Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2021

Ақтауда Әнес Төлендіұлының «Адай тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті

898 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

23 желтоқсан күні Ақтау қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  драматург, жазушы Сарай Әнес Төлендіұлының «Адай тарихы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтауда Әнес Төлендіұлының «Адай тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті

Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Алдымен облыс әкімі сөз сөйлеп, жиынға келген Әнес Төлендіұлының жұбайы прозаик, драматург, қоғам қайраткері Алтыншаш Қайыржанқызы Жағанова мен Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары, қоғам қайраткері Құлкенов Мереке Әбдешұлын таныстырды.а

«Бүгін біз мерейтой аясында ұйымдастырылып отырған еліміздің төл перзенті, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Барыс»  және  «Парасат» ордендерінің иегері, Әнес Сарай Төлендіұлы ағамыздың «Адай тарихы» кітабының тұсаукесер рәсіміне жиналып отырмыз.

Олай болса, баспадан жақында ғана шыққан, әлі сиясы да кеппеген көркем безендірілген мазмұнды кітаптың лентасын кесу мәртебесін ақын, сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Сайын Назарбек ағамызға және өлкетанушы, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Отыншы  Көшбайұлы ағамызға ұсынамын», деді облыс әкімі

Шараның негізгі бөлімі, яғни кітаптың тұсаукесерінен соң сөз кезегі О. Көшбайұлы мен М. Құлкеновке берілді. Сонымен қатар бүгінгі жиынға қатыса алмаған ел ағаларының бейнежазбасы көпшілікке көрсетілді.

Әнес Төлендіұлының ел тарихын, оның ішінде Маңғыстау тарихын зерттеуге қосқан үлесі зор. Ол қазақ тарихына қатысты бұрын айтылмай, айналысқа түспей жүрген ғылыми деректерді зерттеп, «Еділ-Жайық» трилогиясы, «Исатай мен Махамбет», «Асылдың сынығы», тағы да басқа әдеби еңбектерді жарыққа шығарды. Осы ретте аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы өңірдегі тарихи ескерткіштер бойынша Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Сармурзина Пәния Оңалбайқызына бірнеше тапсырма берді.

Әнес Төлендіұлы 1937 жылы Ресейде, Астрахан облысы, Володарский ауданы, Кірмалай ауылында туған. ҚазҰУ-ды бітірген. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында редактор, Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарған.

Бұған дейін жазушының «Мұнарлар шақырады» деген атпен алғашқы әңгімелер жинағы 1969 жылы жарық көрді. 1989 жылы орыс тілінде «Қараша айы келгенде» кітабы шықты. Ағамыздың «Қу тазша», «Ару Алматы», «Мұқым менің», «Аңсау», «Тымырсық» пьесаларын білеміз. «Біз – жастармыз», «Атаман Анненковтың күйреуі» фильмдерінің сценарийлерін жазған. Ағамыз «Еділ-Жайық» романы үшін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болған.