Руханият • 26 Желтоқсан, 2021

Аманжолдың мақамы

851 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Екейде елу бақсы, сексен ақын, гулейді жын соққандай кешке жақын» деді Жамбыл жырау. Аузымен құс тістеген Алатаудың Жамбылы болған соң арқасы қозып осылай демегенде ше?! Сол сексен ақыннан қара үзіп шығып, жыр алыбына айналарын сезген соң да айтты, бәлкім.

Аманжолдың мақамы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Биыл қазақ даласында жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығы дүркіреп аталып өтіп жатқанда, Арқада Аманжол Әлтай аға елуге толып, дабысы Алаш жұртына қоса естілді. Мұны неге айтты дерсіз?

Осыдан жүз жыл, тіпті мың жыл бұ­­рын «елу бақсы, сек­­сен ақыны» екі­леніп келсе, қа­зақ іші сол қасиетінен күні бү­гінге дейін танбағанын осы­дан-ақ аңдарға керек. Жүз, жүз елу жыл бұрынғы сарын мен ма­қам әр жердің топырағы мен таби­ғатына қарай түр­леніп, Сүйін­­байдан – Жамбылға, Жам­был­дан – Оразалы Досбосын, Айбек Қали, Аманжол Әлтайға, Аман­жол аға­дан – Мақсат Ақанға көшіп жүрген бір құдірет. Көзге көрінбейтін, қолмен ұстап болмайтын сәулелі көш тек саңылауы бар­лардың арқасына аруақ болып қон­­са керек. Хан алдында тайсалмай сөй­леген Жиембет жыраулардан Көтеш ақын­дарға, Те­зек төренің алдында тартынып қалмаған Сүйінбайдан Жамбыл­дар арқылы Аманжол Әлтайға жеткен қазақ өнерінің алтын тіні, алдаспан рухқа пара-пар дүние. «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің, есіл ер жазығы жоқ, неге өлтірдің?» деп батылы жетіп Көтеш айтпағанда кім айтыпты, әйтпесе?! Арқа­сынан аруақ тіреп тұр ғой. Жаттап алған екі ауыз сөзді оқып жеткізе алмайтын­дарды да көргенбіз талай. Тура сол сияқ­ты заманының заңғар жырауы Жам­был да екейдегі елу ақынның дарасы екендігін білген соң сыртынан қызық­тап тұрып айтқаны ма деп қаласың кейде.

Біз бұл жерде ол баста мақам туралы тегін айтпадық сөзіміздің ләмінде. Сірә, тәуелсіздік жыл­да­рындағы қазақ айтыс өне­рінде Аманжол Әлтайдың ақын­дығы өз алдына, мақамымен дара­ланға­ны­на ешкім қарсы уәж айта қоймас деген ойдамыз. Ке­йіннен күмбездердей күң­гір­­леген, теңіздей толқытып, се­леулі даладай тербелген ма­қа­­­мын қанша ақын салмады, қан­ша ақын қайталамады? Ауже­кең қолын қапаш-құпаш сермеп, домбыраны көміп-көміп жіберіп мақамына салғанда, дауыс ыңғайымен тыңдарман да тебіреніп отырған­дай болатын. Халықтың құлағына жа­ғып, жү­ре­гіне орнығып, көңіліне қон­ған­дығынан білем, өзінен кейінгі ақын­дардың көбі құмар болды бұл мақамға. Аманжол Әлтай­дың мақамына салып топ жарып, сол мақам арқылы халықтың жү­регінен орын алған айтыскерлер қаншама. Сөзіне де, өзіне де еліктеп өзін тапқандар бүгінде айтыс өнерінде жарқырап көрініп жүр. Демек, айтыс өнерінде қол­таңбасын қалдырғаны былай тұрсын, мектебін қалыптастырды деген сөз. Мың жерден дауылпаз, жүз жерден дарын болса да, екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ бұл. Қасымның жүз жыл­дық мерейтойындағы айтыс­та Мақ­сат Ақанов Қасымның әні­не салып, «Аманжол Әлтаевтың бауы­рымын» деп шыққаны есім­де. «Аманжо-ол» деп созып біраз тұрғанда, Қасымның әнін сал­ғалы жатыр екен деп ойлап қал­ғанбыз. Қыз бен жігіт айты­сының қылабы Мақсат дүние­жүзілік көш­пенділер ойындарында өткен халықаралық айтыста бас жүлде алғанын да ұмыта қойған жоқпыз.

Ақын қолына домбыра алып, халық­тың сөзін айтарға ел алдына шық­ты екен, өзіне тән сөз мәнері мен жеке мақамын қалып­тастыруға тиіс. Және ондай же­тістікке кез келген айтыс­кер­дің қолы жете бермесі тағы анық. Мұны жыр алыбы Жамбыл да айтқан кезінде. Алғашында өлең­ді ел ішіндегі мақамдардың әуе­німен суырып салып жүргенін жеткізеді ақын. Басында тіпті Сү­йінбайға еліктегенін айтады. Кейін Сүйінбаймен кездескенде атайы ақын Жамбылдың өнеріне сүйсініп, жол сілтеп, батасын бергені белгілі. Сонда Сүйінбай жас ақынға өз мақамың болуы керек деген сыңайда бағыт та көр­сетеді. Өлең-жырмен өмір сүре келе бір күндері Жамбыл өз ішінен әлдебір үн тауып, енді жырларын соған салып айта бастағанын еске алады бір есте­лік сөзінде. «Ел арасында үнім зора­йып, соған қосып айтқан сөзіме ха­лық та көбірек ұйи бас­тады» дейді ақын. Біздіңше бұл – Жамбылдың өзін тапқаны, кемеліне келген шағы болса керек. Дәл осындай ойды Аманжол аға да айтып қалды мақам туралы бір сөзінде. «Әр өңірдің өзінің дәстүрі бар. Шамамыз келгенше сол бабаларымыздың дәстүрін бұзып алмай, дамытуға тиістіміз деп ойлаймын. Ақынның өзіне тән төл мақа­мы тұрғысынан айтам мұны. Бұ­рынғы ақындар­­дың қайсысын алсаңыз да өз­дері­нің төл мақамы бар. Әлгі ма­қам естілгенде оны салған ақын көз алдыңызға келеді. Сондықтан мен осы мақамды табу жолында көп іздендім. Маған бұл мақам бірден келе қойды деп айта алмаймын. Бірде Қонысбайдың мақамына салып, бірде батыс әуендерінің сарынымен айтысып бастағанымыз ақиқат. Сөйтіп жүріп өз мақамымды тауып алдым. Қазіргі ақындардың 60-70 пайызы менің мақамыма салып айтысатыны белгілі. Бір айтыста «алпыс ақын салғанда мақамыма, атым кісінегендей елеңдеймін» дегенім есімде» деп­ті ақын. Жамбылмен арада жүз, жүз елу жыл уақыт өтсе де қалай-қалай қиысқан, ә, ойлары бір-бірімен?! Ғасырдан ғасырға көшкен қазақ сарыны мен мақамы өлмесін, ендеше.