08 Наурыз, 2014

Әкім Гүлнұр

252 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
акимЖұрт арасында жылы лебізге лайықты адамның бірі – Гүлнұр Сәдуақасова. Ол 1991 жылы педа­гоги­калық институтты бітіріп бірден Завод орта мек­те­бі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне қабылданғанда-ақ көп назарын өзіне аударған. Бұл ел тарихындағы бетбұрысты әрі қиын-қыстау кезең екендігі белгілі. Осындайда жалынды жастардың жарқырап алға шығатыны ғанибет. Степногор қаласы өзіндік ерекшеліктері, тіпті, бөлекше ұстанымдары бар шаҺар десек болғандай. Сол ұстанымдардың, ашығырақ айтсақ, Мәскеуге тікелей бағынып келген жасырын қала менталитетінің сең-тоңдары да оңайлықпен бұзыла қоймағаны жасырын емес. Әсіресе, жасөспірімдердің бойына тәуелсіз Қазақ елінің асыл мұраттарын сіңіру маңызды мемлекеттік шаруа еді. Ел адындағы парыз бен қарыздың пәтуасын түсінген Гүлнұр қатарлы жастар сананы сілкінту шаруасында жан аямай, шаттанып та, шырқырап та жұмыс істегені көз алдымызда. Мектептің аты шыға бастады, құрметпен ауызға ілінетін болды. Бұрындары нашар атымен танымал Заводскойдың тіршілік ауаны түзеліп, үлгі аларлық қырлары көбейе бастады. Мектеп түлектерінің бәрі түгел демей-ақ қоялық, басым көпшілігі жоғары және орта оқу орындарына түскені де жыр етіп айтуға жарарлық еді. Қазіргі күні жергілікті тұрғындардың қолынан келмейді деген кеншілік, шахтерлік, құрылысшылық, инженерлік мамандықты ұршықтай үйірген азаматтар қатары қалыңдай түскен. Дүниенің тұтқасы тәрбиеде десек, Гүлнұр Әнуарбекқызының 14 жылдық ғұмыры Степногор қалалық білім бөлімінде өткені заңды құбылыс сияқты. Соның тең жартысында басшы қызметін атқарды. Степногордың білім мен зияткерлік бағыттағы сілкіністері көп тірлікке қозғау салғаны «жақсының жақсылығын айт» деген нақылды үнемі еске түсіреді. Облыста мектептер мен балалар бақшасын бәрінен көп салған да осы қала. Бұл игі істер Гүлнұр Сәдуақасованың қала әкімінің орынбасары лауазымын атқарған 2007-2013 жылдары ерекше екпінмен дамыды. Облыстағы бірден-бір моноқала дәрежесіндегі шаҺар барлық қырынан шырайланып тұр. Шырайлана беретініне де шәк келтіре алмайсыз. Мұны Гүлнұр жұлдызының жарқыраған тұстары десек болғандай. Қандай да мәдени-көпшілік, саяси, экономикалық тұрғыдағы шаралар осында өткізіліп, жинақталған жақсы тәжірибелер Қазақ елі көгін аралап кеткені қашан. Бір қарағанда, қаланың қызы Гүлнұр Сәдуақа­сованың былтыр Шортанды ауданы әкімінің сайлауына үміткер болып қатысқанына таңғалғандай күй кешкеніміз рас. Үнемі күлімсіреп, жылылық төгіп жүретін нәзік жанның қайрат қайнарларының ауқымы кеңи бастағанын түсіндік. Астанаға жақын аудан ауырлау еді, есесіне үш үміткер мықты көрінді. Гүлнұр жеңіп шықты. Әкім атанды. Жай ғана емес, Ақмола облысының тарихындағы тұңғыш әйел әкім атанды. Жылға толмайтын уақытта біршама жұмыс тындырылды. Оны тізбелеп жату міндет емес дегеннің өзінде, бүгінгі уақыт әр нәрсенің бағасын талап ететіні бар. Қазіргі күні мейлінше терең баға есепті кездесулерде беріледі. Біз биылғы ақпан айында сол жиналысқа қатысып едік. Аудандағы 50-ден астам ұлттың өкілі ортақ тіршіліктің ұйытқысы бола білгеніне «бәрекелді» деуіміз керек. Ауыл шаруашылығында 10,7 миллиард теңгенің жалпы өнімі өндірілген. Көрсеткіштің еселенуіне салаға құйылған мемлекеттік 365 миллион теңге қаржының әсері мол. Осының арқасында бір жылдың ішінде 1 миллиард теңгенің 38 жаңа комбайны мен 4 дән себу кешенін сатып алуға мүмкіндік туған. Барлық түлік бойынша мал басының өсуі 2,3 миллиард теңгенің өнімін өндіруге жол ашқан. Мұнда Елбасының Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы айрықша назарда ұсталады. Шортандылықтар 3400 тонна ет, 12600 тонна сүт дайындаса, соның дені Елорда дастарқанының сәнін ашқаны әкімнің баяндамасында қанағатпен атап өтілді. Ауданның барлық саладағы көрсеткіштері облыс деңгейінде ауызға ілініп жүргені рас. Өзіміз пресс-турларға қатысу барысында оны ашып көрсетуге тырыстық. Бізді аудан әкімінің ешқашан асып-таспайтыны, алдағы міндеттердің қатпарларын салмақтай білетіні, ең бастысы, адамдармен тіл табыса білетіні, жігерлендіріп жүретіні тәнті етеді. Көп сеніміне ие жанның көпсалалы жұмысының үйіріліп тұратыны осыдан болса керек. Бұл ауданда екі ауылдық округтің әкімдік тізгінін әйел азаматшалар ұстап отыр. Аудан басшысы бізбен қоштасарда солардың есімдерімен қатар, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы озаттарды, әлеуметтік саладағы әріптестерін, елге жанашыр «бизнес ледилерді», ардақты аналарды, қадірлі апа-сіңлілерін бас газетіміз арқылы құттықтауымызды өтінді. Біз де мереке мерейлі болсынымызды айтамыз. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Шортанды ауданы. Суретте: аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова.