан таңертеңгі жарыққа жету бір ғанибет емес пе!? «Түннен таңға түгел жетейік» деген сөзді бұрынғылар бекер айтқан ба?» дейтін. Сол сөздің ақиқатына енді көз жетіп келеді. Мен мамандығыма қарай өмір бойы бала тәрбиесі саласында қыз­мет етіп келемін. Содан да шығар, әркез мейірімді болуға, ешкімнің көңілін жықпауға, айтқанын екі етпеуге, оң сөзді қабылдауға әзір жүремін. Мінезімде туралық бар. Ішімдегіні тауып ал демеймін. Осын­дай қасиеттерден бе, мені ата-енем өмір бойы қасынан шығармай, балапандай баулып, ақылдарын айтып, тура жолға салып келеді. Біз бір-бірімізді көрмесек, бір дас­тарқанда отырып шай ішпесек, көңіліміз алаң болып жүреді. Мен осы арада ардақты атамның мен туралы айтқан мына бір сөздерін дәйекке келтірсем деймін. «Келінім Шолпан жолдасынан жас­тай айырылып қалғанымен, балаларын бағып, біздің қасымыздан шыққан жоқ. Шешесі: «Қарағым, жас қалдың. Егер бір ойың болса, біз қарсы болмаймыз. Балаларды бізге қалдырып, жолыңды таба ғой. Батамызды береміз», деген екен. «Мама, екі бала мен сіздерді тастап қайда барамын. Не болса да сіздермен бірге көремін», деп қасымызда қалды. Сол үшін Шолпанға ризамыз. Қазір Шолпан Астанада қызмет етеді. Оған өзіміз жібердік. «Екі балаң сонда. Соларды үйлендір. Біз әзір тұғырдан түсіп отырған жоқпыз. Өз шайымызды өзіміз қайнатып ішетін шамамыз бар» – дедік», дейді киелім менің. Екі арысым әр күн сайын жағдайымды біліп, жақсы ісіме қуанып, тілектес болып отырады. Мысалы, 2013 жы­лы «Дарын» орталығынан халық­аралық, рес­публикалық білім олимпиа­далары мен ғылыми жобалар сайысына елімізден 967 оқушы қатысып, олардың 188-і алтын, 298-і күміс, 463-і қола медаль алды. Ал биылғы екі айдың ішінде өткен білім жарыстарына 596 талапкер қатысып, олардың 173-і алтын, 170-і күміс, 253-і қола медальға ие болды. Әрбір осындай ұжым жетістігіне менің ата-аналарым шын ниеттерімен қуанып, тілектерін айтып, бұл тәуелсіз Қазақ елінің қол жеткен жетістігі, шыққан биігі деп отырады. Мен осының бәрін ой-санамнан өткізген кезде, атам қазақтың мынандай бір қанатты сөзі есіме түсетіні бар. Ол қанатты сөз: «Қыз ақылды ескермес – ана үлгісін көрмесе, ұл жарылқап ас бермес – әке үлгісін көрмесе» деп келеді. Ендеше, менің бар жақсы тірлігім, ұрпақ тәрбиесіндегі атқарып жүрген жұмысым сол ата-анамдай болып кеткен ата-енемнің үлгі-өнегесі деп білемін. Шолпан ҚИРАБАЕВА, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры.  АСТАНА.