Қоғам • 24 Желтоқсан, 2021

«Елбасы жылуы» қайырымдылық акциясы басталды

518 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Елбасы жылуы» қайырымдылық акциясы аясында 800-ге жуық отбасына азық-түлік жиынтығымен қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Нұрсұлтан Назарбаев Қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Елбасы жылуы» қайырымдылық акциясы басталды

Жаңа жылдық акция 27-28 желтоқсан күндері Алматы облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және 29 желтоқсан күні Түркістан қаласында өтеді.

Қайырымдылық шарасы аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдауға бағытталған. Әрбір отбасы акция аясында Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен «Дегдар» гуманитарлық қорынан салмағы 120 кг азық-түлік алады. Азық-түлік жиынтықтарында ұн, картоп, түрлі жемістер, күріш, қарақұмық, шай, қант, күнбағыс майы және жаңа жылдық тәттілер бар.

«Біздің халқымыз әрқашан өзінің мейірімділігімен ерекшеленетін. Коронавирус пандемиясы біздің қоғамда мұқтаж адамдарға көмектесуге дайын адамдар көп екенін тағы бір рет көрсетті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша биыл біз «Елбасы жылуы» акциясын үшінші рет жүзеге асырып жатырмыз. Алдыңғы екі акцияны өткізудің арқасында еліміздің әр өңірінен 1300-ден астам отбасы көмекпен қамтылды», деді Нұрсұлтан Назарбаев қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.

«Дегдар» гуманитарлық қорының директоры Лаура Ахметова акцияның маңыздылығы туралы айта отырып, қазақстандықтарды қайырымдылыққа қатысуға шақырды.

«Біз серіктестерімізге, оның ішінде lider KZ еріктілер қозғалысының мүшелеріне акцияны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін ризамыз. Біз қазақстандықтарды келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймыз және барлық отандастарды көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсете отырып, жақсылық жасауға шақырамыз», деді ол өз сөзінде.